Басты ақпаратИмантаразы

Нұрлан Байжігітұлы: «Ата дінімізді көтеріп, ата салтымызды жаңғыртайық»

Тәуелсіздік тарихында алғаш рет небәрі 14 жасында мешіт басқарған жалғыз имам. Содан бері ондаған жыл ішінде дәстүрлі дініміз бен салт-санамызды ұштастыра халыққа діни ағартушылық және ұлттық тәлім-тәрбиені насихаттау жолында табанды еңбек етіп келе жатса да, оның атағы қырықтан асқан шағында TikTok әлеуметтік желісі арқылы дүйім елге танылды. Астанадағы «Алланың гүлі» деген ­атауы бар Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы, дінтанушы Нұрлан ­Байжігітұлының жаңа заман машығына бейімделіп, ақпарат дәуірінің артықшылығын меңгерудегі басты көздегені – жат ағымның жетегінде кетуге бейім жастардың ой-санасын дұрыстау, ұлттық отбасы институтын дәріптеу.

– Нұрлан Байжігітұлы, қазіргі елдегі діни ахуалды қалай бағалайсыз? Радикалды топтарға қарсы күрес жұмысы күшейді, қазір бәрі тұрақты, дегенмен олар тек қатаң бақылаудың күшімен ғана басылып тұр ма, әлде адасқандардың таным-түсінігі дұрыс бағытқа өзгерді ме?

– Құдайға шүкір, еліміздегі діни ахуал бүгінгі таңда тұрақты деп айта аламын. «Күштің аты – күш», Үкімет тарапынан радикалды топтарға жүргізілген жұмыстың әсері қанша дегенмен білінеді. Алайда оларды қатаң бақы­лаудан босатпау керек. Себебі тамырының тереңге кетуіне, біріншіден, олар дер кезінде бақылауға алынбады, екіншіден, уақыт жағынан ұтылдық, үшіншіден, оларға заң аясында қатаң шаралар қолданылмады. Тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты әрбір аймақтың жергілікті өкіл имамдары дабыл қаққанмен, үнімізді естірте алмаған кезіміз, тіпті жеңілген сәтіміз де болды. Оның себептері де, себепкерлері де белгілі, олардан асып түсе алмадық, бірақ олардың атын атап, түсін түстеудің бүгінде қажеті жоқ. Бәлкім, дер кезінде қолға қамшыны алып, қой қа­йырғандай әу бастан «әйт, шуға» басқанда, бүгінгідей қатары көбеймес пе еді деген ойлар да мазалайды. Ке­йін болары болып, бояуы сіңгенде ғана «әттеген-ай» деп әрекетке көшіп, салдарымен күресіп кеттік. Дегенмен «Қой ақсағымен жүз» демекші, барымызды түгендегеніміз дұрыс болар. Ал адасушы жамағаттың әзірге буы басылғанмен, бағыттары бірден өзгерді деп айту қиын. Әлі де жасырын, яғни астыртын жұмыс жүргізіп жатуы әбден мүмкін. Өйткені күш алып бастағанға дейін, бір кездері үй-үйлерге шоғырланып, топ болып жиналып, теріс ағымды насихаттау арқылы басындағы баспанасына дейін сатып, бауырларын тастап, ата-­анасын шырылдатып тұрып Сирияға жол тартқандар болған. Әлі есімде, Ақтөбенің «Нұр-ғасыр» мешітінде қызметтемін, сонда жұма сайын әркімге қолын созып: «Руслан баламды көргендерің бар ма?» деп ел асып кеткен баласын іздеген қарт апаның кейпі бүгінге дейін көз алдымда. Кейде «сол кейуана мен баласы Руслан тірі ме екен?» деген ойға қаламын. Сондықтан бақылау­дың күші ешқашан азаймауы керек. Одан кейінгі бір мәселе, жүрекке енгізген сеніміне адал болса, соған қарай бағытынан қайтуы да қиын болады. Бізге алдымен уақыт, сосын білім, артынша сабыр керек, содан кейін психологиялық тұрғыда қалыптасқан мінезбен жұмыс жасау керек.

– 14 жаста бір мешітке бас имам болу деген – ерекше жағдай. Көл-көсір білімді мектеп бермегені белгілі, ілім мен шешендік нағашыларыңыздан қанмен дарыған ба, әлде туғаннан бастап құлаққа құйған ата-әжеңіз немесе басқа жандардың ықпалы болды ма?

