«Оюлар жырлайды»
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2024/06/925704c927fe3a2d11f38532c07edf93_1280x720-780x470.jpeg)
Астанадағы №91 мектеп-гимназиясында этно-лагерь аясында «Оюлар жырлайды» атты этнофестиваль өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға қаладағы өзге мектептегі лагерьлерден балалар қатысты.
«Жаз басталғалы бері балаларға салт-дәстүрді, насихаттап, олардың бойына елжандылықты қалпыптастырып келеміз. Мұндағы мақсат – олардың бойына ұлттық құндылықты сіңіру және тереңірек түсіндіру. Бүгінгі фестивальге 1-8-сынып аралығындағы оқушылар қатысып жатыр. Жалпы балалардың қызығушылығы өте жақсы», – деді №91 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлшат Елеукенова.
Мұнда арнайы киіз үй құрылған. Ал іші ерекше безендіріліп, қажетті заттар қойылған. «Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоғамдық қорының ақ кимешекті әжелері құрақ көрпе тігіп, ұршық иірді.
Ал сыртта балалар тоғызқұмалақ ойнап, ауылдағыдай ләңгі теуіп, асық атты.
«Маған жазғы этнолагерь ұнайды. Себебі мұнда қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық ойындармен танысамыз. Әжелер мен тәрбиешілер бізге қолөнермен айналысуға үйретеді. Сондай-ақ олар оюлардың түрлерімен таныстырып, құрақ көрпе тігуді көрсетті», – дейді №91 мектеп-гимнаизясының 6-сынып оқушысы Аиша Гастелло.
Биыл жазғы демалыстың барлық түрімен 1-10 сыныптардың 200 мыңнан астам оқушысы қамтылатынын атап өткен жөн.