ӘлеуметБасты ақпарат

Өңірлік үстемеақыны қайтарайық!

Алаңдатарлық мәселенің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының саны азайып барады. Статистика деректеріне үңілсек, жыл сайын осы өңірден 40 мыңға жуық адам көршілес Ресей Федерациясына қоныс аударады. Социологтардың алдын ала жасаған болжамы бойынша 2040-2050 жылдарға қарай аталған аймақтағы халықтың саны 1 миллионға дейін азаюы мүмкін.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін әр жылдардағы халық санының кемуін салыстырып көрсетейік. Мәселен, 1989 жылғы санақ бойынша Солтүстік Қазақстан облысы халқының саны 921416 адам болса, 1999 жылы санақта – 725980 адамға азайған, ал 2003 жылғы санақ бойынша – 682148 адамға кеміген. Осылайша, халық санының азаюы жалғаса береді.

Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі солтүстік облыстардағы халық санының кемуіне қатысты мынадай ресми ақпарат жариялады: «Халық саны барынша азайған өңірлер қатарына Солтүстік Қазақстан (-22,1 пайыз), Қостанай (-9,7 пайыз) облыстары кіреді». Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2024 жылғы 1 сәуірге Солтүстік Қазақстан облысындағы халық саны 527,5 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 258,5 мың адам (49%), ауылдықтар – 269 мың адам (51%). Халықтың табиғи кемуі 2024 жылғы қаңтар-наурызда -319 адамды құраған (өткен жылдың сәйкес кезеңінде – -184 адам).

Жуырда өзекті мәселеге қатысты Солтүстік Қазақстан облысынан Мәжіліске депутат болып сайланған Дмитрий Колода мен Еркебұлан Мәмбетов Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, мәселені оң шешудің нақты жолдарын ұсынды. Осы орайда Дмитрий Колодамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Дмитрий Владимирович, еліміздегі ең кішкентай облыс тұрғындарының жалақысы да ең соңғы орында тұр. Жан бағуға әзер жететін мұндай жалақымен адамның өмір сүру сапасы қалай жақсарады? Халықтың өңірден үдере көшіп жатқанының бір себебі де осы емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының өмір сапасын жақсарту туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдадық. Себебі мұндағы климаттық жағдайлар, қалыптас­қан әлеуметтік, коммуналдық, жол инфрақұрылымдары тұрғындардың қалыпты өмір сүруіне талаптағыдай жағдай тудырып отырған жоқ. Мысалы, өңірде қысқы жылыту маусымы 7 айдан астам уақытқа созылады. Ал өте қысқа жаз маусымында егіншілікпен, мал шаруашылығымен толық айналысуға, жем-шөп қорын молынан дайындауға мүмкіндік аз. Бұл өңірге тиісті деңгейде газ тартылмаған. Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жайы, жолдардың сапасы сын көтермейді. Мұның бәрі өмір сапасын жақсартуға қомақты қаржыны қажет етері сөзсіз. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысы орташа айлық жалақы көрсеткіші бойынша рес­публикада ең соңғы орында тұр. Көші-қонның теріс сальдосы салдарынан халықтың табиғи азаюы көп жыл бойы жалғасып келеді. Оның ақыры білікті кадрлардың тапшылығына, көрсетілетін қызметтер сапасының нашарлауына әкеліп соқтырды. Бұдан бөлек, шекаралас аймақтардағы адамдар санының күрт кеміп кетуі – ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да өте алаңдатарлық жайт.

– Жоғарыдағы өзекті мәселелерді шешу үшін Сіз «Солтүстік коэффициенті» деп аталып кеткен 15 пайыздық үстемеақыны қайта енгізуді ұсындыңыз. Халық санын көбейтуге, тұрмысын жақсартуға оның қандай әсері болмақ?

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев теріскей тұрғындары санының азайып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, аймақтық теңсіздік мәселесін шешу міндетін қойған болатын. Сондықтан мәселені еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен солтүстікке қоныс аудару бағдарламалары арқылы жүзеге асырумен шектелмей, халықтың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету қажет. Өркениетті елдер тәжірибесі көрсеткендей, Қазақстанға ұқсас климаттық жағдайларда түрлі қаржылай қолдау тетіктері көрсетіледі. Атап айтқанда, белгілі мөлшерде шәкіртақы, зейнетақы, жалақы белгіленген. Өмір сүру көрсеткішін жақсартуға бағытталған мұндай қосымша қаржылай көмектер азық-түлік, қысқы киім-кешек алуға, жарық пен жылу шығынын өтеуге, басқа да қажеттіліктерге жұмсалады. Менің ойымша, арнайы «өңірлік үстемеақы» әдістемесін енгізу тәуекелі мол климаттық өңірлердің тартымдылығын арттырары сөзсіз.

– Халық тұрмысының сапа­сын көтерудің тағы қандай жолдары бар?

– Солтүстік аймақтарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мәселесі сайлаушылармен, ауыл шаруашылығы және кәсіпорын басшыларымен кездесулерде жиі айтылады. Алайда газдандыру процесін жеделдету, Үкіметтің күн тәртібіне қойылғалы көп уақыт болғанына қарамастан, мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Бір өкініштісі, бұл жобаны жүзеге асырудың нақты механизмі де қарастырылмаған. Солтүстік өңір тұрғындарын алаңдатып отырған осы мәселелерді жедел шешу үшін мынадай нақты іс-шаралар басты назарға алынуы тиіс: біріншіден, теріскей тұрғындары үшін арнайы «өңірлік үстемеақы» бағдарламасы мен әдістемесін айқындау; екіншіден, аймақтардың зейнет жасындағы тұрғындарына арнап «өңірлік үстемеақы» енгізу мүмкіндігін қарастыру; үшіншіден, жас мамандарды тарту мақсатымен коэффициенттерді ескеру; төртіншіден, Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру мәселесін шешуді жылдамдату.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button