Басты ақпаратҚала мен Сала

Қоршаған ортаны қорғау – елдік міндет

Қазақ – ежелден табиғатты анасындай, ондағы әрбір тіршілік иесін баласындай көріп аялаған халық. Бүгін де қоршаған ортаны қорғау Қазақстанның прогрессивті мемлекет ретінде дамуындағы негізгі міндеттердің бірі болып саналады.

Экологиялық ортаны қорғау туралы «Қазақстан – 2050» бағдарламасында да, Қазақстан Республикасы Конституциясының 31-бабында да айтылған. Әрі жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі экологиялық мәселеге байланысты жиналыстарда және өз Жолдауларында бұл мәселені бір сәтке назардан тыс қалдырған емес. Шын мәнінде «Таза Қазақстан» акциясына республиканың барлық өңіріндегі тұрғындар атсалысады. Алайда мұндай акцияларды ұйымдастырып, оны жүзеге асыруда еріктілердің еңбегі қашанда зор екенін атап өткен жөн. Міне осындай ұлттық идеяларды үйлестіруде, бірінші болып ұйысып, жұмысқа кірісетін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің жанынан 2022 жылы құрылған «Еріктілер кеңесінің» де еңбегінің үлесі зор екенін атап өткен жөн.

Бүгінге дейін аталған кеңестің ерікті мүшелері қала аумағында «Таза Қазақстан», «Таза өлке», «Жасыл аймақ», «Мөлдір бұлақ» секілді акцияларға тұрақты түрде қатысып келе жатыр. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Мусин өздерінің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін, мемлекеттік қыз­меттің имиджін арттыру, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайту екенін айтады. Сонымен қатар, ол Президенттің тікелей тапсырмасымен әрі Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан бұл акцияның еліміздің ертеңі үшін маңызды екенін атап өтті.

– Жақында ғана Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экология­лық акциясы басталып, 13 сәуір мен 11 мамыр аралығында елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» айлығы өткен болатын. Ал акция аясында ұйымдас­тырылған жалпықалалық сенбілікке Президенттің өзі қатысты. Сол жерде жастармен әңгімелесу барысында қоғамда экология мәдениетін қалыптас­тыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өткен Мемлекет басшысы: «Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек» деген болатын. Шын мәнінде табиғатты қорғау арқылы біз өз болашағымызды қорғаймыз. Өзіміз жасап жатқан қаланы абаттандыру арқылы өз денсау­лығымызды нығайтамыз. Сондықтан әрбір адам өзінің табиғат үшін істеп жатқан ісін, азаматтық борышы ретінде сезінуі тиіс, – дейді М.Мусин.

Сонымен қатар Мақсат Қабдуғалиұлы табиғатты қорғау және қала аумағын көгалдандыруда еріктілер жұмысының ерекше екендігін, әрі елдің болашағы үшін жасалатын кез келген ауқымды акцияларға «Еріктілер кеңесінің» мүшелері алғашқылардың бірі болып араласатынын алға тартты.
– Жалпы біздің еріктілер экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның бәріне де атсалысып келеді. Өйткені қазіргі уақытта табиғатты қорғау мәселесі қоршаған ортаны ұтымды пайдалану және белсенді түрлендіру өте маңызды. Сондай-ақ біздің бүгінгі міндетіміз – адамзатты мүмкіндігінше ұзақ мерзімге табиғи ресурс­тармен қамтамасыз етумен қатар, ғылым-техникалық революция дәуірінде адам өміріне қажетті салауатты экологиялық ортаны сақтау үшін барлық жағдайлар жасау. Ол үшін біз ең әуелі табиғатты қорғау керек екендігімізді терең түсінуіміз керек. Әрі бұдан кейін де ерікті мемлекеттік қызметшілер табиғатты қорғау мәселесінен өзге де ақы төленбейтін волонтерлық қызметтерді атқара беретін болады, – дейді Мақсат Қабдуғалиұлы.

Иә, бүгінгі таңда аталған еріктілер тобында 35 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олар жыл басынан бері табиғатты қорғау бойын­ша өткен 10-ға жуық іс-шараға белсене атсалысқан. Ал ерікті болып жұмыс істеу еріккеннен емес, елдің қамын ойлағаннан болу керек екендігін әрбір қала тұрғыны түсінуге тиісті қашанда.

Шапағат ӘБДІР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button