– Бірінші, Құдайдың берген қасиеті деп білем, өйткені зерек болдым. Ал зеректік деген – ол дара қасиет, яғни адамда ақыл-ойдың ұшқырлығы, сезімталдық, ой жылдамдығы басым болады. Мектепті де, медресені де, университетті де үздік оқыдым, өйткені еске сақтау қабілетім жоғары болды. Соған қарай ілімнен де, білімнен де қиналмадым. Оның үстіне, балалық қылықтар бар, еркелік, балалық бұзықтық дегендей, өз заманының Қожасы болдым деп айта аламын. Одан кейін маған ықпал еткені – қазақи орта, яғни үйде ата-әжемнің тәрбиесі, діндар нағашыларымның жетегі. Сыртта мешіт ақсақалдарының өсиеті, яғни намаз арасында шеңберлете малдас құрып отыратын қарт кісілердің ортасында болдым. Солардың айтқан әрбір сөзін, ақыл-кеңесін, қиссасын естіп өстім. Әрі ол кезеңде ТМД елдері бойынша жалғыз ­медресе – туған жерім Меркіде салынды. Кірпішінің қалануынан бастап тұрғызылуына, жан-жақтан жиналатын балаларды дәріспен, жатын орын, тамақпен қамтамасыз етілуіне марқұм нағашы атам мен алғашқы ұстазымның еңбегі зор болды.

– Тікелей эфирдегі сұ­рақ-жауапта ұстанымыңыз айқын көрінеді, яғни қазақы отбасы институтын сақтау, ата-баба салған дәстүрлі жолды бағыттау басым. Осы ретте елді сөзіңізбен үйіріп әкетуде сізге өмірлік тәжірибеңіз қаншалықты септік етеді?

Бертіндегі аталар заманында ажырасу сирек болды, тіпті мүлдем болмады десек болады. Неге? Өйткені оларда Құдайдан қорқатын иман болды. Күнделікті өмірін бірқалыппен жүргізетін салты мен дәстүрі болды. Содан кейін отбасында, әулетте, руда, ауылда, аймақта тәртіп болды. Атасы данагөй, әжесі ақылгөй, әке сақшы, ана күзетші болды

– Елмен қарым-қатынасқа түсу жеңіл болмаса, қиынға соқпады. Әрі жүрегім қазақ деп соқса, қазақы ортадан шықсам, неге қиналуым керек? Жоғарыда айтып өткенімдей, мен бір ғана атаның тәрбиесімен емес, бүтіндей ауыл ақсақалдарының ордасынан шықтым. Одан кейін Құдай берген тіл бар, арқа бар, қасиет бар дегендей, көзбен көргенді құлақпен естідім деп өтірік айту, біреуге жағымпаздану, жағыну, мүләйімсу дегенді білмеймін. Тіке бетке айтамын, кесіп айтамын, қатты айтамын, тәтті айтамын, бірақ барды бар, жоқты жоқ деймін. Сол үшін өмірде талай таяқ жедім де, бірақ берілмедім. Өйткені аққа Құдай жақ, сүрінсем демейтін, құласам көтеретін Құдайымның барына сенімім мол болды. Әрі 30 жылға жуық қызметімде ел арасында жүріп, біршама көрген-түйгенім бар, аталардың институтынан өткенім бар. Көп нәрсені орта береді, көпшілік береді. Көптің ортасында жүре берсең, көре береді екенсің. Соған қарай жүрегіме жүк болғанды аузыма сөз еттім, Алланың ақ дінін салтымызбен жеткізу мақсатым болды, тіпті жеткіздім деп айта аламын. Бастысы, аталардың берген адамшылығын, қазақылығын, салт-санамды, дәстүрімді алға қоюды ұмытпадым.

– Әлеуметтік желідегі әңгімеңізді тек сізді көргісі келетіндер, яғни ұлттық тәрбиеден ажырай қоймағандар ғана көріп, басқа пиғылдағыларға сөзіңіз жетпейді деп ойламайсыз ба?

– Бастапқыда әлеуметтік парақшама тіркелместен сырт­тай әрбір эфирімді үзбей тыңдап, әр сөзімді қадағалап, бақылауға алған әріптес­терім де, мешіт жамағаты да, ағымдағылар да, теріс пиғылдағылар да болды. Оны ішінара өзім біліп, сезіп, көріп жүрдім. Әсіресе қойылған діни сауатты сұрақтардан, жазылған агрессивті пікірлерден байқадым. Тіпті айтқан әрбір сөзім жүректің сүзгісінен өтіп, соған қарай сөзімнің жүретінін, құлақ асатынын, құптайтынын, қолдайтынын білдім. Алайда мақсатым басқа еді, яғни әлеуметтік желідегі басқа дін ұстаздары сияқты елден бөлектеніп, дараланып, оқшауланып, мешіт жамағатындай, желіде діни жамағатты құру емес еді. Менің көздегенім – халық және оның көңіл күйі мен мұңы болды. Өйткені 30 жыл бойы мешітте қамалып қалғаныма өкіндім, халықтың арасына етене кірмегеніме, елдің ортасында жүрмегеніме өкіндім. Тек құдайы ас пен жаназаға ғана барып, халыққа аз уақыт бөлгеніме налыдым. Теріс пиғылдағылармен қоса, мені білімсіз санайтын, менсінбейтін, ұнатпайтындар, көре алмайтындар, қызғанатындар «тыңдамайды екен» деп жаным түк қиналмайды. «Жаратқан адамды адастырса, оны түзетер жан болмас. Ал Тәңір оны түзесе, шатастырар жын болмас» демекші, қолымнан келгенше қызметімнің 25 жылын соларға арнадым. Алайда халық өз бетімен бір беткейде қалып қойды. Сондықтан маған халық керек және халыққа жақын болғым келеді.

