Қоғам

Қаржы пирамидасымен күрес қарқынды

Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі қаржы пирамидасының саны Қазақ­станда соңғы 5 жылда бірнеше есеге өскен. Мұны қозғалған қылмыстық істердің статистикасы айқын айғақтайды. Астананың өзінде қаржы пирамидасын құруға қатысты 13 эпизодтан тұратын 10 іс сотқа жолданып, 16 адам 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Тәркіленген мүлік 156 817 410 теңге болған.

Экономикалық және қар­жылық құқық бұзушылықтың ­алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеумен айналысатын Қаржы мониторингі агенттігінің әр облыста аумақтық департаменттері жұмыс істейді. Былтыр осы агенттіктің Астанадағы департаменті 12 қаржы пирамидасын жойды. Олар: «Sinsera Systems», «Best Road Investment», «Q-NET», «Antares Trade», «Bussines process technologies», «Sterling Invest», «Life is good», «Finiko», «Chai Tai Pharmaceutical», «Eolus Kazakhstan», «Семейный капитал», «PLATIN COIN». Аталған департамент басшысының орынбасары, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Нұржан Ашихановтың айтуынша, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларды өзіне тарта отырып, оларға жоғары пайызбен сыйақы беруге уәде етеді және ақшаларын ин­вестициялайтынын айтады. Ақиқаты сол, ақша ешқайда салынбайды. Жобаның жаңа қатысушылары әкелетін ақшадан салымшыларға уәде етілген па­йыздарды төлейді. Олар ақшаның бір бөлігін өздерінің «пайдасы» ретінде алады.

– Қаржы пирамидасы жаңа клиенттердің ақшасы ескілердің пайызын төлеуге жетпей қалған кезде банкротқа ұшырайды. Қаржы пирамидасының негізгі белгілерін ескерген жөн. Қолма-қол ақшаның нақты сомасын инвестициялау қажеттілігі болады. Үлкен па­йыздар мен инвестицияланған ақшаны тез қайтаруға уәде береді. Төлемді алу үшін таныстарыңыз­ды тарту керек, сонда олар да өз қаражатын сол жерге салады. Жоба «ноу-хау» ретінде беріледі. Компания қаражат жинау алдында тіркелген, оның ең төменгі жарғы капиталы және жалғыз құрылтайшысы бар. Тіркеуді ҚР ҚМ Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің сайтында «Салық төлеушілерді іздеу» сервисі арқылы тексеруге болады. Қаржы пирамидасы – бұл халықтың қаражатын қандай да бір инвестиция жобасына тартатын, бірақ іс жүзінде ешқандай инвестиция қызметін жүргізбейтін және жобаның алдыңғы қатысушыларына төлемдер жаңа қатысушылардың қаражатын тарту арқылы жүзеге асыратын ұйым, – дейді Н.Ашиханов.

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Тимур Мұқановтың баяндауынша, алаяқтардың ең көп қолданатын әдістері – әлеуметтік желілерде жиі кездесетін жарнама, әртүрлі презентация, сан түрлі сыйлық пен жүлденің, жолдаманың ұтыс ойындары, үндеулерді жаппай тарату, электронды пошта және e-mail таратылымы. Шартта жауапкершілік талаптары көрсетілмейді. Компания «микроқаржы ұйымының», «несие бюросының», «қарызға қарсы бағдарламаның» немесе «қаржы қызметін көрсету орталығының» атын жамылады. Банктердегі арнайы есеп айырысу компанияларын қолданбай, қолма-қол ақшаны қабылдауға немесе түрлі онлайн-төлем және аударым жүйесін пайдаланады. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің азаматтардан ақша тартуға лицензиясы жоқ.

– Егер қаржы пирамидасына ақша салынған болса, не істеу керек? Алдымен қолма-қол ақша берілген компанияның кеңсесіне бару қажет. Бұл мүмкін болмаған жағдайда, жобаға кіруге шақыр­ған адаммен байланысқа шығу керек. Ақшаның берілгенін растайтын қандай да бір құжат болса, салынған қаражатты қайтару ықтималдығы жоғары екенін дұрыс түсіну қажет. Егер алаяқтар салынған қаражатты қайтарудан бас тартса, прокуратура мен поли­цияға арыз беретініңіз туралы хабардар етесіз. Бұл әрекетіңіз нәтиже бермесе, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Сізге компанияның атауы мен мекенжайын, қарым-қатынаста болған адамдардың егжей-тегжейлі белгісін, қандай уәде берді, нені сатумен айналысады және басқа да ақпаратты барынша есте сақтаған жөн, – дейді Т.Мұқанов.

Сауат арттыру – басты қару

Елордада Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидасын қалай тану, дроптарға қарсы тұру, халықтың қаржы сауатын арттыру және басқа да өзекті мәселеге орай іс-шаралар өткізіп, қаржы пирамидасымен күресті қарқынды жүргізуде. Сондай жиындардың бірі жақында өткен «АФМ online» конференциясы жастардың қаржы сауатын арттыру және блого­сферада құқық, ақпарат-цифрлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Онлайн режимдегі пікірталасқа еліміздің 35 жоғары оқу орнынан 20 мыңнан астам студент қатысты. Кездесу барысында спикерлер блогерлермен қызықты кейстерімен бөлісті.

