Қоғам

Қылмыс заңдарының эволюциясы

Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де «Қылмыс заңдарының эволюциясы: 1922 жылғы қылмыс заңы» жобасына арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның мақсаты құқықтық білім беруді дамыту, атап өткенде заң факультеттерінде мемлекеттік тілдегі білім берудің жəне бағдарламалардың сапасын арттыру, қазақ тіліндегі құқықтық əдебиеттер мен оқулықтардың əзірленуіне және Maqsut Narikbayev University тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жан жақты қолдау көрсету. Сондай-ақ, заңдарды мемлекекттік тілде əзірлеу жəне оларды құқықтық тұрғыдан жетілдіру жұмыстарын жалғастырып, заң шығару процесінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.

Талқылауға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қыдырəлі Дархан Қуандықұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы, ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, Заңнама жəне сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Құспан Абзал Темірғалиұлы, Maqsut Narikbayev University Басқарма Төрағасы Нәрібаев Талғат Мақсұтұлы, ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, Заңнама жəне сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Шапақ Унзила Шапаққызы, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Лингвистикалық орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Нұрзада Маханбетұлы Примашев, Философия ғылымдарының кандидаты, MNU Ислам жəне қазақ құқығының ғылыми қызметкері Сандыбаев Жалғас Садуахасұлы, MNU профессоры Жұмағали Алмас және тағы да басқа сала мамандары қатысты.

Шараның ашылу барасында Maqsut Narikbayev University Басқарма Төрағасы Талғат Нәрібаев басқосу ХХ ғасыр басындағы алаш заңгерлерінің еңбектеріне арналғанын атап өтті.

«Бүгінгі бас қосу ХХ ғасыр басындағы алаш заңгерлерінің еңбектеріне арналып отыр. Қазақ әліпбиі тарихта үш рет ауысты, сондықтан қазіргі заңгерлер сол кезеңдегі еңбектерден қол үзіп қалды. Ол еңбектер қазіргі құқық ғылымы үшін өте маңызды. MNU ғалымдары мен студенттері осы олқылықты толтыруда. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасады деп үміттенеміз», – деді ол.

Сондай-ақ Талғат мырза MNU қабырғасында осы сала бойынша мемлекеттік тілде сабақ беретін сапалы мамандарды жұмысқа тарту, қазақ тілінде сапалы құқықтық контент жасау, құқықтық ғылыми мектептерді жаңғырту сияқты жұмыстардың атқарылып жатқанын, «Қазақ құқығы» деген түсінік қалыптастыру мақсатында «Ислам және қазақ құқығы орталығы» құрылғанын айтты.

Дөңгелек үстел аясында 1922 жылы қабылданған «Қылмыс заңы», Алаш заңгерлері аударған заңдардың құқықтық жүйесі, заң шығармашылығын мемлекеттік тілге көшіру бойынша атқарылған жұмыстар, қазақ тіліндегі заң терминологиясы, сондай-ақ «Қылмыс заңында» ұшырасатын араб  және парсы тектес сөздердің түсіндірмесі сияқты тақырыптар талқыланды.

«Жалпы 1924 жылы қазақ ғалымдарының I съезі болған. Сол съезде Алаш қайраткерлері терминдерді қолға алу керектігі туралы шешім қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта төте жазу бойынша өте көп мұраларымыз бар, солардың қазіргі ғылымға, заң терминологиясына септігін тигізіп жатқанын көріп жүрміз. Сондай-ақ, MNU студенттерінің сабақтан тыс, өз қызығушылықтарынан төте жазу үйреніп, меңгергені мені қуантты. Себебі қазіргі таңда бұл сала – өте өзекті. Құжаттардың, заңнама аудармасының сапасы кейде сын көтермейді. Содан кейін екіжақты тұжырым жасалып жатады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қыдырəлі Дархан Қуандықұлы.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар құқықтық білім беруді дамыту, заң шығару процестері, құқықтық терминологияны біріздендіру үшін бірлесіп жұмыс істеуге, сонымен қатар құқықтық білім беру мен заң шығару процесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды қолдайтындары және жүзеге асыруға белсенді ат салысатыны туралы мәлімдеме жасап, декларацияға қол қойды.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button