ӘлеуметБасты ақпарат

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап не өзгереді?



Мінеки, көзімізді ашып-жұмғанша 2024 жылдың жаңа парағын аштық. Жыл сайын базалық көрсеткіштердің өзгеріп, әлеуметтік салада көптеген жаңалықтың болатынын жақсы білеміз. Биыл елімізде 1 қаңтардан бастап не өзгеретініне қысқаша шолу жасайық.

АЕК өсіп, төлемдер ұлғаяды

Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 7 пайызға, яғни 3450 теңгеден 3692 теңгеге өседі. Осыған сәйкес, әлеуметтік төлемдер мен бюджетке төленетін салық, айыппұл мөлшері де ұлғаяды.

Зейнетақы 9 пайызға артады

«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2024 жылы базалық зейнетақы 7 пайызға өссе, ынтымақты зейнетақыға 9 пайыз қосылады. Заңға сәйкес, индексация жоспарлы инфляция деңгейінен 2 пайыз артық жасалады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 пайыздан 65 пайызға дейін ұлғаяды. Мемлекеттік базалық зейнет­ақының ең төменгі мөлшері – 28215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері 57853 теңгені құрайды.

2024 жылы Қазақстанда орташа зейнетақы 10 мың теңгеге өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдегендей, өткен жылы орташа зейнетақы мөлшері 120 мың теңге болса, биыл 130 мың теңгеге өседі. Бұл БЖЗҚ төлемдері қосылмайтын бюджеттен төленетін зейнетақыға қатысты. Тағы бір жаңалық, елімізде кеншілер зейнетке 55 жасында шыға алады. Ол үшін 2 талап қойылады: жасы 55-тен асуы және кейінгі 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы қажет.

Биылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жыл аралығында 1,5 пайыздан 5 пайызға дейін кезең-кезеңімен жұмысшылардың пайдасына аудару басталады.

Жеткіліктілік шегі өзгермейді

Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі 2024 жылы өзгермейді, ол өткен жылғы деңгейде сақталады. Жеткіліктілік шегі жас ерекшелігіне қарай 3 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін болады. Зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша «жеткіліктілік» шегінен асуға тиіс. Қазақстандықтар зейнет жинағының артылған бөлігін баспана алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге жұмсай алады. Жеткіліктілік шегі ерлер мен әйелдер үшін бірдей. Бұл ретте зейнетақы жинағының бір бөлігін бір емес, бірнеше рет алу құқығы беріледі.

Мемлекеттік жәрдемақылар өседі

1 қаңтардан бастап балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да өседі. 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 131100 теңгеден 140296 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 217350 теңгеден 232596 теңгеге дейін көбейеді. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55304 теңгеден 59183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін 138000 теңгеден 147680 теңгеге дейін ұлғаяды.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшері: I топтағы мүгедектерге – 95496 теңгеге дейін; II топтағы мүгедектерге – 76397 теңгеге дейін; III топтағы мүгедектерге 52089 теңгеге дейін артады.

1 қаңтардан Қазақстанда еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғанда төленетін төлем мөлшері 7 пайызға өседі. Ол әлеуметтік сақтандыру корынан төленеді. Бұл қаражат еңбекке қабілетін жоғалтқан 87 мыңға жуық адамды және асыраушысынан айырылған 59 мың отбасын қамтиды. Оған қосымша 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.

1,8 миллион адамның еңбекақысы көбейеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойғаны мәлім. Осы заңға сәйкес, еліміздегі ең төменгі жалақы, зейнет­ақы, АЕК мөлшері бекітілді. 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. Бұл өзгеріс 1 миллион 800 мың адамның, соның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың адамның әлеуметтік ахуалын жақсартуға септігін тигізеді. Президент еңбекақының ең төменгі мөлшері соңғы 3 жылда 2 есе өскенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 2024 жылы 43407 теңге болып бекітілді.

Кімнің жалақысы көтеріледі?

2024 жылы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру көзделген. Осы мақсатқа бюджеттен 96 мил­лиард теңге бөлінді. Сондай-ақ биыл ғылым саласын қаржыландыруға 242 миллиард теңге жұмсалады. Бұл – 616 жетекші ғалымның жалақысы артады деген сөз.

Жаңа жылдан бастап шәкірт­ақы мөлшері де өседі. Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлағандай, биыл бакалавриатта оқитын студенттердің шәкіртақысы – 47135 теңге (педагогикалық бағытта – 75600 теңге); магистратура – 107061 теңге; докторантура 240000 теңге болады.

Биыл БАҚ өкілдерінің де жалақысы 30 пайызға көбейеді. Бұл үрдіс 2025 жылға дейін жалғасады. 1 қаңтардан бастап су саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға артады.

МӘМС-ке аударылатын сома өсті

2024 жылы 1 қаңтардан бастап МӘМС-ке аударылатын ең жоғары сома өсті. Оның деңгейі – 850 мың теңге. Жаңа тәсілмен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да ақы төлеуге тура келеді. 2024 жылдан бастап олар мәселені тек бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу арқылы шеше алмайды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар басқа нұсқаларды таңдауға мәжбүр.

