Елорда тынысы

«Қымызмұрындық» – ерекше мереке



Астанада Сарыарқа аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мен «Елорда ақсақалдары кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қымызмұрындық» мерекесі өтті.

Аға буын өкілдерінің ежелден тойланып келе жатқан қымыз­мұрындық мерекесін дәріптеп,  оның маңыздылығын насихаттау мақсатында өткен мәдени іс-шараға орталықтың өнерпаздары, зейнеткерлер мен жастар қатысты. Астана төңірегіндегі ауылдарда ашытылған қымыздың дәмін дәстүр бойынша алдымен ақсақалдар татып, жиналған жұртқа бата берді. Осыдан кейін ойын-сауыққа кезек берілді.

Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байланып, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң, екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаң «қымыз­мұрындыққа» шақырылады. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне рақмет айтып, батасын береді. Осылайша бие байланған кезде «қымызмұрындық» жасаған халқымыз күзде соңғы қымыздан ауыл ақсақалдарына тағы да дәм таттырып, «сіргежияр» жасаған. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлылықты, жомарттық пен мәрттікті көрсетеді. Дегенмен, соңғы кездері бұл дәстүр де ұмытыла бастаған еді.

– Қымызмұрындық ұмытылып бара жатқан дәстүріміз еді. Бүгін осы дәстүрді бас қаланың төрінде жаңғыртудың мәні өте зор. Бұл ел бойынша тойлайтын мереке. Сондықтан да біз құзырлы орындарға, ­министрлерге «Қымызмұрындық» мерекесін республика бойынша тойласақ деген өтініш айтып жатырмыз, – деді іс-шараға арнайы қатысуға келген қоғам қайраткері, ағартушы ұстаз, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оспан Сүлейменұлы.

Мерекеде қазақтың ұмыт болып бара жатқан тағы бір өнері – өрімшілік те жұрт назарына ұсынылды. Өрімдей жастар сол жерде қамшы өріп, өз өнерлерін көрсетті.

«Өрімшілікті Талғат дейтін ағайымнан үйрендім. Қазір 6, 8, 12 таспадан өрім өре аламын. Өрімшілік өнерге қатты қызығамын, болашақта ұлтымыздың осы өнерін ұмыт қалдырмай, дамытуға үлесімді қосқым келеді» деді Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп гимназияның оқушысы Рамазан Тұрғанбек.

Аяла АБЗАЛҚЫЗЫ,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button