Білім

«Рәміздерім – мақтанышым!»

Бүгін Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Атаулы күнге орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінің бас ғимараты алдындағы Ұстаздар аллеясында «Рәміздерім – мақтанышым!» мерекелік іс-шарасы өткізілді. Оны Астана қаласының Білім басқармасы және Әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтауға арналған салтанатты іс-шараға елордалық мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері мен педагогтері, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты “Балаларды ерте дамыту институты”, Білім басқармасының өкілдері, шақырылған қонақтар мен  әлеуметтік серіктестер қатысты.

Балабақша тәрбиеленушілері қылқаламмен мемлекеттік рәміздерімізді – Әнұран, Елтаңба, Туды ұлықтап, түрлі-түсті бояу арқылы сүйіспеншілігін жеткізсе, ұлттық нақышта, аспанкөк түсті киінген жұлдыздай жарқыраған өрендер ашық аспан астында би билеп,  тақпақ айтып, ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады, ойын ойнап, шынығып, тәтті жеп, айналаны шаттыққа бөледі.

Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз әркез шырқалып, елтаңбамыз елдігіміз бен бірлігіміздің символына айналғаны соған дәлел.

Жиынға қатысқан педагогтар, тәрбиеленушілер, ата-аналар, қала тұрғындары Тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеп, қастерлеп, қадірін түсіну керектігін айтты. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін, еліміздің символы – мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – бәріміздің міндетті парызымыз.

​         – Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз, – деді Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институты директорының орынбасары Мариям Ерманова.

Салтанатты іс-шарадағы елордалық білім алушылардың өнері, білімі мерекенің шырайын ашып, патриоттық рухымызды асқақтата түсті.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button