Басты ақпаратРуханият

Қазаққа дейінгі көп ту мен қазақ көтерген көк ту

«Жамиғат, біздің тарих – алтын шынжыр, әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған» деп ақын Есенғали Раушанов айтқандай, қазақ өзінің көк туын көтеріп, көсегесі көгергенге дейін қаншама рет қылыштың жүзінен, ажалдың ізінен өтті десеңізші? Міне, сондай аттың жалы, түйенің қомындағы замандарды артқа тастаған еліміз, 1991 жылы өз егемендігін алып, 1992 жылдың 4 маусымында азат ел ретінде тәуелсіз Қазақстанның көк туын көкке желбіреткен болатын. Ал енді бабалар көтерген байрақтан бастап, көк түріктің көтерген туынан көк туға дейінгі ұстаған туларымызды санамыздың сахнасында желбіретіп көрсек.

Жалпы тудың түбін Түркіден таратуға болады. Бірақ сол тудың өзін әртүрлі атаулармен әртүрлі мағынада түсіндіретіндер аз емес. Қазақ санасындағы байрақ, жалау, ту деген үш түрлі ұғым бұл күнде бір мағынада сияқты болып кеткені де сондықтан. Шын мәнінде бұл үшеуі үш түрлі мәнге ие. Өйткені «байрақ ол әскери дәреженің, лауазымның белгісі ретінде жеке адамдарға немесе тайпаларға тән. Ал жалау деген найзаға немесе дулығаға тағылатын жаугершілік белгі. Ту болса мемлекеттің, тұтас елдің белгісі» деп түсіндіретіндер де бар. Дегенмен қайсысы қай мағына білдірсе де, бәрінің түпкілікті мәні өзгермейтіні анық. Мысалы, жеңіске жеткен жақ өзінің жеңіс белгісі ретінде сол аумаққа туын орнатып, отыратын болған. Сондай-ақ қан майдан шайқаста жау әскерінен өз сарбаздарын айырып алу үшін де сондай бір белгі ретінде жалау қолданған. Ол кейіннен әр тайпаның өзінің жалауы немесе туына айналса керек.

Сонымен қатар ежелгі қазақта «ту қандау» деген әскери ғұрып болған. Бұл рәсім ел тағдыры мен жер тағдыры сынға түскен шешуші шайқастарға шығардан бұрын жасалып отырған. Бұл туралы ғалым Серікбол Қондыбаев өзінің «Жауынгерлік рух» кітабында деректер келтіріп, «туды қанға суару, біріншіден, оның кейіпкерлігін білдірсе, екінші жағынан, рухқа берілетін садақа құрбандықтың жолын танытады» деп түсіндіреді. Яғни сол бір замандар да арнайы ақ боз атты құрбандыққа шалып, ақ туға оның қанын жағатын болған. Міне соны «ту қандау» деп атаған.

Жалау мен тудың бетіндегі суреттер мен белгілер бір тайпаның немесе бір елдің символдық белгісі ретінде сонау ерте заманнан-ақ келе жатқанын осыдан білуге болады. Ал біздің көк туға дейінгі бабаларымыздың ұстаған туларының бейнесі де әртүрлі болғанын кейінгі дәуір жоққа шығармайды. Мысалы соның бір көрінісі ретінде Алтын Орданың ақ жалауын айтуға болады. Тіпті бабаларымыздың бөрілі байрақ ұстаған тұсын да тілге тиек етуге болады.

Өйткені «Бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым» деп жырлаған Сүйінбай ақынның сөзіне сүйенсек, онда көк бөрі біздің тотемдік ұғымымызға айналғаннан бастап, туымыздың белгісі ретінде пайдаланылып келген деуге болады. Негізінен тарихта қазақтың туларына салынған үш белгі бар. Олар: айдаһар, көкбөрі болса, кейін келе бұл белгілер ай-жұлдыз болып өзгерген. Кей деректерде сарматтар мен ғұндардың туында айдаһар бейнеленгені жөнінде мәлімет кездеседі. Сол сияқты сақтардың да туында жануарлардың бейнесі болғаны болжанады. Ал Күлтегін заманында көк бөрі бейнеленген. Сондықтан да, түркі жұрты өзін көкбөріден жаратылғанбыз деп бөріге табынады. Әрі тарихта түркілердің бөрінің басы бейнеленген көк байрақ ұстағаны айтылады. Сол сияқты кей тарихшылар біздің Алтын Орда, Ақ Орда дәуіріндегі туымыз ақ жалау болыпты, оған Шыңғыс әулетінің таңбасы тарақ пен жарты айдың бейнесі бейнеленген деп айтып жүр. Оған дәлел ретінде Aнжелино Дулцерт деген итальян картографының 1339 жылғы құрастырған картасындағы Алтын Орданың туы деп көрсеткен үлгіні айтады немесе 1375 жылы Абраам Крескес құрас­тырған каталондық атласта да осы байрақтың суреті бар екені көрсетіледі.