– Бүгінгі таңда агенттік интернетте заңсыз мазмұнды контентті іздеуді және бұғаттауды автоматтандырды. Қазірдің өзінде 10 мыңға жуық сайт пен қаржы пирамидасының белгісі бар аккаунттар бұғатталған. Бұдан басқа, атаулы жұмысты жүргізу үшін әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық схемаларға тартылған салымшыларды ерте анықтау жүйесі жолға қойыл­ған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгі таңда 126 мың жазылушы алаяқтық схемаларды жарнамалайтын аккаунттардан бас тартты, – дейді агенттік төрағасы.

Белгілері мен жазасы қандай?

Қаржы мониторингі агенттігінің сайтында қаржы пирамидасы ретінде қызметі күдікті, сондай-ақ олар бойынша сот үкімдері шығарылған ұйымдардың кеңейтілген тізбесі жарияланған. Өз қаражатын инвестициялағысы келетін әрбір азамат компанияның сенімін аталған тізім арқылы тексере алады. Сондай-ақ ҚМА «Baiqa, piramida» Telegram-боты арқылы ұйымның қаржы пирамидасына жататыны жайлы және алаяқтық белгілерінің бар-жоғын тексеруге болады. Сонымен, толық қауіпсіздігіне сенімді болу үшін Fingramota.kz қаржы пирамидасын анықтау­ға болатын белгілердің «Қаржы пирамидасын қалай әшкерелеуге болады?» атты чек-парағын жасады:

  1. Әкелген клиенттер үшін сыйақы. Егер сізге компанияға әкелген әрбір клиент үшін қосымша ақы төлеуге уәде берілсе, бұл – ақшаны салмау үшін және барлық танысты осындай тәуекелді іс-шарадан бас тартқызу үшін жеткілікті негіз.
  2. Нарық деңгейінен бірнеше рет асып түсетін жоғары кіріске кепілдік беру. Түрлі «инвесткомпаниялар» кіріске кепілдік бере алмайды, бұған заң тұрғысынан тыйым салынған. Егер біреу ке­пілдік берсе, ол – алаяқ деген сөз. Басқаша болмайды!
  3. Қажетті лицензиялардың болмауы. Компания ақшалай салымдарды халықтан тартады немесе қор нарығына инвес­ти­циялауды ұсынады, бірақ оның қолында лицензиясы жоқ, бұл ретте онымен байланысу керегінің бар-жоғы жөнінде мықтап ойланыңыз. Мұндай ұйымдар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында емес, яғни сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді ешкім қорғай алмайды.
  4. Кіру жарнасының болуы: ресімдеуге, оқытуға, акцияға және т. б. үшін. Әдетте, бұл жарна – пирамиданы ұйымдастырушылардың негізгі кірісі, сондай-ақ қаржы пирамидасына тән айқын белгі.
  5. Меншікті негізгі құралдардың, басқа да қымбат активтердің болмауы. Компанияның қолда бар мүлкі мен активтерін нәтиже ойдағыдай болып шықпаған жағдайда сатуға және салынған ақшаны ішінара қайтаруға болады. Ал қаржы пирамидасында мұндай активтер болмайды.
  6. Өктем жарнама науқаны. Қаржы пирамидасы жарнамасы көптеген клиентті тез тартуға арналған және тек жариялануы пирамиданың негізін қалау­шылар үшін пайдалы болатын ақпаратты қамтиды. Әрине, мұндай компанияның клиенті кездестіруі мүмкін тәуекелдерді жарнама берушілер белгілі себеппен айт­пауға тырысады.
  7. Ұйым қызметінің нақты анық­тамасының болмауы. Пирамидада салымшыдан басқа клиенті жоқ. Сізге өнім берушілерді, мысалы, басқа бизнес-серіктестерді ешқашан көрсетпейді. Жалпы компанияға ақша салмас бұрын ол туралы мүмкіндігінше көп ақпарат алыңыз. Барлық құжатты оқыңыз. Компания нақты немен айналысатынын және ақшаңыздың қайда салынатынын сұрап біліңіз.
  8. Тек жеке кездесу кезінде ке­ңес беру. Жеке кездесуде ­клиенттің се­німіне кіріп, оны ақша салуға сендіру үшін әртүрлі психология әдісі мен амалды қолдану ­оңайырақ.
  9. «Шартқа» ойланбай қол қою­ды ұсынады. Асығыс шешім қабылдамаңыз! Шарттың үлгісін қолға беруді сұрап, онымен үйде асықпай танысып шығыңыз. Берілген ақшаның орнына сізде қандай құжат қалатынын қараңыз. Оның заңды күші бар ма, соны анықтаңыз.

ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабында қаржы (инвестиция) пирамидасын құрғаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге қылмыс­тық жауапкершілік көзделген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабы бо­йынша қаржы (инвестиция) пирамидасы қызметiнің жарнамасын шығарғаны, таратқаны және орналастырғаны үшін әкімшілік жаза көзделген және 150 АЕК-тен 600 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button