– «Адам тілінен табады, ниетіне, сөзіне қарай өміріне өзгеріс әкеледі» деген пікір айттыңыз. Ниет пен сөз, тілді қалай түзеуге болады, қиналған кезде ниет бұзылып, адам бағытынан жаңылмас үшін не істеу керек?

– «Жүрек – патша. Ағзалар – оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» немесе «Жүрек – қазан, тіл – шөміш, жүректе не бар, тіл соны алып шығады» дегенді бабаларымыз айтса, ислам ғұламалары бір сөзбен «Ниет­тің мекені – жүрек» дейді. Әлемнің жоспары жүректе құрылғанмен, мәселесі ниетпен жүзеге асады, яғни жүрек – ниеттің қазығы. Жүрек тоқтаса, өмір де тоқтайды. Сондықтан кеудедегі жұдырықтай жүрекке ие болу керек. Ол шаң басқан қараңғы үйге айналмау керек. Кірленген шүберек күйге түспеу керек. Үнемі иманмен қуатталып отыру керек. Сонда ғана айналасына нұрын шашып, адамды бақытқа бөлейді, яғни ниет түзеледі, тіл тазарады, сөз дұ­рысталады.

– Сүзгісіз, шексіз ақпарат айдынында елдің көбі жақсы менен жаманды ажырата алмай санасына бәрін сіңіруде. Жарқ-жұрқ еткен әлемнің арбауымен бірінен-бірі озсам деген қыз-келіншектер мен ер-азаматтар дер кезінде тұрмыс құру немесе үйлену, некелі жар атану, бала сүю, отбасы ұйытқысын сақтау деген ұғымдардан алшақ­тауда. Мемлекет деңгейінде осыған қарсы істеліп жатқан жобалар аз емес. Дегенмен көбінің соған ырық бермеуі неден, жалпы осы бағытта не істеуге болады деп санайсыз?

– Білесіз бе, бізге үнемі біреу кінәлі немесе бірдеңе сылтау. Әлбетте, кезінде теріс саясаттың ықпалы болды. Алайда ол заман өтіп, өмірімізден кетті. Содан бері ордалы 30 жыл өтті, не тындырдық? Артымызға қарасақ, сіз айтқан шым- шытырықтар ғана. Құранда «Расында, қандай да бір қауым өз ішінде өзгермейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді…» деген Кәләмда аят бар. Мысалы, «Қазақтың тойы бітпесін!» деп ұрандатып, 30 жыл бойы секіріп, биледік. Сорымызға қарай, Құдай той мен тойхананы үсті-үстіне үйіп-төгіп берді. Ал «Білім мен ғылымға ұмтылайық!» дегенді естідік пе? Құдайдың қалауы десе сенбейсіздер, кешегі пандемия болмаса, әлі де шегірткеше жүре беретін едік. Енді ес жиған кезде кім кінәлі – Үкімет кінәлі, дін кінәлі, қала берді имам-молдалар кінәлі. Бәрін айт та, бірін айт, екі-үш мәселесін ғана айтып өтейін, яғни бізде дін мен дәстүр, содан ке­йін тәртіп жоқ. Неліктен «Жеті жарғының» иесі Тәуке ханымыз кезінде дала заңына шариғаттың қатал заңдарын енгізіп, қазақтың ортақ дәстүрін қалыптастырды? Өйткені сол кезде үш жүздің басы ыдырай бастады. Әрбір ру салтын тықпалап, жүзге бөлінетіндер жан-жаққа тартқылап, бір-бірімен қырқыса бастады. Бертіндегі аталар заманын алайық. Ол кезде ажырасу сирек болды, тіпті мүлдем бол­мады десек болады. Неге? Өйт­кені оларда Құдайдан қорқатын иман болды. Күнделікті өмірін бірқалыппен жүргізетін салты мен дәстүрі болды. Содан кейін отбасында, әулетте, руда, ауылда, аймақта тәртіп болды. Атасы данагөй, әжесі ақылгөй, әке сақшы, ана күзетші болды. Қазір бәрінің орны ауысып кеткен, шетінен ақылды. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Сондықтан ата дінімізді көтеріп, ата салты­мызды жаңғырта отырып, елімізге тәртіп орнату керек. Дінсіз адам сәл жел тұрса құлап қала беретін діңгегі бос ағашпен тең. Бүгінгі адамдар діннен алыс болғаннан кейін көп өзгеріске ұшыраған, рухани әлсіз, өмірден шаршау, рухани тоқырау бар. Оларға иман тұрғысында айта беру аздық етті, яғни рухын тазалау мен емдеу қиынға соқты. Сол үшін жанына жақындау керек болды, жете түсінсін деп психологияны меңгердім, әлі де жалғастыруым керек. Оның үстіне, жылдар бойы жиналған азды-көпті тәжірибем бар. Оны әрдайым жетілдіру үстіндемін.

