Мәселе

Қалаға керек жобалар

Кеше Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру барысына жауапты жергілікті атқарушы органның есебі тыңдалды. Бұл мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов баяндама жасады. Сондай-ақ жиынға қала басшысының тағы бір орынбасары Есет Байкен қатысты.

– Бүгінгі таңда Астана қаласының әкімдігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары туралы 14 келісімшартты іске асыруда. Соның ішінде 10 мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік жобасының келісімшарты бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер орындалуда. Ағымдағы жылдың 1 мау­сымындағы жағдай бойынша міндеттемелердің орындалуы 65 пайызды құрады. Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалар өз тиімділігін көрсетіп отыр. Оның ішінде мектеп және мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығын азайту, инвестиция тарту, бюджет түсімдерін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты нәтижелер бар, – деді Евгениий Глотов.

Оның айтуынша, іске асырылып жатқан жобалар келісімшартының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі, яғни қолданыстағы 14 келісімшарттың 73 пайызы немесе 10 келісімшарт әлеуметтік салада жасалған.

Қолданыстағы жобаларға тоқталған қала әкімінің орынбасары білім беру саласында 8 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, 2017 жылы Білім басқармасы мен «Бүлдіршін-2012» ЖШС арасында 20 жыл мерзіміне 360 орындық балабақша салуға бірінші мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік келісімшарты жасалды. Бүгінгі күні жеке серіктестікке инвестициялық шығындарды өтеу түріндегі барлық қабылданған міндеттемелер толық көлемде орындалды. 2023 жылы нысан коммуналдық меншікке берілді. Қазіргі таңда 360 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған.

– Гуманитарлық колледжді сенімді басқаруға беру туралы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімшарт 2019 жылы Білім басқармасы мен «Астана» халықаралық университеті арасында мемлекеттік міндеттемелерді қабылдаусыз 6 жыл мерзіміне жасалды. Жобаны іске асыру колледжді сенімді басқаруға беруді, сондай-ақ жаңа оқу ғимаратын құру арқылы жоғары білім беру үшін гуманитарлық-педагогикалық академияны құруды көздейді. Қазіргі уақытта жоба жеке серіктестік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нысандарын пайдалануға беру бөлігінде іске асырылуда, – деді Евгений Глотов.

Елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру аясында 2021 жылдан бері жобалық қуаттылығы ауысымына 2 мың оқушыға арналған 6 Binom мектебі ашылып, жұмыс істеп жатқанын айтқан баяндамашы бұл қысқа мерзімде тапшылықты 24 мың оқушыға қысқартуға мүмкіндік бергенін, оқушылар осы мектептерге арнайы іріктеу­сіз қабылданатынын атап өтті. Оның айтуынша, Binom мектептері қысқа мерзімде белгілі бір жетістіктерге жетті. Аталмыш мектептер түрлі олимпиадалардың, шығармашылық, спорттық, интеллектуалдық жарыстардың және республикалық деңгейдегі байқаулардың 271 жеңімпазын, қалалық деңгейдегі 714 жеңімпазды және 15 халықаралық дәрежедегі жеңімпаздарды дайындады.

– Денсаулық сақтау саласында 2019 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде эфферентті терапия және гемотүзету орталығы өз қызметін жүзеге асырады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты 7 жыл мерзіміне жасалды. Мемлекеттік қолдау шарасы – №1 көпсалалы қалалық ауруханада ауданы 910 шаршы метр орынжай беру. Жоба аясында бүгінгі күні медициналық орталықта келісімшарт жасалған сәттен бастап 70 мыңнан астам гемодиализ процедурасы жасалды, – деді қала әкімінің орынбасары.

Экология саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына тоқталған баяндамашы құрамында сынабы бар қауіпті қалдықтарды залалсыз­дандыру бойынша қызметтерді көрсету үшін 2023 жылы келісімшарт 10 жыл мерзіміне жасалғанын жеткізді. Мұның нәтижесінде өткен кезеңде 2,8 млн-нан астам құрамында сынабы бар шамдар сынапсыздандырылды, 17 млн текше метр ауаның сынап буымен ластануына жол берілмеді, вандализм салдарынан орын алған 1 мыңнан астам қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізілді.

– Көлік және қоғамдық қауіпсіздік саласында өткен жылдың соңында Астана қаласының әкімдігі «Ecology service» ұйымымен бірлесіп, 7 жыл мерзіміне көліктік қызмет көрсету бойынша жаңа келісімшарт жасады. Жоба 100 автокөлікті пайдалануды қарастырады. Жаңа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының ерекшелігі – электромобильдерді белсенді түрде енгізу, қала аумағында қала тұрғындары пайдалана алатын 30-ға жуық электрзарядтау стансасын орналастыру, – деді Евгений Глотов.

Оның айтуынша, биыл 2017 жылы жасалған «Сергек» фото-бейнежазба және бейнеталдау кешенін құру және пайдалану бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартының мерзімі аяқталып жатыр. Бүгінгі таңда жобаны іске асыру аясында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларынан өлім деңгейі 42 пайыз­ға немесе 100 мың тұрғынға шаққанда 2,5 адамға төмендеді. Бұл әлемдегі дамыған қалалардың деңгейіне сәйкес келеді. Қылмыс деңгейі 46 пайызға азай­ды. «Бұл жобаның бюджеттік тиімділігін растайды» деді баяндамашы.

– Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Астананың тұрақ кеңістігі» серіктестігі арасында ақылы тұрақ кеңістігін құру есебінен көше-жол желісіне жүктемені төмендетуді қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруды ұйымдастыру мақсатында қала аумағында 10 мың тұрақ орнын ашуды көздейтін келісімшартқа 2019 жылы қол қойылды. Бүгінгі таңда жеке серіктес 7192 тұрақ орнын ұйымдастырды. Бұл ретте серіктестік шығындарын бюджеттен өтеу бойынша қаржылық міндеттемелер қарастырылмайды. Жоба бойынша 20 жыл ішінде 3 толық жаңарту және жүйелер мен инфрақұрылымға жыл сайын қызмет көрсету жоспарланған. Жобаны іске асыру сәтінен бастап түскен түсімдер 4,7 миллиард теңгеден асты, соның ішінде айыппұлдардан бюджетке түсетін түсімдер 4,3 миллиард теңгеден асады. 2023 жылдан бастап жеке серіктестіктегі мемлекеттің үлесі артып, 25 пайызды құрайтынын атап өткім келеді, – деді Евгений Глотов.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан спорт саласындағы жобаларға тоқталған баяндамашы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Паралимпиадалық жаттығу орталығы мен «Тарлан» мұз аренасының қызметін ұйымдастыру туралы айтты. Келісімшарт «Каспий» спортты дамыту қоры» қоғамдық қорымен жасалған. Жобада екі спорт нысанын жалға беру қарастырылған. Жоба 6 жыл бойы сәтті іске асырылуда. «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту және пайдалану бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшартынан хабар берді.

Қала әкімінің орынбасары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары Астананың инфрақұрылымын дамытуда және өмір сүру сапасын арттыруда елеулі рөл атқарып отырғанын атап өтті.

«Сергек», Binom мектептері және басқа сәтті жобалар – мемлекет пен бизнестің тиімді ынтымақтастығының жарқын мысалы. Бұл жобалар қала өмірінің әртүрлі саласына тигізген оң әсерін көріп отырмыз. Бұл жетістіктер мемлекет пен жеке сектордың бірлес­кен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды, – деп түйіндеді сөзін қала әкімінің орынбасары.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button