Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Сана өзгермей, сапамыз өспейді



Қазақстандағы 11-сынып оқушылары мектеп бітіргенде әр жылы қайғылы, оқыс, тосын оқиғалардың орын алуы үрдіске айналып барады. Құқық қорғау органдары сақтық шараларын арттырып, бақылауды күшейткенмен, бұл жағдай биыл да қайталанды.

Атап айтқанда, Жамбыл облысында мектеп түлектері мінген көлік жол апатына ұшырап, жол-көлік оқиғасы салдарынан 21 жастағы азаматша оқиға орнында қаза тапты. Оның жолаушылары – 17, 20 жастағы азаматтар мен 11-сынып бітірген түлек ауруханаға жеткізілген. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында түлектер арасында топтық төбелес болды. Астанада 18 жастағы бойжеткенді пышақтап кеткені туралы ақпарат та әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Мұның себебі неде?! Не үшін елімізде мектеп бітіру қуанышының соңы қайғылы жағдайға айналады?

Мұның да өзіндік себебі бар. «Қазақстанда шұлық сатып алсаң да жу дейді екен, жумасаң қу дейді екен» деп шетелдегі ағайындар мысқылға шығарғандай, елімізде орынсыз той тойлау, келсе-келмесе бас қосып, серуендеп жүру әдетке айналған. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, осыны көрген түлектер қайдан ойын-тойдан құр қалсын, жаңа ғана 11-сынып бітіріп, оқушылық өмірдің тағдырына қатысты ең маңызды кезең енді басталғалы тұрса да, бәрін ұмытып, тойлауға кіріседі.

Жастайынан сән-салтанатқа бой ұрып, әке-шешесінің дәулетіне мастанған балалар мұндайда өзін бір көрсетіп қалуға тырысып, басқосуға әкесінің қымбат көлігін мініп келуді мықты көреді. Кәмелет жасына толмағандықтан, оның көбінде көлік жүргізу куәлігі жоқ. Соған қарамастан, көлік тізгініне отырады да, әбден лепіріп алған соң қарқынды асырып, терезеден басын шығарып бақырып, ойына келгенін істеймін деп оқыс жағдайға тап толады. Осының бәрі біздің отбасындағы тәрбиенің осалдығы мен мектеп тәрбие­сінің жетімсіздігіне тікелей қатысты. 11-сынып бітіруді бала өміріндегі керемет кезең санап, оны айрықша әспеттеп жібергеніміздің кесірі. Шын мәнінде, «тауықсыз да таң атады» дегендей, 11-сынып бітіру – бала өміріндегі қалыпты үдерістің бірі, думандатып тойлайтындай оның ешбір ерекшелігі жоқ. Әсіресе толық ақыл тоқтатып үлгермеген жастар үшін бұл бос сөз, жыртақай күлкінің басқосуы ғана. Оны арнаулы көлік жалдап, қымбат көліктердің шеруі етіп өткізу де тобырлық сананың көрінісі.

Демек, бұл мәселеге қоғам, ата-ана және мектеп болып баса назар аудару керек. Ең бастысы, 11-сыныпты бітіру сәтін тойламаса да өмір ағысы өзгермейтінін, ол да жай күн екенін ұрпақ санасына ертерек сіңіретін кез жетті. Өйткені сана өзгермей, сапалық өсу де болмайды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button