Басты ақпаратҚала мен Сала

Қоғамдық көлікке көңіл тола ма?

Жолаушылар тасымалы қызметін жетілдіру – өзектілігін ешқашан жоғалтпай келе жатқан мәселелердің бірі. Астана секілді мегаполис­те қым-қуыт қайнап жатқан қала өмірі түрлене түсіп, қалалықтар саны жыл сайын өсіп жатқанын ескерсек, қоғамдық тасымалдау ісіне өзгерістер ену керегі сөзсіз. Ал бас қалада жолаушылар тасымалы сервисі қаншалықты жақсарып келеді? Елордада қатынайтын қоғамдық көлік саны жолаушылар нөпіріне толық жауап бере ала ма?

Жаңа автобустармен толықты

Жолаушылар тасымалы қызметін оңтайландырып, жетілдіру және жақсарту ісімен Астана қаласы Көлік және жол-­көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қарасты «City Transportation Systems» ЖШС айналысады. Мекеме тасымалдау қызметінің барлық аудандарға қатынауына, бағыттардың ұтымды ұйымдастырылуына мән беріп, автобус қозғалысының бірін-бірі қайталамауын қадағалайды. Бағыттардың түзу, діттеген жерге тез жеткізетіндей қысқа болуы көзделеді. Сонымен қатар тұрғын алаптары мен әлеуметтік нысандардың бәрінің көлік қатынасымен байланысып жатуы ескеріледі. Көлік ағысын реттеу, жолаушылар ағынын, қозғалыс кестелерін тиімді құру үшін халықтың талап-тілектерін зерделеумен бірге арнайы күрделі мамандандырылған бағдарламалар қолданылады. Елордада қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын 6 автобус паркі бар, ондағы автобустың жалпы саны – 1469. Жолға күніне 1000-нан аса автобус шығады.

Жалпы қаладағы қоғамдық көлік 2015 жылдан бері Iveco Citelis, Iveco Urbanway, Iveco Crossway маркаларына жаңартылған. Олар ЕВРО-5, 6 стандартына сай келеді. 2020 жылдан экологияға зиянсыз Yutong маркалы электробус­тар алынды. Жеке автобус парк­терімен 2022-2024 жылдары Higer, GOLDEN DRAGON маркалы автобустары алынды.

– Бүгінгі таңда автобустарды сатып алу қажеттілігі әлі де бар, өйткені жыл сайын халық саны 40-50 мың тұрғынға көбейеді, сонымен қатар жылда құрылыс жүргізіліп, қоғамдық көлікпен қызмет көрсету қажет жаңа ғимараттар пайдалануға беріледі. Бұл қолданыстағы маршруттарды ұзарту және жаңа маршруттарды іске қосу қажеттілігін тудырады, ал маршрутты ұзарту кезінде автобустардың жүру аралығы артады және бұған жол бермеу мақсатында автобустарды қосу қажет. Осы факторлардың барлығы қоғамдық көлік тапшылығын қалыптастырады. Тиісінше, тапшылық үнемі өзгеріп отырады. Сол себепті желіге тағы 300 автобус шығару жоспарланып отыр, – деді «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз хатшысы Оксана Әубәкірова.

Жүргізуші неге тапшы?

Қаланың жолаушылар тасымалдау ісінде оңтайлы шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – жұрт жаппай жұмысқа барып келетін таңертеңгі-кешкі қарбалас уақыттарда қоғамдық көліктердің шамадан тыс толып кетуі. Мұндай кездері бағыттарға қосымша көліктер жіберіп, тығырықтан шығуға болар еді. Бірақ автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі салдарынан олай жасау мүмкін болмай отыр. Бұл туралы биыл қала әкімі Сарыарқа ауданында өткен жиын барысында айтқан еді.

«14 жыл бұрын жүргізуші­лердің жалақысы қанша болғанын білесіз бе? Қазір олардың жалақысы – 500-600 мың теңге. Қалада жүргізушілер жетіспей жатыр. Осы жалақыға кәсіби жүргізушілерді толық көлемде жұмысқа ала алмай отырмыз» деді Ж.Қасымбек.

Ал қоғамдық көлік тізгінін 10 жылдан аса басқарып келе жатқан елорданың №1 автобус паркінің жүргізушісі Дидар Молдабаев биыл жүргізушілердің жалақысы әлдеқайда артқанын айтады.

– Кез келген адам қоғамдық көліктің жүргізушісі бола алмайды. Оларға қойылатын нақты біліктілік талаптары бар. Үміткерлер осы талаптарға сай болғанда ғана жұмысқа қабылданып, тәжірибесіне қарай тиісінше жалақысын алады. Оның үстіне жәрдемақы да беріледі. Десе де, бұл салаға жастардың өте сирек келетінін айта кету керек, – деді астаналық жүргізуші.

