Денсаулық

Өміріңді ұзартып, қуат берген…

Дәрігер – жауапты мамандық. Әсіресе ел басына күн туған пандемия кезінде ақ халатты абзал жандардың көтерген жүгі жеңіл болмады. «Жанарыңды сөндірмей шырақ берген, өміріңді ұзартып қуат берген» дәрігерлердің еңбегін дәріптеу, мереке қарсаңында алғыс айту артық етпейді.

Барлық сала сияқты медицина саласында да қиындықтар мен жетістіктер қатар жүреді. Уақыт талабына сай ауруды дер кезінде анықтайтын ­диагностика құрылғыларының жетіспеуі, аурухана мен емханадағы сарыла кезек күту, ауруханаға жатып емделудің қиындығы, дәрі-дәрмектің қымбаттауы секілді мәселелер барын жоққа шығара алмаймыз. Шетел тәжірибесін орынды-орынсыз тықпалаудан медицина саласын басқару жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырап, жұртшылықтың наразылығын тудырды. Дегенмен қазіргі таңда ол олқылықтардың орны толып, ізгі қадамдар қолға алынды.

Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің «Ардагерлердің денсаулығын қорғау» тұрақты комиссиясының төрағасы, профессор В.Шварц үнемі ардагерлердің хал-ахуалын комиссия назарында ұстап, қала емханаларында геронтология кабинетіне қыз­мет көрсету жөніндегі бағдарламаның орындауын үнемі бақылайды.

Бүгінде елордада халық тығыз орналасқан аудандарда емханалар ашылуда. Соның бірі – «Емхана City» қызмет көрсету орталығы. Ашылғанына аз уақыт болса да, 90 мыңға жуық адам тіркелген. Қаланың 5 фи­лиалында 56 дәрігер бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда түрлі ультрадыбыс құрылғылары: рентген, флюорография, эндоскопия, компьютерлік томография бар. Невролог, эндокринолог, кардиолог, ревматолог, травматолог, хирург, онколог, гастроэнтеролог сияқты дәрігерлер мен тәжірибелі медбикелер емделушілерге қызмет көрсетеді. Күндізгі стационар, оңалту бөлімі, амбулаториялық хирургия, емдік массаж секілді қосымша емдеу қызметтері қолжетімді. Жасы келген егде адамдар, зейнеткерлер, жүріп-тұруы қиын топтағылар кезек күтіп шаршамауы үшін белгіленген ереже бар. Арнайы учаскелік дәрігер ондай адамдардың үйіне барып, тиісті ем-дом жасайды. Есепте тұратындарға тегін дәрілер беріледі. Белгілі бір маманға тіркелу үшін көп күттірмеудің жолы қарастырылған. Қазіргі зейнеткерлер Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына барып, пайдалы іспен шұғылданады.

Емхананың бас дәрігері Әйгерім Оспанова – жас болса да, білікті басшы. Емхананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Сайлауқызы, ұйымдастыру-үйлестіру жұмысын жетік білетін Илья Широков, бөлім меңгерушілері Гүлзат Қалдыбекова, Жангүл Аликеева, дәрігер-уролог Сәрсен Доғамбеков, бас мейірбике Сәуле Тежекенева, мейірбике Күләш Төкенова, рентген-лаборант, фельдшер Қарабай Альмухаммедали, эксперт Ғалия Әбдироманова секілді дәрігерлерге ардагерлер атынан алғыс айтамыз.

Қарлығаш ҚҰСПАНОВА,

Астана қалалық
Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button