Басты ақпаратРуханият

Қазақтың алғашқы археологы

Әлкей Хақанұлы Марғұлан – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, қазақ археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, академик, Қазақ КСР еңбек сiңірген ғылым қайраткерi. Археология, этнография, әдебиет және өнер салалары бойынша 14 томдық негізгі еңбектерінен тұратын зор ғылыми мұра қалдырды.

Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Сауатын ауыл мектебінде ашқан. 1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны тәмамдаған болашақ ғалым білімін одан әрі шыңдау мақсатында 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түсіп, оны 1925 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Осылайша, 1925 жылы Әлкей Марғұлан Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург қаласы) Шығыстану институтының филология факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп, Ленинград университеті мен өнер тарихы институтында да лекциялар тыңдап, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, қыруар әдеби және архив деректерін жинайды. Осы жылдарда ол көркем әдебиет саласында да біраз іс тындырып, орыс және шетел жазушыларының көркем шығармаларын қазақ тіліне аударады.

1928 жылдан бастап Әлкей Марғұлан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. Институтты бітірген ғалым 1931 жылы Ленинградтағы мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасына түседі. Осы кездерде қазақ елінде саяси зобалаң кезеңі басталып кеткен еді. Саяси ахуалдың байыбын байқап, көрегендік таныта білген Қаныш Сәтбаев «Сен енді идеологиясы аз, қазақ архитектурасы мен археология­сының тарихын зертте. Мұнда саған идеологиялық қудалау болмас» деп кеңес береді. Ағалық кеңесті қабыл алған Әлкей Марғұлан Оңтүстік Қазақстанда, Сырдария, Талас және Шу өзендерінің бойынан ежелгі қала мәдениетінің іздерін зерттейді. Отырар, Тараз, Сайрам және Сығанақ қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен бірге сан алуан көне аңыз әңгімелер, ертегілер мен эпикалық жырлар нұсқаларын ел арасынан көптеп жинайды. Нәтижесінде қазақ ғалымы 1950 жылы Қазақстандағы көне қалалар тарихы туралы көлемді монографиялық еңбегін жазып шығады. Бұл шығармада бірінші рет көне Қазақстандағы барлық қала өркениеті мен негізгі сауда орталықтарына жан-жақты ғылыми сипаттама, терең талдау жасалды.

1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары» туралы докторлық диссертациясын қорғап, 1960 жылы Әлкей Марғұланға профессор атағы берілді. Сонымен қатар, Әлкей Марғұлан қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеулер iсiнiң дамуына да үлесін қосып, 1958 жылы 5 томдық кітапты жарыққа шығарады. Тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстарын, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазады. Сондай-ақ ұстаздық жолын да қалыс қалдырмаған ғалым, қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады. Ғалымның жетекшілігімен 50-ден аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды.

Соғыстан кейінгі жылдары Қазақ КСР ҒА-ның тұңғыш президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың кеңесі бойынша Ә.Марғұлан көне мәдени ескерткіштерге өте бай, әлі зерттелмей, ғылым әлемі үшін беймәлім болып келген Орталық Қазақстанды өзінің негізгі нысаны етіп таңдады. Әлкей Хақанұлы мен шәкірттерінің жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Орталық Қазақстан ғылым үшін маңызды көне мәдениет және өркениет ошағы ретінде қайта ашылды. Ғалымның басшылығымен 30 жылдан астам уақыт ішінде Орталық Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қола дәуірінің және алғашқы көшпенді тайпалардың мәдениеті мен шаруашылығы жан-жақты зерттелді. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің болмысы ғылыми тұрғыда дәлелденді.

Орталық Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеулердің алғашқы нәтижесі ретінде Ә.Марғұланның басқарумен және оның тікелей қатысуымен жазылған маңызы зор монографиялық еңбек жарыққа шықты. Көп жылғы археология­лық зерттеулері негізінде Орталық Қазақстанда қола дәуірінде жоғарғы дәрежеде металлургия, оның ішінде мыс, қола және тағы да басқа да түсті металл өндіру дамығаны нақтыланды. Мұның куәсі көптеген молалар мен мавзолейлер, тұрғын үйлер құрылысы, қыштан, тастан, темірден және сүйектен жасалған бұйымдар, металл балқытатын орындар еді.

Әлкей Хақанұлы Атасу алқабы, Ұлытау аймақтарында ертедегі кен қазушылар, малшылар және егіншілердің қалашықтары болғанын анықтап, Жезқазған аймағының жерінде бұдан екі мың жыл бұрын металл қорытылғанын, яғни Қазақстанның осы бөлігі ертедегі түсті металлургияның дүниежүзілік мәні бар орталығы болғанын дәлелдейді.