Жолақысын төлеудің жаңа жүйесі

Астана қаласындағы оффлайн форматындағы жолақысын төлеу жүйесі ескіргенін ескере келе, «City Transportation Systems» ЖШС былтырдан бастап жаңа төлем жүйесі енгізуде. Оффлайн форматында алдымен қолма-­қол төлеп, кейін SMS, QR-код арқылы төлеуге ауысты. Көлік картасын толықтырсаңыз, бір тәулік күту керек болған. Қазір салынған ақша бірден көлік картасына түседі, төлем түрлері де көбейтілді. Банк картасымен, телефоныңызбен болсын төлей бересіз, яғни Астана қаласының қоғамдық көлігіндегі жолақысын «Avtobys» қосымшасының Bluetooth арнасы, автобустың борттық нөмірі, QR-код, көлік және банк карталары, сондай-ақ NFC, Apple Pay, Samsung Pay арқылы төлеуге болады.

Қазіргі уақытта «Yu Station» терминалдарынан «Көлік әмия­нының» теңгерімін лезде онлайн толтыру, сондай-ақ «Көлік әмиянының» балансын толтыру және жол жүру ақысын төлеуге тарифтерді сатып алу функциялары жүзеге асырылды. Аталмыш төлем жүйесі Kaspi.kz және Homebank банк қосымшалары арқылы жүзеге асады. Көлік карталарын лезде толықтыру үшін қалада 30 «Ю станция» терминалдары қосылды. Жолаушылардың ыңғайлығы үшін олардың саны әлі де көбейтіледі.

Жолақысына келер болсақ, 2014 жылдан бері астанада қоғамдық көлікпен жүру құны – 90 теңге. Мамырда елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Алматы ауданы тұрғындарымен кездесу барысында жақында жолақысы қымбаттайтынын жеткізген еді. Оған себеп – жолаушылар тасымалынан пайда түспейтіні және шығынның көптігі.

«Жолақысының тарифі 90 теңге болып, он жыл бұрын қабылданды. Өздеріңізге белгілі, осы уақыт ішінде бензиннің, газдың, дизельдің, жалпы жанармайдың бағасы өскен. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш бұдан 2-3 есе төмен болған. Нақты айтқанда, бір жолаушыны тасымалдау үшін автобус парктері 300 теңгеден бастап 500 теңгеге дейін жұмсайды. Арасында 300-400 теңгені жергілікті бюджеттен субсидия ретінде беріп отырмыз. Компания бір адамды тасымалдау үшін 300-400 теңге жұмсап отыр. Расында билеттің құны осындай. Жолаушы тасымалдау құны 3 есе төмен. Бірақ оны 110 теңгеге көтеруді сұрап отырмыз» деді қала әкімі.

Жолаушылар қауіпсіздігі – басты назарда

Қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын арттыру және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Астана қаласының қоғамдық көліктерін бейнебақылау және талдау жүйесі» жобасы іске қосылды. Жобаның қанатқақты кезеңі аясында қалалық бағыттағы автобустардың біріне заманауи бейнебақылау жүйелері орнатылып үлгерді. Жоба жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жолаушылар тасымалының тарифтеріне мониторинг жүргізу арқылы қоғамдық көлік қызметінің тиімділігін арттыруға, кейіннен талдау үшін деректер жинауға және тасымалдау сапасы мен қоғамдық көлікке деген сенімді арттыруға бағытталған.

Қоғамдық көліктегі өрт қауіпсіздігі – ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды тақырып. Кейбір аспектілерді қарастырсақ:

– Автобустың конструкциясы: автобустың конструкциясына қойылатын талаптарға сәйкес оның санаты мен жолаушылар сыйымдылығына байланысты есіктердің, люктердің, жолаушылар орындықтарының және өту жолдарының саны, өлшемдері мен дизайны стандартталған. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

– Өрт қаупі: барлық талаптарға қарамастан, автобустар жоғары өрт қаупімен сипатталады. Автобус салонында жанғыш сұйықтықтардың, жанар-жағармайы бар құбырлардың болуы, сондай-ақ әрлеу материалдарының жоғары түтін шығару қабілеті өрттің пайда болу және тез таралу ықтималдығын тудырады. Автобустарда 2 өрт сөндіргіш бар, олардың біреуі – жүргізуші салонында, екіншісі – жолау­шылар салонында. Сондай-ақ автобустың салонында орнатылған «авариялық балға» – жолаушыларды тасымалдауға қажетті автобус жабдығы. Ол төтенше жағдайларда әйнекті сындыру үшін қолданылады. Мәселен, қалалық №4 автобус паркі эксперименталды түрде бірнеше автобусқа пайда болған тілсіз жауды автоматты түрде сөндіретін ұнтақты өрт сөндіргіштер  орнатты.

Есіңізде болсын!

Өрт анықталса, дереу оны сөндіру және автобустан адам­дарды эвакуациялау шараларын қолдану қажет. Дүрбелеңге түспеңіз және жүргізуші нұсқау­ларын мұқият орындаңыз. Сондай-ақ Астанада көлік мамандарының біліктілігін жоғарлату орталығы бар. Жүргізушілер емтихан тапсырып, түрлі психологиялық курстардан өтеді. Өрт қауіпсіздігіне қатысты да сабақтар болады, соның ішінде зардап шеккен жолаушыларға алғашқы көмек көрсету курсынан өтеді. Қалалық Көліктік бақылау департаменті де жолақысын төлемеген адамдарды анықтаумен қатар, ауа баптағыштардың жұмысын тексереді, автобус паркінен шығарда, автобустың жарамдылығын тағы бір қадағалайды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button