Қоғам

Өмірден өтсе де, көңілден кетпейді



Қазақ поэзиясына нәзіктік пен биязылық әкелген Марфуға ­Бектемірова туған жерін сүйді, кербез де сұлу Көкшетауды, жер жәннаты Бурабайды, асқақ Оқжетпесті, тылсым Жұмбақтасты, суы мөп-мөлдір Айнакөлді жырға қосты. Сосын да елін сүйген перзентін жерлестері ұмытпай, қадірлейді. Ақмола облысындағы Бурабай ауданының орталығы Щучье қаласындағы бір көшеге ақын есімінің берілуі – соның жарқын айғағы. 

Қаладағы жоғары педагогикалық колледждің мәжіліс залында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Марфуға Бектемірова көшесінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Бурабай аудандық, қалалық әкімдіктің қызметкерлері, ардагерлер, мұғалімдер, Көкшетау, Астана қалаларынан келген ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері қатысты.

– Халқымызға адал қызмет етіп, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытуға зор еңбек сіңірген қайраткерлеріміздің, асылдарымыздың еңбегін біз ешқашан ұмытпай, есте сақтауымыз керек. Бұл өскелең ұрпақты патриоттық рухқа, адамгершілікке, мейі­рімділікке, жақсылыққа тәрбиелеу­ге көмектеседі. Қаламыздағы бір көшенің талантты ақын Марфуға Бектемірова есімімен аталуының өзі  заман мен ұрпақтың ажырамас байланысын тағы бір мәрте көрсетеді. Ақын өмірден ерте кетсе де, өзінің ойшыл да жақұт жырларымен халық жадында мәңгілік сақталады деп сенемін, – деді Щучье қаласының әкімі Асхат Мұхамеджанов.

Енді Бурабай ауданының орталығы Щучье қаласындағы бұрынғы Емельян Пугачев көшесі Марфуға Бектемірова есімімен аталады. Бұл көше шаһардың бір шетіндегі Көкшетау тауының етегінен басталып, вокзалға дейін ұзыннан ұзақ созылып жатыр.

Жиында ақынның жары, жазушы Есенгелді Сүйінов осы іс-шараны ойдағыдай өткізуге белсене атсалысқандарға отбасы, туған-туысқандар атынан алғыс айтты.  Іс-шарада Марфуға Бектемірованың сыршыл өлеңдері оқылды, сөзіне жазылған және төл әсем әндері орындалды. «Жан-дүниемнің жаңғырығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ақерке БАЗАРҒАЛИЕВА,

Л.Гумилев атындағы ­университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button