Ұлытау өңірін кешенді түрде зерттеу ісі алғаш рет Әлкей Марғұланның басшылығымен 1946 жылы басталса да, бұл жұмысты Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы күні бүгінге дейін жалғастырып отыр. Соның бір дәлелі ретінде Талдысай қонысында 1992 жылдан бастап бірнеше рет қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұнда ашылған көптеген үйлер, өндірістік шеберханалар мен металлургиялық пештер, қыш ыдыс сынықтары, шаруа­шылық-тұрмыстық бұйымдарды сараптай келе, зерттеушілер бұл қоныстың өлкедегі ірі металлургиялық орталық болғанын анықтады.

Осылайша Ұлытау өңірінің зерттеліп, танылуына теңдессіз үлес қосқан Әлкей Хақанұлының еңбектерінің көмегімен табылған қаншама экспонаттар бүгінде Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің қорын толықтырып, қоржынын қампайта түскен жайы бар. Атап айтсақ, Ұлытау өңірінде «Музей ата» атанған, музейі­міздің ашылуы мен кеңейіп, қанат жаюына шексіз үлесі мен уақытын сарп еткен, музейдің алғашқы директоры болған Сүтемген Бүкіров пен Әлкей Марғұланның тығыз байланысы музей жұмысының жинақтау бағытының дамуына орасан зор әсерін берді. 1974 жылы 30 қыркүйекте Әлкей Марғұланның Сүтемген Тақабайұлына жазған хатында өлкетанушыдан кішкене мүсінтастың негативін салып жіберуін өтіне келе, хат соңында «Ұлытаудың Едіге шыңының басында тұрған Едіге обасын қазып көрсек жақсы болар еді. Онда Самарқандтағы Темірдің жазуы сияқты көп жазулар жату керек. Әзірше күш-қуат бар кезінде істелсе, дұрыс болар еді» деген екен. Міне бұл хатында ғұлама ғалымның Ұлытаудың әр тасы тұнып тұрған тарих екенін меңзейді, әрі бұл жерлердің әлі де болса зерттеуді қажет ететіндігін баса айтып, болашаққа бағыт-бағдар беріп отырғаны байқалады.

Сүтемген Тақабайұлы мен Әлкей Марғұланның өңіріміздің ежелгі тарихын зерттеуде салып кеткен сара жолын бұл күндері музейдің қызметкерлері жандандырып, жұмыс аясы мен өресін кеңейте түсті. Осының арқасында, өңіріміздің музейі сонау 1981 жылдан бастап, Ә.Марғұлан атындағы Архео­логия институтының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында археологиялық, этнографиялық, палеонтологиялық экспедициялар мен көптеген зерттеу жұмыстарына қатысып келеді. Экспедициялар барысында музейіміздің қоры археология­лық, палеонтологиялық және геологиялық коллекциялармен, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін айғақтайтын құнды жәдігерлермен, сонымен қатар кенді өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек, соғыс ардагерлерінің, кеншілер мен ауылшаруашылық қызметкерлерінің, білім, денсаулық және мәдениет өкілдерінің жеке құжаттары, заттарымен толықты.

Осы тұлғалардың бастамалары өңіріміздің тарихи-археологиялық музейі археологтарының ҚР Ғылым академиясының ­Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдас­тырған археологиялық экспедициясының құрамында болып, тәжірибе жинақтауына, сонымен қатар өлкеміздің сырға толы ескерткіштерінің жан-жақты зерттелу жұмыстарының жандануына үлкен себеп болған еді.

Жылдар өте келе, музей Жезқазған-Ұлытау өңірінің ортағасырлық ескерткіштері – Жошы Ордасы, Шотқара, Аяққамыр, Басқамыр, қола заманының Үйтас-Айдос, Қараағаш қоныстарында өз алдына жеке зерттеулерін жүргізді. 1997 жылы Жезқазған облысының тарауына байланысты музейдің тарихи-археологиялық болып өзгеруі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында б.з.д. II-мыңжылдықта мекен еткен кеншілердің Талдысай қонысы мен Теректі-Әулиедегі тастағы таңбаларды, қола заманының Айбас-Дарасы, сонымен қатар Қызылорда облысындағы сақ қорғаны Шірік-Рабатты зерттеуге зор әсерін берді.

Осылайша, Қазақстан аумағында өмір сүрген бабаларымыздың баға жетпес өркениетін, жолын айқындап берген, тарихи шындықтың бетін ашып, сара жол салған ғалым Әлкей Марғұланның мұрасын болашақ ұрпақ үшін дәріптеу біз үшін үлкен парыз екенін ұмытпағанымыз жөн. Әрқайсысы атан түйеге жүк боларлық ауқымды мәселелерді қатар алып зерттеген ғалымның мұрасы әлі талай ұрпаққа қызмет етері сөзсіз.

Берік РАХИМБЕРЛИН,
Ұлытау облыстық
тарихи-археологиялық
музейінің ғылыми
қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button