Мәселе

Өзіне-өзі қол салудың себебі көп



Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, суицидтің 800-ге жуық себебі бар. Олар эмоциялық ­күйзеліс, отбасындағы шешілмей жатқан түйінді түйткіл­дер, психикалық бұзылыс, қаржы тапшылығы сияқты болып жалғаса береді. Әрі бұл адамның жас ерекшелігі мен мінезіне де байланысты. Оған өмірінде орын алған оқиғалар да қатты әсер етуі мүмкін.

Жан дүние құлазып, кеудесі бос қалғандай күй кешкенде адам іштей үрей мен өзін-өзі кінәлауға бой алдырады. Өзін ешкімге қажетсіз сезініп, жан жарасы тереңдей түседі. Осындай түпсіз терең шыңыраудан шығудың жолы тек өмірмен қош айтысу деп түсініп, жаңылыс қадамға баратындар жиі кездеседі. Әсіресе мұндай қадамға психикалық ауытқуы бар, ұзақ уақыт бойы соматикалық аурулардан зардап шегетіндер, жасөспірімдер мен қарттар бейім келеді. Сондай-ақ мигранттар, қорлық көрген және әділетсіздікті бастан өткерген адамдар да өз-өзіне қол жұмсап жатады. Суицидтік әрекеттерді басқаларға қарағанда әйелдер көбірек жасайды. Некесіз, ажырасқан, жесір қалған, баласыз және жалғыз тұратын адамдар арасында суицид жасау деңгейі жоғары. Жасы бойынша айтатын болсақ, 15-24 жас аралығындағы жасөспірімдер өмірінде туындаған қиындықтарға байланысты өзіне қол жұмсайды. Сонымен қатар 40-50 жас аралығындағы ересектер мен 65 жастан асқан адамдар суицид жасауға бейім келеді. Астана қаласы бойынша 20-29 жас аралығындағы жастар суицид жасауға әрекет жасайды, бір-ақ көп жағдайда дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында аман қалып жатады. Ал 40-49 жас аралығындағы адамдардың мұндай әрекеті, өкінішке қарай, қайғылы аяқталады.

Егер сіз томаға-тұйық, ештеңеге зауқы жоқ, енжар жүрген танысыңызды кездестірсеңіз немесе айналаңыздағы адамдардың бойынан осындай белгілерді байқасаңыз, ескерусіз қалдырмаңыз. Олармен ашық әңгіме жүргізу арқылы неге өмір сүргісі келмейтіні туралы білуге тырысыңыз. Бұл арада жақын жандарыңның күнделікті ­мінез-құлқында, қарым-қатынасында байқалатын өзгерістерге мән беру аса қажет. Суицид аяқ астынан пайда болмайды, ол біртіндеп, импульсивті түрде келеді. Яғни ушығып тұрған жағдайдың күндердің күнінде жарылары сөзсіз. Суицид жасағандардың көбі өз мақсатын қандай да бір түрде білдіреді екен. Олар ашылып әңгімелес­кісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Кейбір суицидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыс­тарына заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Осындай жағдайларды байқаған бойда ол адаммен ашық сұхбаттасып, сырласу керек. Ең бастысы, жанашырлық таныта сөйлесу керек.

Қазір Астанада суицид бойынша арнайы қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Оған анонимді режимде кез келген адам жүгіне алады. Ересектер мен жасөспірімдерге арналған екі шұғыл психологиялық көмек кабинеті бар. Өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасалғаннан кейін адам көбінесе соматикалық стационарға түседі. Онда оның физикалық жағдайы қалпына келгеннен кейін психиатрдың диагностикалық кеңесі жүргізіледі. Нәтижеге байланысты ол шұғыл психологиялық көмек кабинетіне жіберіледі. Мұнда диагноз қойылады, суицид қаупі бағаланады. Бұл қадамға екінші рет бармайтынына кепілдік жоқ. Суицидке бір рет әрекет жасаған адамдардың 10 пайызы өз-өзіне қайта қол жұмсау салдарынан қайтыс болады.

Осы келеңсіздіктің алдын алудың бірнеше бағыты бар. Бастапқысы – ол суицидтік мінез-құлықтың пайда болуын болдырмауға бағытталған шаралар. Екіншісі – бұл дәрігерлер мен психологтардың стресс кезінде психикалық өзін-өзі реттеу әдісін игеру. Үшінші профилактика – суицидтік әрекеттердің қайталануын болдырмау. Мұндай жағдайда әрекет жасаушының жақындарына көп жағдай байланысты. Өкініштісі, қоғамда психолог маманға тек психикалық ауытқушылығы бар адамдар ғана жүгінеді деген түсінік қалыптасқан. Осы жаңсақ пікірді санадан шығарып, маман кеңесіне құлақ асу керек. Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жан дүниесін түсінуге тырысу қажет.

Екатерина МИРОНОВА,

Астана қаласындағы ­психологиялық көмек

орталығының суицидолог-маманы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button