Басты ақпаратМәселе

«Отау» сенімді ақтай ма?



Астана қаласында 2020-2023 жылдар аралығында 2380 жас отбасы 3 жылдан 5 жылға дейін жалға берілетін пәтерге ие болып, үлкен қуаныш­қа бөленді. Бұл – шаңырақ көтерген жастар аяғынан тік тұрып кеткенше «7-20-25», «Отбасы банк», «Бәйтерек» мемлекеттік бағдарламалары арқылы беріліп отырған жеңілдіктер. Айына 12-15 мың теңге төлеп, осы жалдамалы пәтерде тұратындар болашақта өзіне баспана алуы үшін қаражат жинауы қажет. Қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған заманда оған көпшілігінің шамасы жете ме?

Үнемдесең – үйлі боласың

Үкімет биыл наурыз айынан бастап «Отбасы банк» арқылы қосымша «Отау» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Аталған бастама 35 жасқа дейінгі азаматтардың үйлі болуға деген үмітін нығайтып, оған 30 сәуірге дейін 20 мыңға тарта өтініш қабылданған. Осы орайда «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, еліміздің тұрғын үй нарығындағы жағдай қазір әлдеқайда жақсара түскен көрінеді. Өткен жылы Қазақстанда 17,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 157 мың пәтер пайдалануға берілген.

Елордада құрылыс қарқынды жүруде. Тек 2024 жылдың қаңтарынан бері ғана 480 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараты тұрғызылды. Мамандардың айтуынша, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға көп көрінеді. Соған сәйкес сұраныс та артып отыр. 2023 жылы Қазақстанда сату-­сатып алу бағытында шамамен 370 мың мәміле жасалса, айына 25-30 адам баспана алуға өтініш берген әрі олардың 85-90 пайызы баспанасын ипотека арқылы алыпты. Осыған орай, өткен жылы елімізде тек «Отбасы банктен» ғана 112 мың ипотека займы рәсімделген.

Кейінгі жылдары жас отбасыларды қолдау үшін ипотека қарызының пайызы 17-ден 9 пайызға төмендеді. Бастапқы жарна – 20 пайыз. Енді, міне, шаңырақ көтерген жастарды қосымша қолдау мақсатында «Отау» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып отыр.

Астана қаласының тұрғыны Жандар Мұратұлы – осы бағдарлама арқылы үй алуға үміттінің бірі.

«Біз отбасымызбен бұл бас­таманы көптен бері зерттеп келеміз. Алғашында оны ел арасында «9-20-25» деп атады. Қазір аздаған өзгеріс енгізіп, «Отау» бағдарламасы деп халыққа қайтадан ұсынып отыр. Көбі оны баспаналы болудың ең тиімді жолы деп санайтын сияқты. Өйткені, әсіресе жастардың арасында, оған бүгінде сұраныс артып отырғаны анық байқалады. Көпшілікке белгілі, бұған дейін бізде «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», тағы басқа жеңілдетілген ипотека бағдарламалары жұмыс істеп келді. Бірақ «Отбасы банк» АҚ арқылы берілетін «Отаудың» бастапқы жар­насы да, пайыз мөлшерлемесі де көңілге қонымды көрінді. «Тарта жесең тай қалар» деген ғой. Әрине, отбасы бюджетін үнемдей отырып, біз осы бағдарламаны қолдап, оған қатысу үшін өтініш бердік» деді ол.

Құптарлық, бірақ…

«Отау» тұрғын үй бағдарламасының басқа аймақтарға қарағанда Астана мен Алматы қаласы үшін бір артықшылығы сол, облыстардағы тілек білдіруші жастарға берілетін ақша көлемі 18 миллион болса, еліміздің 2 ірі мегаполисінің жастары үшін 30 миллион теңге беріледі. Осы негізде «Отбасы банк» жыл сайын 150 млрд теңге бөлетін көрінеді.

