Басты ақпаратҚоғам

«Салтанат синдромы»



Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бірқатар қалалық басқармалармен, үкіметтік емес ұйымдармен және БАҚ-пен бірге белсенді жұмыс істейді. Еліміздегі гендерлік саясаттың жүзеге асыру мақсатындағы көп шаралардың бірі – әйелдер мен балаларға қарсы зорлықты түп-тамырымен жою болып табылады. Соның бірі – дағдарыс орталықтары, сенiм телефондары, зорлық құрбандарына арналған баспаналар мен паналау желiлерiн кеңейту көзделуде. Елордада 75 орындық төрт баспана жұмыс істейді. Өткен жылы сол орталықтарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 211 құрбаны мен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар, оның ішінде 63 әйел мен 148 баланы қабылдады.

Ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты көп айтылып, тиісінше бағаланып, көңіл бөлінбей келгені рас. Қоғамда осы тұрғысында орын алған оқиғалардың жалпыға қатысы жоқ, тек жекелеген адамдарға қатысты қабылданатын. Үлкен қалаларда зорлық-зомбылыққа қатысты орталықтар жұмысына да қоғам салғырт қарайтын. Оның жұмысы да бүркемеленіп, қоғам назарына түсе бермейтін. Оған әйелдердің өздері де себепкер. Ашынып айтқан жоқ, басындағы қасіретті жеткізуге дәрмені де намысы да болмады. Қоғам алдындағы ұят, күйеуі алдындағы қорқыныш, балаларды қалай жеткізем деген уайым, одан қалды эмоционалдық тәуелділік үйдегі жанжалды сыртқа шығармауға үйретіп, іштен тынған әйел-байғұстың күнін тозаққа айналдыратын. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деп ер адамның  әйеліне жасаған зорлығын, қиянатын айтып отырмыз. Жай сөзбен айтқанда, ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңнің соңы төбелеске айналуы. Зорлық тек жұдырықпен шектеліп қалмайды. Қаражаттан қысу, кемсіту-мұқату да осы санатқа кіреді. Әйел жаратылысынан еркектің күшіне қарсы тұра алмайды. Мұндайда «ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» демекші, жақындарынан қолдау болмай, адамның өзгеретініне деген үзілмейтін үмітімен өмірін жалғастыра береді. Бұл барлық қазақ отбасына тән жағдай деп айта аламыз. Өмірінде бір рет болса да тұщы етіне ащы таяқ тимеген әйел жоқтың қасы. Оның дұрыс еместігін, қол көтеруге болмайтынын, бірлесе өмір сүрудің басқа жолын қарастырудың қажеттігін  батыл айтып отырмыз. Бұл батылдық елордада өтіп жатқан сот процесінің жаңғырығы десе болады. Марқұм Салтанаттың өлімі жай өлім болған жоқ, бұл қатыгез күйеуінің жұдырығына жаншылып жүрген талай бейбақтың санасына тиген тоқпақтай болды. Жауыздықпен өлтірілген Салтанат өлімінен кейін зорлық-зомбылық әлеуметтік мәселе ретінде айқындала бастайтын болады.

Әрине, айналаны топан су басып, барша қазақстандықтар жанын шүберекке түйіп отыр­ғанда елдің назарын аударып шуылдатқаннан не пайда дейтіндер де табылар. Тіпті, қанішердің қылығын ақтап алғысы келетіндер де жоқ емес. Алайда мұны қоғамның ізгіленуіне, мейірленуіне, әйел мен еркек арасындағы жаңа қарым-қатынастың қалыптасуына бір септігі тиер деп қабылдауымыз керек. Егер Астанада сот ашық өтпесе, оның әрбір сәтін, әрбір сөзін барша халық көзін аудармай көріп отырмағанда әсері мұндай болмас еді. Сот болған соң, тұрмыстың қағаберістегі көлеңкелері айтылады, көп нәрсе көтеріледі, ұятты жағдайлар жұртшылыққа жетеді, қылмыскердің қаншалықты азғындалғаны да осы процесте анық болады. Бола берсін. Қоғам да осылайша кірден тазарады. Жаңа сапаға көшетін өткел болмақ.

