Мәдениет

Өнер байқауына шақырады

Бас қалада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылығына арналған I халықаралық вокалдық өнер байқауы өтті. Айтулы өнер додасына әлемнің түкпір-түкпірінен талантты жастар бағын сынауға келді. Байқауды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ұйымдастырды.

Жаһандану дәуірінде заманауи отандық мәдениетті ілгерілету, ұлттық вокалдық мектептің дәстүрлерін сақтау, дамыту және арттыруды мақсат еткен байқауға 20-35 жас аралығындағы әлемнің кез келген елінің кәсіби вокалмен ән айтатын өнерпаздар қатысты.

Талантты жастардың жолын ашатын байқау жеңімпаздары опера театрларында өнер көрсетіп, үлкен сахнада алғашқы қадамын жасайды, жеке орындаушылық ерекшелігін, музыкалық және әртістік қабілетін шыңдауға мүмкіндік алады. Байқаудың қазылар алқасы әлемдік классикадағы кәсібилігі жоғары және көрнекті сахна шеберлерінен құралған.

Байқау кезеңдері Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық және концерт залдарында өтті. Өнер додасы аясында қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік сабақтары жоспарланған.

Нұржамал Үсенбаеваның I халықаралық вокалдық өнер байқауы 2024 жылғы 4 маусымда жеңімпаздар мен қазылар алқасы қатысатын салтанатты Гала-концертпен аяқталды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 13 200 000 теңге болса, оның ішінде Гран-при жүлдесі 5 миллион теңгені құрады.

Мыңнан жүйрік шыққан жеңімпаздар – байқаудың лауреаттары мен дипломанттары «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының арнайы сыйлығына ие болды, яғни үздік танылғандар К.Байсейітова атындағы камералық залдың сахнасында 2024 жылғы 5 маусымда үлкен сахнада өнер көрсетеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button