Кей деректерде күллі алаштың атасы саналатын Алашаханның туы алашұбар болған дейді. Алайда нақты Алашаханның кім екені туралы дерек жоқ. Шоқан ­Уәлихановтың дереккөзіне сүйенсек, ол – ХІV ғасырдың орта тұсында өмір сүрген адам. Жалпы, алашұбар ту туралы кейінгі кезде көп айтылған. Оған мысал – Ахмет Байтұрсыновтың «Мұсылманның ұраны – шұбар ала ту алдың» деп жырлағаны. Шәкәрім Құдайбердінің де жазбасында шұбарала ту туралы дерек бар. Міне, мұның бәрі қазақ тарихында шұбарала тудың да бір мезет көтерілгенін растаса керек. Тіпті кейін бұл туды Амангелді бастаған ұлт-­азаттық көтерілістің көсемдері де көтерген. Сонымен қатар тарихта Әмір Темірдің де аспан түстес көк жалау ұстағаны айтылады. Ал қазақ хандығының туын да тарихшылар әртүрлі болғанын айтып, пікір таластырып жүр. Бірақ белгілі ғалым Әлкей Марғұланның жазбасында қазақ хандарының шашақтап тоғыз құйрық байлап, ортасына төре таңбасы кестеленген қызыл түсті жалау көтергені айтылады. Сондай-ақ Шыңғыс әулетінің көтерген тулары да әртүрлі болған сияқты. Мысалы, кей деректерде Сарай хандарының қызыл ту, Шағатай ұрпақтарының ақ ту, Үгедей ұрпақтары көк ту көтеріп дараланғаны да кездеседі. Тіпті орыс жазбаларында біздің орыс ханымыздың қызыл ту көтергенін, оны кейін қазақтың Есім, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет сияқты хандары жалғастырған. Бірақ Абылай хан жасыл туды желбіреткен дейді. Оны кейін немересі Кенесары да ұстаған деген де деректер бар. Дейтұрғанмен, қалай болмасын осының ішінде ақ ту көтерген деген мәлімет тарихта жиі кездеседі. Өйткені қазақ ұғымында ақ – пәктіктің, әділдіктің нышаны. Сондай-ақ ақ киізге отырғызып, ақ ту көтеріп, хан сайлайтын дәстүр де бар. Тіпті Дешті Қыпшақтың жалауының да ақ түсті болғанын тарихтан білеміз. Тіпті бір деректерде Қарахан дәуірінде қызғыш қоңыр реңдегі туды ұстағаны айтылады. Оның бетіне жебе мен тарақтың суретін салған. Ал енді жаңағы жасыл ту дегенге келсек, бабаларымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін туының түсін жасылға өзгерткен көрінеді. Негізінен біздің ислам дініне дейінгі заманда ұстаған туларымыздың бетіне «айдаһар» мен «көк бөрі» бейнеленіп келген. Кейін ислам дінінің әсерінен ол бейнелердің орнын «ай», «жұлдыз» секілді белгілер басқан. Алайда қазақ елі өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін түркіден келе жатқан түпкі санасын қайта жаңғыртып, оны өз туына бейнеледі деуге болады.

Шын мәнінде Мемлекеттік рәміздердің бетіне салынған әрбір бейне ол – кие, қасиет, белгі.

Кішкене күнімізде әжелеріміз аяқ асты бірдеңе бола қалса немесе оң қабағымыз тарта қалса, «жақсылықтың нышаны ғой» деп ырымдап отыратын. Дәл сол сияқты біздің мемлекетіміздің тәуелсіз екендігінің бір нышаны – Елтаңба, Ту, Әнұран. Міне осы үшеуі – үш жүздің бірлігі мен тәуелсіздігінің айғағы.

Ал тік бұрышты кездемеден көгілдір түспен бетіне күн қондырған қыран бейнесі салынып, жиегі оюлармен нақышталған біздің Туымыздың авторы – суретшi Шәкен Ниязбеков. Туда бейнеленген нақыштардың мағынасына келсек, зеңгір көк кеңдікті, ашықтықты, биіктікті білдірсе, күн мәңгілікті, қозғалуды, үздіксіз дамуды, нұр бейбітшілікті, жылуды, қыран еркіндікті, билікті көрсетеді. Ту тұратын ағаштың сабындағы ұлттық оюдың мағынасы бір-біріне жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы мен кеше мен бүгіннің қосындысын болашаққа жеткізу деген мағынада.

Қазақ батырына бата бергенде, «туың жығылмасын» деп айтады. Мұнысы – жеңілмей қайт дегені. Дәл сол сияқты, біреуге жақтаса қалсаң, ел арасында «оның жалауын көтеріп» деген сөз тіркестері бар. Міне, мұның бәрі де тудың қашанда жеңімпаз жаққа тәуелді екенін білдірсе керек.

Ал енді ту көтеріп, астындағы тұлпарын тулатқан елдің туы мәңгі желбіреуі үшін біз тәуелсіздік пен тұрақтылықтың бейбіт өмірдің қадіріне жете білуіміз керек. Қаралы елдің қайғысын қара тумен бөлісіп, қаралы үйде қара қой сойып, қасіреттенетін күн бізден аулақ болып, керісінше көк бие сойып, көгінде көк ту желбірейтін күн көбейсін қашанда.

Шапағат ӘБДІР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button