Басты ақпаратҚоғам

Құрылысшының құндылықтары

Елорданың өсіп-өркендеуіне атсалысқан адамдар аз емес. Сондай азаматтың бірі – Қазақстанның құрметті құрылысшысы, еңбек ардагері Мақсот Мұхатов. Ол 1946 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. 1974 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын тәмамдаған. Үш жыл туған жерінде жұмыс істеген. 1977 жылы Целиноград қаласына көшіп келіп, Тың темір жолы мекемесіне прораб болып орналасқан. Содан бері осы қалада тұрады.

Білікті құрылысшы ретінде, нақты айтар болсақ: теміржол вокзалының аумағындағы 100 және 70 пәтерлік тұрғын үйлер, Желтоқсан көшесіндегі 100 пәтерлік үй, «Астана» концерт залына (бұрынғы «Конгресс-холл») өтетін жерасты жолы, С.Сейфуллин көшесіндегі Бас прокуратура ғимараты, Жеңіс даңғылы мен А.Бараев көшесіндегі 9 қабатты үйлер, «Жастар» шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйлер құрылысының салынуына қатысып, өз қолтаңбасын қалдырды.

Қазақстанның бас қаласы Арқа төсіне қоныс аударған кезеңде құрылыс деңгейі аса кең көлемде, зор қарқынмен жүргізілді. Мақсот Өтешұлы Астанада салынып жатқан құрылыстың басы-қасында болды. Зейнеткерлік жасқа жеткенше 15 жыл бойы Мемлекеттік архитектуралық сәулет-бақылау мекемесінде және Құрылыс комитетінде қызмет істеп, мемлекеттік аса маңызы бар ғимараттардың салыну барысында сапасын бақылады.

Бүгінгі таңда Мақсот Өтеш­ұлы мен Сая Хамитқызының ұл-қыздары жеке шаңырақ көтерген, немерелері өсіп келеді. Мамандығы құрылысшы болса да, көзі қарақты, ойы зерделі азамат ел тарихы, әдебиет пен мәдениет туралы да терең толғанады. Кейінгі толқынға білім мен ғылымға терең ден қоюдың маңыздылығын, имандылық құндылықтарын ұғындырып келеді.

– Мақсот Өтешұлы, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы ой-пікіріңізді ортаға салсаңыз?

– Кешегі індет кезінде ауырмай қалған адам сирек шығар. Дені сап-сау шауып жүрген қаншама замандастарымыз өмірден озып кетті? Бұл індет бізге екі нәрсенің қымбат екенін түсіндірді. Бірінші – өмір, екінші – адам. Өз денсаулығымызға көңіл бөлмей қалатын кезіміз болады. «Сақтанғанды Алла сақтайды» дегендей, өз-өзімізге қарап, бір-бірімізді сыйлап, ынтымақта өмір сүрсек, бұл жалғанның рахаты сол екен! Өмірден өнегелі ой түйген адам ғана салиқалы ой айтады. 93 жас жасаған Есбол деген атамыз болды. Бүкіл ғұмырын мал бағуға арнады. Жылқышы болды. Сиыр мен қойды да бақты. Ұлы Отан соғысы кезінде зайыбы Айжан екеуі колхоздың бір мың саулық қойын бақты. Ол кезде шопандардың көмекшісі болмайтын. Жазда шөп шабу үшін трактор жоқ. 19 бен 40 жас аралығындағы азаматтардың бәрі соғыста. Сонда ерлі-зайыпты екеуі жаздың аптап ыстығында шөп шауып, пішен дайындайды. 1000 қойды құдықтан қауғамен суарады. Қозы төлдеген кезде де оларға жәрдем беретін ешкім жоқ. Ерен еңбектің арқасында малдың басын өсіре білді. Соғыс кезінде Сталин атындағы ұжымшар еді, кейін асыл тұқымды «Бірлік» қой кеңшары болды. Есбол атамыз аздап құран оқитын еді. Ораза уақытында қойға бас-көз болуға әйелін қалдырып, өзі салт атпен шығып, 50-60 шақырым жердегі қойшы замандастарына барып, ауызашар береді. Шамасы ол жер шопандар жақын отыратын аумақ болуы керек. Ол кезде бір ай бұрын «осындай күні ауыз аштырамыз» деп хабар жібереді. Сонда саусақпен санағандай ақсақалдарымыз болды. Есбол атамыз: «Адамдармен қарым-
қатынастағы ең бағалы ­қасиет – сыйластық. Оған ештеңе жетпейді. Өмірдің маңызы да сонда. Оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуіміз керек» дейтін еді. Сонда арамыздағы ағалар сұрақ қояды. «Бір-бірімізді қонаққа шақырып, сыйласып жатамыз. Одан артық не керек?» дегенде, атамыз: «Жоқ, әңгіме ішіп-жеуде емес. Өмірдің мәні – ауызбіршілікте, ынтымақта. Жарасым болған жерде ғана ісің алға басады, арманың орындалады. Төңірегіндегі адамдар сенің мақсатқа жетуіңе шынайы тілекші болады. Бір-бірін құрметтеу – әрбір адамның парызы» деп түсіндіретін.