Жаңа сапа дегеніміз не? Ол – жақын адамдардың сіз-біздесуінің жоғары мәдениетінің қалыптасуы. Сыйластықтың салтанаты. Кейде бейтаныс адамдармен сыйласа алатын басымыз, өз отбасымызға, ең жақынымызға келгенде тарылатынымыз қалай? Отбасы бақыты дегеніміз не дегенде көбіміз мүдіреміз. Әйел анадай болу керек, мынадай болу керек дегендей, отбасы институтының бар жауапкершілігін бір әйелдің басына үйіп-төгіп қоямыз. Дұрыс па?! Бұл – қазіргі уақытта қоғамда кең тараған түсінік. Әйелдің отбасының сақтаушысы екені белгілі. Жаратылыс жүктеген сол міндетін атқару үшін көбінесе әйел болашақ жарын таңдарда қорған болар қамалды,  тұрақтылықты және бақуатты өмір сүру деңгейін алға шығарады, соған кепіл болатын адамды іздейді.

Егер аталарымыздың заманындағы классикалық патриар­халдық отбасын алып қарасақ, әжелеріміз сол міндетіне адал болып, абыроймен атқарды. Қорған болар жар таңдап, біздің әкелерімізді жетілдірді. Десе де, күні бүгінде көп нәрсе өзгергенін ер-азаматтардың мойындағысы жоқ. Әке-күйеу, әдетте, аз-мұз ақша тапқанын міндетсініп, әрі кетсе ас ішіп, аяқ босатып, жұмысына барып келіп, тағы басқа шаруаны бітіргеннен асып кетпейді. Онысына қоймай, ол өз әйелінен және басқа мүшелерінен де отбасының барлық тірлігін қамтамасыз ететін қызметтердің мүлтіксіз орындауын қатаң түрде «талап етеді». Өзіндей немесе одан көп ақша тауып отырған  әйелінің  орнын елегісі келмейді. Әйел де тұлға болып қалыптасып, ағайын-туыстың ғана емес қоғамның да белсендісі болып, алға қойған армандарына қол жеткізгісі келеді. Әйел білім саласында да, қоғамдық өмірде де белсенді субъект ретінде танылғалы қашан. Бірақ отбасында бұл сұраныс қолдау таппайды. Қоғам да ақырындап гендерлік саясатты қалыптастырып келеді. Бүгінде әйел тәуелсіз, ақылды, білімді, мансап биігіне көтеріле алады. Кей жағдайда бір өзі бір отбасын «сүйреп» келетіндері бар. Мұндай әйелдерді білектің күшімен ұстай алмайтынына әркімнің де көзі жетуі тиіс. «Салтанат синдромы» дегеніміз – осы.

Ескі әдетпен, ер-азамат әлі де сүйіп алған жарларын үй шаруасындағы әйел ретінде, тек өздеріне қарап, өзінің ғана жағдайын жасатып, айтқанымен тұрғызып, айтқанымен жүргізгісі келеді. Алайда әйел мұндай «құрбандыққа» баруы үшін оң-солы толып, ішіп-жемнен кемдік көрмеуден басқа күйеуі­нің жақсы мінезінің болғанын қалайды.

Еуропада әлдеқашан басталып кеткен феминизм бізге де жетті. Мүмкін Салтанаттың ажалының себебі «алтын торды» азсынғанынан болар. Кім біледі?! Осыдан тура 35 жыл бұрын Канадада «Ақ лента» науқаны өтті. Бұл ел астанасы Монреалдағы политехникалық мектепте Марк Лепиннің феминизмге қарсы жасаған қанды қырғынынан кейін канадалық ер адамдар арасында пайда болған қозғалыс еді. Олар қарнына ақ лента байлап алып, әйел­дерге жасалған жауыздыққа қарсы екенін білдірді. Ол кезде 14 әйел ажал құшқан екен…


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button