Басты ақпаратБілім

Құмырсқалар құдіретін зерттейді



Әлемдегі ең еңбекқор тіршілік иелері – құмырсқалар туралы қаншама жазушы роман, повесть жазды, қаншама ғалым ғылыми еңбектеріне арқау етті десеңші! «Олардың тәртіпке бағына білушілігі – кез келген диктатордың арманы! Олардың ақыл-ойына тек қызығуға ғана болады! Олар – құмырс­қалар! Және олар біздің арамызда тұрады. Немесе біз солардың арасында тұратын шығармыз?» деп жазды Бернард Вербер өзінің атақты «Құмырсқалар» трилогиясында. Астанада осы тіршілік иесін зерттеп, құмырсқаны үй жағдайында өсірген оқушы барын естігенде тіпті таңғалғанымыз рас.

Қазіргі уақытта «ерекше» баланы қоғаммен біріктіруге және әлеуметтендіруге, оның жеке басының шығармашылық ресурсын ашуға ықпал етуге және қолдауға мүмкіндік мол. Бүгінгі таңда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға мемлекет көп көңіл бөлуде.

Асылжан Райымбекқызы – білім алуда ерекше қажеттілігі бар оқушының бірі. Астанадағы №38 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы. Сабақ үлгерімі, ынтасы өте жақсы, замандас құрбыларынан қалыспай жақсы сабақ оқып жүр, айналасының көзқуанышына айналған балапан.

Әрине, сау туған сәбидің аяқастынан ауруы анасы үшін аспаннан жай түскенмен бірдей болғаны рас. Бірақ қысылтаяң жағдаятқа тап болған соң, Асылжанның анасы тіренетін сүйеніш іздеп, балаларының келеңсіз жағдайын еңсеруге ұмтылып, алға қарай адымдайды, жай ғана адымдамай, жеңісті жолдарға қарай жетектейді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған Асылжанның анасы Назгүл Әміржанова баласы туралы былай дейді.

– Ана ретіндегі басты парызым – бала тәрбиесін тасада қалдырмай, қызымды тағдыр тәлкегінен құтқару, жанына жылу, жүрегіне шуақ, келешегіне қанат бітіру. Асылжан – тұла бойы тұңғышым, жарық дүние есігін ашқанда мүмкіндігі шектеулі болмады. Көз алдымызда құлдыраңдап өскен қаршадай қыз енді ғана мектеп табалдырығын қатарластарымен қол ұстаса аттап, әріп тануды армандап жүргенде суық тиіп ауырып қалды. Дене қызуы қатты көтерілгені соншалық, екі аяғы мен сол қолы сал болып, қимылға келмеді. Дәрігерлер оның себебін баланың полиомелитке қарсы иммундаудан уақытында өтпегенімен байланыстыр­ған. Осылайша, көптен күткен тұңғышымыздың дертіне өзімізді кінәладық, ауыртпашылыққа толы кезеңдерді бастан өткеріп, қызымды арқалап жүріп ауруханадан ауруханаға қараттым. Соның арқасында қимылсыз қалған Асылжаның қолы қалпына келіп, аяғына жан кірді. Солай еркін қозғала алмай, балдаққа тәуелді болғанмен, ол құрдастарынан қалмай мектепті өзі барып жүріп оқып, білімін жетілдірді. Асылжанның қарым-қабілетінің толық ашылуына мүмкіндік жасаймын, зор жауапкершілікпен қараймын. Оның қызығушылықтарына басымдық беремін. Мәселен, сурет салғанды жақсы көрген кезі болды, сурет үйірмелеріне апардым, жүзуге де қабілетті, бассейнге бару күн тәртібімізден қалыс қалған емес, – дейді анасы Назгүл Тұрысбекқызы.

– Асылжан – дарынды шәкірт, мектеп мақтанышы. Тағдыр теңізі қаншама рет дауылдарда шайқаса да, жағалаудан тал қармамай, ағысқа, толқынға қарсы жүзді, алға ұмтылды. Білім аламандарында кіл жүйріктен шын жүйрік анықталады демекші, шектеулі мүмкіндігіне қарамастан топ жарды, қайсарлық танытты. 2022 жылы «Зерде» республикалық зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсында аудандық, облыстық кезеңдерде І орынды иеленіп, республикалық жарыста ІІІ орынның тұғырынан көрінді. Нәтижесінде еткен еңбегі ақталып, мадақтамадан бөлек, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алды. Мектепте рейтингі асқақтап, «Жыл оқушысы-2023» атағына ие болды, – дейді №38 мектеп-лицейі директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Қамар Бірлесова.

Асылжанның құмырс­қаларға қатысты ғылыми жобаға келуіне оның қоршаған ортаға, дәлірек айтсақ, құмырсқаға деген қызығушылығы себеп болды. 2021 жылы ата-анасынан туған күніне орай ерекше сыйлық сұрап, «Мyрaвьинaя фермa» сатып алғанын қалаған екен.

– Әрине, бастапқыда, аса мән бермедім. Кейін ауылға барғанда қызығушылығын байқадым, құмырсқалардың кіріп-шыққанына мән беруі мені бейжай қалдырмады. Осылайша, туған күніне орай сыйлық тарту еттім, зерттеу жұмысымыз да осы кезден басталды. Зерттеу жұмысы барысында біз құмырсқа түрлерімен, құрылыс ерекшеліктерімен, қоғамдық өмірін бақылап, зерттедік. Біз құмырсқаларды үй жағдайында да бақылауға болатынына көз жеткіздік. Бірнеше тәжірибе өткізу барысында құмырсқалардың мінез-құлқын біліп, анықтадық. Қойған мақсатымызға жеттік, болашақта бақылау жұмысын тоқтатпай ғажайып жәндіктерді әрі қарай зерттеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Асылжанның анасы Назгүл Әміржанова.

Асылжанның анасымен бірлесе отырып жасаған «Мyрaвьинaя фермa в домaшниx условияx» тақырыбында жүргізген ғылыми жұмысы үлкен нәтижеге жетті. Ерекше баланың жеткен әр жетістігінің артында анасының орасан зор еңбегі, көз жасы, төзімі, Алладан сұраған тілегі жатыр.

Құмырсқалардың тіршілігін әлемде, елімізде ауқымды зерттеп жатқандар көп. Олардың бәрі зерттеу нысанының келешекте ғылым үшін орасан зор жаңалықтар әкелетініне сенімдіміз. Шынында да, әлі жұмбаққа толы құмырсқалар тіршілігіндегі өзімізге белгілі жақтардың өзінен алатын тағылымымыз көп қой.

– «Баламның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» дейтін елміз ғой, сәбиіміз үшін алаңдаймыз, шыбын жанымызды шүберекке түйіп, тәуекел етеміз. Дегенмен барына шүкір етіп, біз «ерекше» баланың бақытты ата- анасымыз!, – дейді анасы тебірене отырып.

№38 мектеп-лицей ұжымы, ұстаздары Асылжанды, анасын үнемі қолдайды, олар оқушының таудай талабына дән риза, қолынан келгенше көмек берумен келеді.

Халық даналығы «Әркімге шыдай алатындай сын беріледі» дейді. Ең бастысы, қол жеткен сәтке тоқтап қалмай, жақсылыққа сене білсең алынбайтын қамал жоқ. Ендеше Асылжан секілді аяулы балапанның айналасына анасындай, ұстаздарындай, достарындай жақсы, мейірімді жандарды жіберді. Алда асар асуы, белесі биік, тұғырлы болғай!


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button