– Өнегелі ұрпақ өсіруде қандай мәселені ескеруіміз керек?

– Абай Құнанбайұлы 38-қара сөзінде тән мен жанның саулығы адамға туабітті берілетінін айта келіп, ал өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болатынын жазған. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру адам баласының ең биік мақсат-мұраты болуы керек. Ұстаз – баланың ата-анасынан кейінгі екінші ата-ана. Әр баланың азамат болып қалыптасуына алған тәрбиесі, білімі, қоғамға келтіретін пайдасы, өскен ортасы тікелей әсер етеді. Ел үшін деп еңбек ететін, халықтың мұңын жоқтайтын тұлғаның бойына бітетін барлық қасиет бала күнінде өз үйі мен мектеп қабырғасында жүргенде басталады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлт­қа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп айтқан сөзі қазақ жұртына ұран болып қалған. Сондықтан баланың жақсы азамат болып өскені – ұстаз бен ата-ананың ортақ жемісі!

– Бүгінде балалар кітап оқығысы келмейді. Ұялы телефонға көп үңіледі. Осы үлкен проблема болып тұр. Сондықтан жас ата-ана бала тәрбиесінде қандай жайттарға көбірек көңіл бөлгені жөн?

– Қай буындағы ата-ананы алып қарасақ та, жастар тәрбие­сінде кемшілік өте көп. Әр адам өмірдегі жағдайды өз деңгеймен өлшеуі керек. Мысалы, ұстаздар мен ата-ананың қызметтік не шығармашылық деңгейі емес, бірінші кезекте адамгершілік деңгейі жоғары болса, сондай мектеп пен сол үйден шыққан баланың тәрбиесі жақсы болады. Өйткені әке-шешесі өз бойына ата қанымен, ана сүтімен дарыған бүкіл жақсылыққа бастайтын тәрбиесін балаларына бере біледі. Осы жағынан алып қарағанда, қазір көп отбасында ондай деңгей жоқ. Соның салдарынан біз жастар тәрбиесінде олқылықтарға жол беріп алдық. Мектеп оқушылары қазақша сөйлемейді деп реніш білдіреміз. Бұл жерде де ата-ана мен ұстаздар бірлесе жұмыс жүргізуі керек. Ендеше, кінә өзімізден. Ұл мен қызға мемлекеттік тілді, өз ана тіліңді білудің маңыздылығын ұғындыра алмай жүрміз. Тәрбие болмаса, ол баладан қандай нәтиже күтесіз? Ал тәрбие­лі, білімді балалар өмірде өз орындарын тауып, елді, осы қоғамды алға жетелейтін болады. Ұрпақ тәрбиесі қашан да маңыздылығын жоймайды. Өз бетіне жіберіп алмағанымыз жөн. Бала тәрбиесін ұлттық негізде қалыптастырудың ортақ тұжырымдамасын жасауымыз керек деп ойлаймын. Соның басты-басты қағидаттары жүзеге асса, қай бала да азамат болып қалыптасатыны анық.

Сұхбаттасқан Айбатыр

САМИҒОЛЛАҰЛЫ,Астана

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button