Құқық

Сайыпқыран сақшы

23 маусым – полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Полиция – қоғамдық тәртіптің күзетшісі. Ал тәртіп – тыныштығымыздың кепілі. 

Өйткені олар қандай да бір мерекеде көңілдері алаңсыз боп, ел қатарлы демала да алмайды. Оған мойындарындағы міндеттің ауырлығы мүмкіндік бермейді. Солай бола тұрса да антына адалдығын бұзбаған қырағы сақшыларымыз бір сәтке де өздерін босаңсытқан емес. Солардың бірі – Астана қаласы Полиция Департаменті арнайы жұмылдыру және даяр­лау басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Шалқар Баржақсынов.

Ол Ішкі істер органдарында қызметін 2002 жылдан бастап, Есіл ауданы полиция басқармасының жеке құрамын тікелей қадағалап, сақшылардың кәсіби даярлығына жауапты болып қызмет етіп келеді. Өзі – қоян-­қолтық ұрыстан және еркін күрестен спорт шебері. Ол міне, осы өнерін қазіргі таңда Астана қаласының 5 мыңға жуық полиция қызметкерлеріне үйретіп жүр. Кейіпкеріміз қоғамдық орындарда полиция өзін де, халықты да қорғай білуі керек деп есептейтінін айтады.

– Мен күнделікті кестеге сәйкес полицияларға өзімнің білген тәжірибеммен бөлісемін. Онда спорттың бірнеше түрінен және қару ұстаумен қатар қаскөйлерден қорғанудың амал тәсілін үйретіп, сабақ беремін. Қазіргі таңда басқармада 25-ке жуық адам қызмет етеміз. Басшылық құрамды қоспағанда 16-ға таяу біздің қызметкерлеріміз күнде жаттығу алаңында полицияларды түрлі қорғану тәсілдеріне жаттықтырады. Өйткені полиция қызметкерлері халықтың бірден-бір қорғанышы болғандықтан, ең әуелі олар өздерін қорғай алуы тиіс. Әрі қандай да бір жағдайға тап болғанда айналасына залал келтірмей шешудің жолын қарастырып, тез әрекет етуі керек. Ал мұндайда күнделікті жаттығу жасап тұрғанның пайдасы зор, – дейді.

Сондай-ақ батыр бабаларымыз жауға шапқанда бес қаруын асынып, неше түрлі өнерге жаттыққаны сияқты полициялардың да бес қаруы қашанда дайын жүруі керек деп білетінін айтқан ол, полиция өзінің жүктелген міндетін мүлт кетірмей орындауы арқылы халықтың сеніміне ие бола алатынын алға тартады.

– Әрине, арнайы полиция екендігімізді білдіріп тұратын форма киген адамдар болғандықтан, елдің барлығы да бізге өзінің қорғанышы ретінде қарайды. Сақшылар әртүрлі жағдайда жол таба білетін сергектікке ие болуы керек. Әрі полиция қызметкері болған адам қару ұстай білуден бөлек, суда жүзуді де, қылмыскерді психологиялық түрде қорқытуды да білуі керек. Міне, ол сонда ғана өзінің қызметін қай кезде болса да лайықты атқара алады. Әрі спортпен айналысып тұрған адамның өзін-өзі сергек ұстайтыны екібастан белгілі. Сондықтан да полицияларға күнделікті жаттығу жасату барысында өз денсаулықтарын аялауды, білімдерін арттырып отыруды айтып отырамын. Менің ойымша, тәртіп сақшылары күн сайын спорт дағдыларына дайындалып, арнайы сынақ қабылдап, азаматтарды қорғай алатындай қабілеті мен дене шымырлығын дамытып, білек күші мен нысананы дәлдеу дағдысына да жетік болуы шарт, – дейді Ш.Баржақсынов.

Сөз арасында ол Президенттің полицияларға жүктеген тапсырмасының мән-маңызына тоқталып және сол бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да тілге тиек етті.

– Батыр Бауыржан Момыш­ұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Расында да мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін темірдей тәртіп қажет. Онсыз алға басу мүмкін емес. Бұл тұрғыда Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен құқық қорғау органдарын реформалау жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы жаңа бастамалар 2019 жылдан бастау алғаны белгілі. Сол жылғы 17 сәуірде өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесіндегі реформаның негізгі міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын мүлтіксіз қамтамасыз ету екенін айтып, ведомствоның алдына құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы міндет қою керек екендігін айтқан Мемлекет басшысы «Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыс­тары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді» деп айтқан болатын. Бұл біз үшін шын мәнінде сенім мен артылған міндет деп білеміз. Сондықтан Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында тынбай еңбектеніп жатырмыз. Айналып келгенде, бәріміз де – осы мемлекеттің болашағы үшін тер төгіп жүрген жандармыз. Сондықтан мен ел азаматтарын қарапайым және мемлекеттік қызметші деп бөлмеймін. Өйткені Отан алдында  біріміз перзенттік борышымызды атқаруға, біріміз адамдық міндетімізді өтеу үшін барымызды салып жүрміз. Сондықтан да полиция әрқашан халықпен бірге, халықтың да бізбен бірге болғаны маңызды, – дейді Шалқар Мұхамбетұлы.

Міне, осындай жұрты үшін істеп, ұлт үшін еңбек етіп келе жатқан Шалқар сияқты сайып­қыран сақшылардың болуы – халқымыздың да ортақ қуанышы. Жастар, міне, осындай мемлекеттік қызметкерлерден тәлім алса, болашағымыз бұдан да жарқын болатынына сеніміміз кәміл қашанда.

Шапағат ӘБДІР

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button