Мәдениет

Қос концерт ұсынды



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымдары қос концерт ұсынды. Оның алғашқысы Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің «Қазақквартет шақырады» циклінен «Гармония салтанаты» кеші «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы камералық залында, ал екіншісі «Forte trio» мемлекеттік триосының «New Year’s Magic» концерті филармонияның концерт залында өтті.

«Гармония салтанаты» концертінде романтизм дәуірінің жарқын өкілдерінің бірі Ф.Шуберттің ішекті аспаптар квартеті минор №13 ұсынылды. Сондай-ақ ХХ ғасырдың көрнекті композиторы ­Д.Шостаковичтің ішекті квартетке арналған шығармалары да орындалды. Соның бірі – №10 ішекті аспаптар квартеті 1964 жылы жазылып, композитордың досы Миечислав Вайнбергке арналды. Аталмыш шығарманың жазылғанына биыл 60 жыл.

Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель). Квартет құрамында дарынды, кәсіби деңгейі жоғары музыканттар – Айдар Тоқталиев (бірінші скрипка), Алексей Лебедев (екінші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт) өнер көрсетеді.

Ал «New Year’s Magic» концертінде Вольфганг Амадей Моцарт және Роберт Шуман сынды Еуропаның классик композиторларының туындылары орындалды.

«Forte trio» – 2013 жылы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано) құрған ансамбль. Бұл өнер ұжымы фортепиано, скрипка және виолончельді біріктірді. Ұжым құрамында көркемдік жетекшімен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты Мұрат Нарбеков (виолончель), халықаралық байқаулардың лауреаты Мақсат Жүсіпов (скрипка) бар. Трионың репертуары барокко музыкасынан джазға, классикалық шығармалардан заманауи композицияларға дейін кең ауқымды қамтиды.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button