Ел тынысы

Қаржы неге игерілмей қалады?

Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Сот саласындағы өзгерістер

«Конституциялық заң жобасы бойын­ша құрылған бірлескен комиссия Парламент палаталарының тұрақты комитеттері мен депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын қарап шықты. Бірлескен комиссияның қарауына жүзден астам түзетулер келіп түсті. Оның ішінен 60 түзету қабылданды. Қабылданған ұсыныстар мен ескертулер мына мәселелерге қатыс­ты. Біріншіден, дербес кассациялық соттар құру бойынша. Астана қаласында үш, яғни қылмыс­тық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар құрылады. Конс­титуциялық заң жобасы аясында кассациялық соттардың өкілеттіктері, құрылымы мен құрамы айқындалып, олардың судьялары мен төрағаларына қойылатын талаптар белгіленді. Судьялар үшін кемінде 18 жыл заңгерлік өтілі немесе кемінде 8 жыл судьялық өтілі, оның ішінде үш жыл облыстық соттың судьясы болып жұмыс істеуі қажет болады. Ал кассациялық соттың төрағасы үшін судья лауазымында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде облыстық соттың судьясы ретінде 5 жыл жұмыс өтілі талап етіледі» деді отырыста Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Кассациялық соттардың құрылуына байланысты Сот қазыларының құрамы қайта қаралып, енді ол 13 судьядан және заң саласындағы қоғамдастықтың 2 өкілінен тұрады. Сонымен қатар Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамы да қайта қаралды. Енді оның құрамына 9 жұмыс істеп жүрген судья және отставкадағы екі судья кіреді. Үшіншіден, ҚР Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36 нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында, сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі бойын­ша нормалар қабылданды. Бұдан басқа, «заңдылықты өрескел бұзу» деген ұғымның өзі нақтыланды.

Снежанна Имашева бірлескен комиссия басқа да конституциялық заңдарын өзгерту туралы ұсыныстарды қарағанын мәлім етті. «Мәселен, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның кейбір нормалары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес келтірілді. Бұл нормалар саяси партиялар мен ұйымдардың байқаушыларына, сондай-ақ шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің референдум өткiзу кезiнде қатысу мүмкіндіктері мен оларды аккредиттеу тәртібіне қатысты. Мұнымен қоса, референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға және басқа да рәсімдік мәселелерге қатысты нормалар қабылданды» деп түсіндірді депутат.

Үкімет есебін бекітті

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітті.

Үкіметтің мәліметінше, республикалық бюджет кірістерінің жылдық жоспары 99,9 пайызға (19 трлн теңге) орындалған. Жылдық инфляция 2 есеге төмендеп, 9,8 пайызды құрады. Жыл қорытындысы бойынша нақты экономикалық өсім 5,1 пайыз болған. Бұл ретте республикалық бюджетке (1,4 трлн теңге) және Ұлттық қорға (1,6 трлн теңге) түсетін салықтардың тапшылығы байқалып отыр. Үкіметтің қарызы 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 25 трлн теңгені құрады. Оның 72 пайызы – бюджет тапшылығын қаржыландыруға пайдаланылатын ішкі қарыздар.

2023 жылғы игерілмеген шығыс­тар 73 млрд теңге болды. Әкімшілік жұмыстың әлсіздігімен және орталық және жергілікті атқарушы органдардың келісілмеген әрекеттерімен қатар бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы 489 млрд теңгені құраған. Бұл ретте игерілмеген және пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді қайтару көлемі 29 млрд теңгеге азай­ды. Ал квазисектор субъектілерінің қолма-қол ақшасын бақылау шоттарында анықталған бұзушылықтар мен қалдықтар 2022 жылмен салыс­тырғанда 97 млрд теңгеге өсті.

Қаржының тиімсіз пайдаланылуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жоспарлау кезеңінде мақсаттардың, индикаторлар мен нәтижелік көрсеткіштердің нашар әзірленуі. Барлық макрокөрсеткіштің 50 пайызының өнімділік деректері жоқ, өйткені олар статистикалық деректерге негізделген және есепті кезеңнен әлдеқайда кеш қалыптасады.

2022 жылы есеп бойынша Жоғары аудиторлық палатаның бірқатар ұсынымы орындалмаған әрі жаңа Бюджет және Салық кодекстері аясында әзірлеу сатысында тұр. Бұл салықтық жеңілдіктердің тиімділігін жүйелі бағалауға, стратегиялық жоспарлаудың бюджеттік жоспарлаудан басымдылығын қамтамасыз етуге, дивидендтік саясатты қайта қарауға қатысты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл тізбе дамуға бөлінетін шығыстардың көлемін бекіту, есепте бүкіл мемлекеттік басқару секторын, оның ішінде бюджеттен тыс қорларды қамтуды кеңейту, қарыздың тұрақтылығы көрсеткіштерін күшейту сияқты ұсыныстармен толықтырылды.

Ұсыныстарды ескереді

Депутаттардың ұсыныстары Үкіметтің жұмысында ескеріледі. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты. «Бүгін айтылған ұсыныстар мен ескертулеріңізге, қойған сұрақтарыңызға алғысымды білдіремін. Осының барлығын жазып алдым. Айтылған мәселелердің барлығы біздің алдағы жұмысымызда ескеріледі. Жалпы, Парламенттің де, Үкіметтің де мүддесі бір, мақсаты ортақ – ол халқымыз­дың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттігімізді нығайту, еліміздің өркендеуі­не жағдай жасау. Оған қол жеткізу үшін баршамыз Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттерді орындауымыз қажет. Егер Парламент, Үкімет және басқа билік тармақтары бірлесіп жұмыс істесе, біз барлық тапсырманы орындаймыз деп сенемін. Қиындықтардың бәрінен өтеміз. Сондықтан Үкімет сіздермен бірлесіп жұмыс істеу­ге дайын» деді О.Бектенов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button