Бағдарламаға 30 сәуірге дейін Baspana Market (otbasybank.kz)
порталы арқылы 18-63 жас аралығындағы 20 мыңға тарта азамат өтініш берген. Ең басты шарт – үміткер аталған банктен жыл жарым уақыт бұрын жинақ шотын ашып, оған кем дегенде 1 миллион теңге ақша салуы қажет. Әрі өз атында жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Бұл жерде сәбиі бар жас отбасылардың басқаларға қарағанда балл жинауда мүмкіншілігі жоғары. Дегенмен әлеуметтік желіден осы «Отау» тұрғын үй бағдарламасына қатысты кейбір пікірлерді де оқып қалдық. Ол, негізінен, аймақтарда тұратын жастардың ұсынысы мен ой-тұжырымы.

– Бағдарлама 9 пайызбен 19 жылға беріледі. Оны құптарлық делік. Алайда «Отбасы банк» 18 млн теңгеге дейінгі соманы баспана сомасының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде аударған кезде ғана береді. Қазір барлық жерде тұрғын үй құны өсіп кетті. 25-30 мил­лион теңгеден арзан екі бөлмелі пәтер табу қиын. Сондықтан қалған соманы әркім өз қалтасынан төлеуіне тура келеді. Бұл жаңа ғана сәбилі болып, өмірге енді ғана қадам басып жатқан көптеген жас отбасына қиындық келтірері сөзсіз, – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ерсейіт Әбілұлы.

Кентаулық Рысбек Сатыбалды өзіне осы бағдарламадағы «пәтерді тек пайдалануға берілген немесе тұрғын үй-коммуналдық компаниясының кепілдігімен салынып жатқан құрылыстан Baspana Marke (otbasybank.kz) порталы арқылы сатып алуға болады» деген шарттың ұнамайтынын айтады. «Маған бөлінген ипотекаға үстіне қаржы қосып алатын болған соң кез келген қаладан өзім қалаған үйді алатындай мүмкіндік туғызбай ма?» дейді ол.

Түйткілдің түйіні табылса…

Бас қалада кейінгі кезде жас­тарға түйткілді мәселе болып тұрған жайдың бірі – 2019 жылы «Астаналық» базарының жанынан арнайы салынып, жұмысшы жастарға жалға берілген пәтерлер болып тұр. 5 жылға дейін жеңілдікпен алған осы шағын бөлмелердегі жас отбасылар қазір өмірге алды 2-3, соңы 1 баладан әкеліп, орнығып қалды. О баста «баспана алуға қаржы жинау мақсатында» деп үлкен үмітпен алынғанмен, сол жастардың басым көпшілігі қазір жеткілікті қаржы жинай алмағанын айтып, Мәжіліс депутаттары мен Үкіметке базынасын жеткізе бастады. Осы жайдың көтерілгеніне 7-8 ай уақыт өтсе де, құзырлы органдар тарапынан ешқандай жауап болған жоқ. Тек жақында ғана «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова жеңілдетілген бағдарламамен жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жастардың да «Отау» тұрғын үй бағдарламасы арқылы баспаналы болуға толық мүмкіндігі бар екенін айтты.

– Банк мәліметі бойынша бізде қазір депозитке кем дегенде 1 миллион теңге жинау мерзімі 18 айдан асқан 310000-ға тарта салымшы бар. Солардың қатарына орташа бағадағы пәтер құнының 20 пайызын жинаған кез келген клиент үміткер бола алады, – деді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, жаңа салынған үйлерде пәтерлер алғашқы әрленген күйінде тапсырылады. Сондықтан оның жөндеу жұмысына иесі 40 пайызға дейін тұтынушы кредитін алып жүрді. Бұл қосымша қиындық туғызатын. Болашақта мұндай қолайсыздық болдырмау үшін «Отбасы банк» үй алған өз клиенттеріне кредитінің 30 пайызын жөндеу жұмысына жұмсауға рұқсат беріп отыр. Ендігі жерде Baspana Market арқылы «Отбасы банктен» алынған пәтерлер тұтынушыларға таза, толық жөнделген, дайын күйінде тапсырылады.

Астана қаласында да, еліміз бойынша да тұрғын үй құрылысы қазір қайтадан қарқын ала бастады. Тек елорданың өзінде 600 мыңға тарта жас отбасы үй кезегінде тұрса, «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген «Отау», «Наурыз» тұрғын үй бағдарламалары олардың тезірек баспаналы болуына септігін тигізер деген сенім мол.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button