– Астанадағы «Алланың гүлі» мешітіне бас имам болып келгелі елорда жамағатынан нендей ерекшелік байқадыңыз? Бұл мешітте қандай да бір мәселелер бо­йынша құлшына кіріскен ­жұмыстарыңыз болды ма?

– Елорда жамағаты мені өте жақсы деңгейде күтіп, қарсы алды. Ешбір теріс қылығын көрсетпеді. Әлі күнге дейін есігімді тықылдатып, жай ғана амандық сұрасатындар, іздеп келетіндердің қарасы, Құдайға шүкір, бар. Сұрақ-сауалына шамам келгенше, уақытым жеткенше жауап беремін. Кейде қатты шаршайтын кездерім болады, кейде жауап беруге мүмкіндік болмай жатады, кейде уақытым тығыз болады. Сонда да жамағаттың көңілі мен үшін қымбат. Тындырған ісім көп деп айта алмаймын. Жалпы мешіттің жағдайы жаман емес. Ішкі-­сыртқы тазалығына қатаң көңіл бөлеміз. Мешіт айналасына төселген жер кірпіштер ескіргендіктен, түгелімен жаңарып, қайта төселді. Астанада пәтер жалдап, тапқан-таянғанын пәтер иесіне беріп келе жатқан қаншама дін қызметкері бар. Соларды қуантқым келді де, Астана қаласы бо­йынша қыз­мет атқарып жатқан барлық дін қызметкеріне азық-түлігі мен жеміс-жидегі салынған 500 қорап үлестіріп бердім. Мешітімізде бірнеше жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан, пәтерден-­пәтерге алты бала-шағасымен көшіп-қонып жүрген ұстаз бауырымыз­ға «Харекет» қайырымдылық қорынан үш бөлмелі пәтердің берілуіне күш салдым. Жамағаттың жалпы жағдайы әрдайым көңілімнің ұшында тұрады. Яғни мешітке көлікпен келушілердің қатары көп екенін байқадым. Оның ішінде соңғы үлгідегі көліктерге арналған электрмен қуаттан­дыру құрал-жабдығының мешіт жанынан орын алуын қаладым және орнатылды да.

– Құрбан айт мерекесін тойлауда жөн-жоралғы бо­йынша халықтың көп сұрайтын сұрағы қандай?

– Бұқаралық ақпарат құралдары жарияласа да, ең көп қо­йылатын сұрақтар «Құрбан айт неше күн?», «Шекті қай күні береміз?», «Оразаны қай күні тұтамыз?», «Әйел адам мал шалуға бола ма?», «Аруақтардың атынан мал шалуға бола ма?» және «Мешіттен құрбан еті беріле ме? Соңғы сұрақ өте жиі қойылады.

– АҚШ сапарынан қандай маңызды ой түйіп қайттыңыз?

– Американың көп жері бізге келе бермейді, тіпті мүлдем ұқсамайды, көп жағынан дамыған ел. Сондықтан болар, мұхит асып, мыңдаған шақырымды артқа қалдыр­ғанда, бәрібір алтын асықтай елімді, кең-байтақ жерімді, халқымның дархан көңілін, қазағымның аппақ жүрегін, тіпті даламның көкорай шөбі мен жусанына дейін сағындым. Әрине, кейбір шарықтап, дамып кеткен тұсын, озық технология­сын көргенде миымда «бізде неге ондай жоқ?» деген «жарылыс» болады. Сонымен бірге сонда тұрып жатқан, кәсіп етіп, білім алып жатқан өрендерімізбен кездестім. Отанға деген сағынышын бастым. Жаңа леп беруге тырыстым. Елге қайту шырағын тұтаттым.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button