Руханият

«Қанышнаме» жарық көрді

Ұлттық академиялық кітапханада ақын Аспанбек Шұғатаевтың «Қанышнаме» кітабының таныстырылымы өтті. Оған автордың кітаппен аттас поэмасы енгізілді. Аталмыш туынды Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған, академиктің ата тегінен бастап ақырғы деміне дейінгі ғұмырын қамтиды. Кітап қылқалам шебері Алмас Сырғабайдың мәнді де мағыналы суреттерімен көркемделді, таныстырылыммен қатар сол суреттер көрмесі де ұйымдастырылды.

Парламент Сенатының депутаты, «Қ.И.Сәтбаев халық­аралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы Қаныш Сәтбаевтың биылғы мерейтойы өте жақсы дәрежеде өтіп жатқанын, жазушы Медеу Сәрсекенің сәтбаевтанудағы айрықша еңбегін, қаламгер қаныштануға 60 жыл ғұмырын арнағанын атап өтті. «Қанышнаме» поэмасының ерекшелігіне тоқтала келе, автор Сәтбаевтың көп жазылмай жүрген ата-бабасын, туған жеріндегі адамдарды, ғұлама ғалымның тектілігін танытқанын айтты. Бұған дейін Қаныш Сәтбаев туралы көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы поэма жазғанын, Қаныш жайында осы таныстырылымға қатысқан ардакүрең ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай тамаша өлеңдер тудырғанын жеткізді.

Ғалым Жайлыбай кезінде «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры болып, академиктің 100 жылдығының атап өтілуіне үлкен үлес қосты. Ақын сол кезді еске алды. Сол уақытта да Қаныш Сәтбаевқа арналған өлеңдер жазылғанын, атап айтқанда, Жәркен Бөдеш поэма арнағанын, бірінші орын Дәуітәлі Стамбеков алғанын жеткізді. Қаныш туған Баян­ауылдың қасиетіне тоқталып, сол жерден шыққан Шәкен Айманов, Жұмат Шанин секілді тұлғалар қазақ мәдениеті мен өнері салаларының негізін қалағанын айтты. Жезқазғандық қаламгер Батырбек Мырзабеков Қаныш Сәтбаев жайында роман жазып бітіргенін сүйіншіледі. Кітап авторы Аспанбек Шұғатаев айтыс өнеріне құбылыс болып келгенін атап өтті.

Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан қазір есімі көп айтылмайтын еліміздегі энергетика саласының негізін қалаушылардың бірі Шапық Шөкиннің Қаныш Сәтбаевтың еңбегін насихаттаудағы үлесіне тоқталды, авторға жылы тілегін айтты.

Академик, Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлі кезінде Қаныш Сәтбаев құрған Ұлттық ғылым академиясы құлдыраған кезеңнен өтіп, Мемлекет басшысының пәрменімен мемлекеттік мәртебе алғанын, қазір елімізде ғылым саласы жаңғырып жатқанын атап өтті, ғылымның мән-маңызына тоқталды.

Түркия елінде алтын құйма пішінінде, қалтаға сыярлықтай шағын болып басылған кітаптың жарық көруіне, туындының алғашқы таныстырылымының да сол бауырлас елде өтуіне қолдау көрсеткен дипломат Теміртай Рымтайұлы, Медеу Сәрсекенің қарындасы, әдебиеттанушы ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер ізгі лебіздерін жеткізді. Баян елінің өнерпаздары Дәуренбек Слямғали мен «Беу, жігіттер» ансамблі әсем әндерді әуелетті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button