Жұмыс берушілер жалақы мөлшерінің 3 пайызын төлейді, бірақ ол сома 25500 теңгеден аспауы керек. Қызметкерлер/фрилансерлер өз табысының 2 пайызын қосады, бірақ ол сома 17 мың теңгеден аспайды. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын немесе 5950 теңге төлейді. Дербес төлеушілер ЕТЖ-ның 5 пайызын немесе 4250 теңгесін аударады. Мемлекет жеңілдікке ие азаматтардың 15 санаты үшін төлеуді жалғастырады. Осы тізімдегі бір азамат үшін 5852,63 теңге төленеді.

Ұлттық қордан ақша Аударылады

1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Ұлттық қордың жылдық табысының 50 пайызы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелет жасына толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептеледі. Бала 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Бұл шоттан ақшаны тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отырады. Алдын ала болжам бойынша 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін 160-170 АҚШ долларын алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда 3,5 мың АҚШ долларын алуы мүмкін.

Балалардың төлқұжаты арзандайды

Халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты қабылданған нормалар негізінде биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде балалардың төлқұжаты екі есе арзандайды. ІІМ-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қабылданған нормалар кәмелетке толмаған балаларға берілетін төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендетуді, төлқұжатты беру үшін оның беттерінің санына қарай, яғни мемлекеттік баж мөлшерлемесін енгізуді көздейді. 16 жасқа дейінгі балаларға – 4 АЕК мөлшерінде, 36 беттен тұратын төлқұжаттарға – 8 АЕК мөлшерінде, 48 беттік төлқұжаттарға 12 АЕК мөлшерінде баж төленеді.

Бірыңғай кезек базасы құрылады

Қазақстанда балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады. Ата-аналар еGov порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдап, кейінірек онлайн форматта берген өтінішінің орындалуын бақылай алады. Балабақшалардың бірінен орын табылған жағдайда, ата-аналарға дереу хабарлама жіберіледі.

Куәлік пен төлқұжат қымбаттайды

1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің 3692 теңгеге өсуіне байланысты құжат алған кезде төленетін мемлекеттік баж мөлшері де артады. Қазақстандықтар жеке куәлікті 738 теңгеге (0,2 АЕК), 36 беттен тұратын стандартты төлқұжатты 29536 теңгеге (8 АЕК) жасатады. Ал 48 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж мөлшері – 44304 теңге (12 АЕК). Сондай-ақ азаматтар неке қию туралы куәлікке – 3692 теңге (1 АЕК) және қайта алуға – 1846 теңге (0,5 АЕК), жүргізуші куәлігіне – 4615 теңге (1,25 АЕК) және ажырасу туралы өтініш беру үшін 7384 теңге (2 АЕК) төлейді. Ал туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ бұл құжатты алуға қайта өтініш берген жағдайда 1846 теңге (0,5 АЕК) төлеу керек.

Бірыңғай жиынтық төлем жойылады

1 қаңтардан бастап елімізде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жойылады. Ол жылдық табысы 4,1 миллион теңгеден аспайтын азаматтар үшін енгізілді. Бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдан 2023 жылға дейін, яғни уақытша қабылданған еді. Бірыңғай әлеуметтік төлем төлейтін азаматтар 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып, тиісті салық тәртібін таңдауы қажет.

Саусақ ізін ерікті түрде тапсырады

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде ерікті дактилоскопиялық тіркеу қолданылады. Деректер қорына саусақ ізі дактосканерлер арқылы енгізіледі. Әр азамат халыққа қызмет көрсету орталығына тағы бір өтінім жасағанда оның кім екені сау­сақ ізі арқылы анықталады. Бұл жоба азаматтарға уақыт үнемдеп, құжатын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ең басты ерекшелігі – суретке түсірген кезде адамның бет-бейнесі танылады. Жобаны әзірлеушілер бұл заң негізінде алаяқтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылады деп отыр. Яғни дактилоскопиялық тіркеу арқылы заңсыз құжат рәсімдеу фактілері жойылады.

Декларация тапсырмаса не болады?

2024 жылдың 1 қаңтарында жалпыға бірдей декларациялау науқанының үшінші кезеңі басталады. Елімізде мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайына қатысты жалпы декларациялаудың екі кезеңі өтті. Бұл іс-шараға барлығы 2,6 миллион адам қамтылған. Декларацияда Қазақстан Рес­публикасының азаматтары нақты мынадай мәліметтерді ұсынуға тиіс:

  1. бағалы қағаздар;
  2. цифрлы активтер;
  3. үлестік қатысу шарттары;
  4. 10 мың АЕК немесе 34,5 млн теңге шегіндегі қолма-қол ақша;
  5. шетелдегі жылжымайтын мүлік;
  6. автокөлік құралдары.

Егер де декларация тап­сырмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабының 1-тармағына сәйкес, салық органы алғаш рет ескертумен шектеледі. Сондай-ақ егер адам декларацияда толық емес немесе нақты емес мәліметтер берген жағдайда да бірінші рет ескерту жасалады. Ал енді тіпті елемейтін болса, онда айыппұл салынады. Нақтырақ айтсақ, есепті уақытылы өткізбеген жағдай қайталанса, онда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Қате тапсырған жағдай қайталанса, онда 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Белгі жапсыру міндеттеледі

Газбен жүретін көліктер жиегі қара түсті және «GAS» деген жазуы бар сары теңбүйір­лі үшбұрыш жапсыруға міндет­теледі. Мұндай белгісі жоқ авто­көлік жүргізушілеріне 3 АЕК немесе 11076 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Елімізде газбен жүретін 380 мыңнан астам автокөлік тіркелген.


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button