Ел тынысы

Қазақстандағы ұлттық парктер Нью-Йорктегі цифрлы көрмеде таныстырылды

Нью-Йоркте Қазақстандық ұлттық саябақтар мен табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған жобаларға арналған «Winds of Change» иммерсивті көрмесі өтті. Көрме Манхэттендегі (Нью-Йорк, АҚШ) The Canvas 3.0 галереясы мен дүкенінде Qazaq National Parks қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев: «Қазақстан әрқашан табиғи мұрасы мол және қоршаған ортаға құрметпен қарайтын ел болған және болады. «Winds of Change» көрмесі – бұл біздің ұлттық саябақтарымыздың сұлулығын көрсету ғана емес, сонымен қатар іс-әрекетке шақыру. Біз күш біріктіру арқылы болашақ ұрпақ үшін табиғи мұраны сақтап, жаһандық экологиялық өзгерістерге үлес қоса аламыз деп сенеміз», – деп атап өтті.

«Winds of Change» көрмесі американдық келушілерді қазақстандық ұлттық табиғи саябақтармен бірегей креативті жобалар арқылы таныстырады:

«Іле-Алатау тарихы» кітабы — аттас ұлттық саябақпен байланысты адамдардың әңгімелері. Кітаптың басты кейіпкерлері – өз өмірін табиғатпен байланыстырған нақты адамдар: ғалымдар, зоологтар, ботаниктер, археологтар, гляциологтар, астрономдар, орманшылар мен аңшылар, альпинистер, туристер мен еріктілер, олардың әрқайсысы оқырманмен өз өмірін Іле-Алатау табиғи паркімен байланыстыратын өзіндік, ерекше тарихымен бөліседі.

«Адам-Табиғат» жобасы —  лэнд-арт инсталляциясы, қазіргі адам табиғаттың бір бөлігі болып қала ма деген сұрақты зерттейтін жоба. Қысқартылған, бірақ өте символдық «ТЖ» деген атаумен де белгілі жоба бір кездері Аюсай шатқалында туристер қалдырған қоқыспен таулардың бітелуінің өзекті мәселесін көтереді. «ТЖ» – Алматы тауларындағы Wild Nature Volunteers еріктілердің қоғамдық сенбіліктер кезінде тапқан винтажды қоқыстарға (20-70 жас аралығындағы) арналған көрме.

The ROOTS — бұл инсталляция Тяньшань шыршасының зақымдалған тамырларын лэнд-арт түрінде жандандырады. Адамның қолындағы нәзік табиғаттың үш бейнесі адам мен табиғат арасындағы үйлесімділіктің маңыздылығын көрсетеді.

Qazaq National Parks креативті директоры Динара Гужавина: «Qazaq National Parks Алтын-Емел, Шарын және Іле-Алатау ұлттық парктерінде экологиялық туризм мен туристік инфрақұрылымды дамытуда. Біз қоғамдағы табиғатқа ұқыпты және жауапкершілікпен қарау идеяларын дамытуға ұмтыламыз».

Көрме кураторы Наргиз Магаеваның пікірінше: «Қазақстандық ұлттық саябақтар – бұл жусанның иісі, шөлді желдің сыбдыры және таулы аңғарлардың гүлденген алқаптары. «Winds of Change» көрмесі табиғатпен байланыста болған әрбір адамның ішкі әлемін өзгертетін жобалар жасауға шабыттандырады».

Көрмеге келушілер Шарын, Алтын-Емел және Іле-Алатау ұлттық парктеріне арналған Qazaq National Park өнімдерін сатып алды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button