ӘлеуметБасты ақпарат

«Қызыл трактор» біздің трактор емес

Отбасы әрбір адамның жер бетінде аяғынан нық тұрғызатын қасиетті тұғыры екені баршаңызға мәлім. Бесігі бекем баланың өмірдің дауылдарына төтеп берер қауқары мықты болады. Бірақ қазақ отбасының қазіргі жағдайы қазығы суырылып кеткен жылқыдай өз бетімен ауа жайылып жүр.

Қазақтың болашағына жаны ашығандардың қазіргі қазақ отбасының даму бағдарын болжап, оның терең трансформация кезеңінде екенін айтып жатыр. Ол аздай отбасы институтының ғаламдық өзгерісі де бізді шарпып, керек десеңіз, әлеуметтік құрылым мен ұлттың дағдарысы ретінде ұлтымыздың құндылықтарының орны ауысу үрдісі көз алдымызда өтіп жатыр. Оның бір белгісі  бала туу деңгейі төмендеді. Ресми тіркеліп, некесін қиған жұптар саны азайып, қаласа – бірге, қаламаса – бөлек тұратындар көбейіп жатыр. Некенің берекесі кеткен соң, алғашқы қиындықтан аса алмай ажырасу әдетке айналды. Қарттан қадір кетті, балаға пейіл жоқ. Бұл бүкіл отбасындағы күрделі жайттың көрінісі ретінде жиілеп кеткені соншама әрі екінің бірінің басындағы жағдай болған соң да ештеңеге таң қалмайтын болдық.

Отбасылық құндылықтардың шайқалып, өзгелердің ұстанымы мен идеясы  қазақы қалпымызға орасан соққы болып тигеніне бей-жай қарап, оны жаһандану, гендерлік саясат тағы басқа да себептердің астарында жауырды жаба тоқимыз. Бір жағынан қарағанда, заман өзгерді, заманына қарай амалы өзгерді дерсіз.

Алысқа бармай-ақ қоялық, «баланы бесіктен» деген халықпыз. Десе де, автобустарда жиі байқаймыз, сәбиіне «көк трактор» клипін қосып қойып, алданыш қылатындар көп. Соңғы хит болса керек. Бала түгілі, ересектерді де бау­рап алатын, ырғағы да жақсы, мағынасы да жаман емес, соңғы технологиямен қызылды-жасылды етіп-ақ түсірген. Бірақ, қызыл трактор қазақтың тракторы емес, тілі басқа

Расында, заманға салған жеңіл. Ізгілік, сүйіспеншілік, отбасындағы үйлесім, үлкенді кіші тыңдауы, ер-заматтың ірілігі, әйелі ерін сыйлауы, қиыншылықтарды жеңудің жолы, өмірдің қуаныштарына қуана білу, яғни адамның адамдығының белгісі ретінде санамыздан өшіп барады. Оның жақсы үлгісі кешегі өткен жақсыларымыздың басында болып еді. Бір ұстанымға үйіріліп, содан үлгі алып, сол тәжірибемен өз жолымызды тапқан да едік. Қазіргі күнде ақпараттан таршылық жоқ. Тек таңдау жасай алмайтын болдық. Тұғырында мығым отырмағандар мен өмірді енді бастағандар жақсылықтың қайнарын қайдан тауып, шөлін қалай қандырады?

Алысқа бармай-ақ қоялық, «баланы бесіктен» деген халықпыз. Десе де, автобустарда жиі байқаймыз, сәбиіне «көк трактор» клипін қосып қойып, алданыш қылатындар көп. Соңғы хит болса керек. Бала түгілі, ересектерді де бау­рап алатын, ырғағы да жақсы, мағынасы да жаман емес, соңғы технологиямен қызылды-жасылды етіп-ақ түсірген. Бірақ, қызыл трактор қазақтың тракторы емес, тілі басқа.

«Қызыл тракторды» көріп-естіп өскен бала, тілі шыға келе айналасын танып-біліп өзін қоғамның бір мүшесі ретінде еркін сезінуі үшін құмарта көретін мультфильмдерін осы қатардан іздейді. Оған ұсынатын кішкентай жүректі мейірім, шапағатқа бөлейтін, адалдық жолын меңзейтін мультфильмдеріміз қайда? Кейіпкерлері аударылып-төңкеріліп жүрген «Алдаркөсе» мультсериалын айтамыз ба?!

Балаға үлгі ретінде көрсеткіңіз келетін нәрсені «тик-токтан» табу қиын.  Керісінше, оның зиянын тілмен айтып та жеткізе алмайсыз. Оған тыйым да сала алмайсыз. Ендеше жүйелі түрде бала тәрбиесінде маңызы бар мазмұнмен анимацияның мүмкіндіктерін молынан пайдалануға болады ғой. Баласы дүниеге келместен смартфон ұстататын келіндердің бұл әдетін қойдыра алмайтын, әлди-әлди айтатын әже жоқ заманда жақсылықты мультфильмнен үйренер деген үміт қой.

Бала тәрбиесінде олардың өз ортасына әлеуметтенуіне бейімделу үрдісін жеңілдететін, өз жолын табуға көмектесетін заманауи жоғары сапалы, ұлттық құндылықтардың дәнегін егетін анимациялық фильмдерге назар аударған жөн. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» естеріңізде болар. Әрине, ертегі-қиялға негізделгеніне қарамастан дәл осындай туындылар балаларға көптеген пайдалы ақпарат береді. Жақсысына елітіп, жаманынан жиренеді.

Мұндай фильмдерді шығарғанда немесе шетелдік туындыларды ана тіліне аударғанда отбасылық тақырыбын басты назарға алып, соған қатысты маңызды және құнды эпизодтарды қамтыған жөн. Отбасы үйлесімі, әсіресе, ата-ана мен бала арасында сенім, түсіністік, қарым-қатынас қандай жағдайда үйлесім табатынын, қалай орнайтынын нақты мысалдармен анық көрсетілген фильмдерді шығаруды қолға алу керек. Бұл өскелең ұрпақтың отбасының бастауы ретіндегі көзқарасын, түсінігін қалыптастырып, тәрбиедегі кемшілігін түзетуге мүмкіндік береді. Бала өзгенің қылығынан үлгі-өнеге алып, өзі үшін де өзге үшін де жауапкершілікті сезінетін, жеке тұлға болып қалыптасуы үшін қажеттінің бәрін дұрыс қайнар көзден қабылдайтын болады.

Алдағы уақытта осы құндылықтарды дәріптейтін фильм­дерден бастап әлеуметтік жарнама болса да күнделікті көз алдымыздан кетпейтін, үлкен-кішіні ізгілікке үндейтін түрлі туындылардың легін жолға қою керек.  Табиғатынан тозып, болмысынан бұзылып бара жатқан ұлттың рухын оятатын, жігерін қайрайтын қандай амал болса да әрекет еткен жөн, әйтпесе кеш қаламыз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button