Мәдениет

Өмірден ­өрнектелген

Астанада журналист Баян Бұлғақбаеваның «Қайта оралмас өмір» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Баян Құрмантайқызы ұзақ жыл Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ театрының әдебиет бөлімінде еңбек етті. Қазір бас қалада тұрады.

Баян Бұлғақбаеваның (лақап аты Баянды Әлпи) «Қайта оралмас өмір» кітабы өзі өмір сүріп отырған жылдардағы жанындағы құрбы-достарының, туысқандарының басынан өткен, яғни өмірде болған оқиғалар желісімен жазылған әңгімелер мен новеллалардан тұрады, эсселері де бар. Бір ерекшелігі, өзі екі тілде бірдей жазатын қаламгер.

Шығармашыл жанның бұған дейін бірнеше кітабы жарық көрген. «Тамшы», «Жаным менің ақын ба?» өлеңдер топтамасы – ата-анасы мен туған жерге, табиғатқа, ал «Жүрек сыры» повесі жас­тайынан жетім қалған еңбек адамына арналған.

Тұсауы кесілген кітапта ерекше әсер қалдырған «Бір кем дүние», «Жан досым» әңгімелері – өмірден алынған көркем дүниелер. Автордың сол сияқты Дінмұхамед Қонаев­пен, Шыңғыс Айтматовпен кездесуі, басқа да өнер тарландары туралы естелігі өте жылы жазылған. Журналист Алматыда Жазушылар одағында қызмет істеп жүргенде атақты ақын-жазушыларымыз Ғабит Мүсірепов, сол жылдардағы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Әди Шәріпов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Сәбит Мұқанов пен Бауыржан Момышұлы турасында естеліктер жазған. Керемет оймен қағаз бетіне түскен Мұқағали Мақатаев жайлы әңгімесі де әсерлі шыққан. Қорыта айтқанда, Баянды Әлпидің «Қайта оралмас өмір» атты әңгімелер жинағы – айналамызда жүрген адамдардың тағдыры. Әркім өзіне ұқсас адамдарды осындағы әңгімелерден табады. Кітаптың тілі көркем, жатық, оқуға жеңіл.

Ғалия БАЛТАБАЙ,

«Құрмет» орденді ­журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button