Басты ақпаратҚоғам

«Сарбаздың» сардары

Журналистикада жолымды түйістірген жандар жетерлік. Жиырма жыл бұрын Астананың «Ақшамы» әріптес еткен Ерлібай Өзбекбайұлын кейін «Сарбазда» жолықтырдым. Міне, содан бері онымен бір ұжымда қызмет етіп келемін.

Әлқисса

2004 жыл. Астанаға ат басын бұрып, жұмыс іздеп келдім. Сол кезде «Астана ақшамы» (ол кезде «Астана хабары» болатын) газетінің редакциясы мені құшақ жая қарсы алды.

Уақытша жауапты хатшының бөлмесінде отыр едім, ақ жейделі, орта бойлы ер азамат көңілдене кірді. «Материалымды жазып бітірдім» деп, істі тындырғанына ырза кейіпте сөйлеп, қолындағы дүниесін жоғары жақта отырған жанға (Әдебиет Жұманов) ұсынды. Сөйтті де шығып кетті. Біраздан соң оның есімі Ерлібай екенін білдім. Ол саясат бөлімінің тілшісі екен. Кейін осы бөлімнің меңгерушілігіне жоғарылады, ал мен болсам, оның қарамағына тілші боп бардым. Бір дестен маған саясаттың бүге-шігесін түсіндіріп, меңгерте бастады. Әлі есімде, Астана қаласының мәслихатына жетектеп тұрып апарып, депутаттарды таныстырып: «Соңында мына Вера Пытьевадан баяндамаларды алып келесің, мақұл ма?» деп қаттап-шоттап, жиынның аяғына дейін отыруды тапсырды. Осылай Ерекеңмен тығыз байланыста жұмыс істедік.

Білгенімен бөлісіп, білмегеніне жөн сілтеп, кейде ақыл-кеңесін айтып жүрді. Бір жылдан соң жауапты хатшылықтың тұтқасын ұстады. Біреу білсе, біреу білмес, жазылған дүниенің маңыздылығына, тақырыпқа сай бетке топтастырып, орналастыру және газеттің шығуына жауапты осы адам. Сол кезде редакциядағы қыз-жігіттерді тиянақтылыққа шақырып, материалдардың уақтылы тапсырылуын қадағалап, бет қатталу жұмысын жылдамдатып, газеттің неғұрлым ертерек шығуына ықпал етті. Оған бәріміз риза болыстық.

Күндердің күнінде Ерлібайдың жұмыстан шығатынын естідік. Қарекетін бастапқыда түсінбеп едік, мән-жайды кейіннен білдік. Адамдығын сақтап қалған оған тағы сүйсіндік.

Жолымыз қайта түйісті

Екі-үш жылдан соң ауыс-түйіске байланысты жұмыс қарастырдым. Сөйтіп, Астанадағы редакцияларға бас сұғып, түйіндемемді таратып жүріп, «Сарбаздың» есігін қақтым. Мұнда көзкөргендер бар екен. Соның бірі – Ерекең. Әлгі бір кездері:

««Ақшамда» да Ерлібай,

«Сарбазда» да Ерлібай,

Дөңгеленген дүниеде,

Мен де соңынан ердім-ай» дегенім сондықтан. Осылайша, өмірдің ағымымен «Ақшамдағы» ұл-қыздар бір ұжымға топтастық.

Өмір деген қызық. Ойлап қарасам, біз әріптес болған екі ұжымда да Ерлібай қызметтің қай сатысынан өтеді, мен сол баспалдақтарды басыппын. Ілгеріде сөз еткенімдей, ол саясат бөлімінің тілшісі, кейіннен аталмыш бөлімнің меңгерушісі болса, мен де тура сол ізбен жүрдім. Ал «Сарбазда» Ерекең атқарған тілшілік, бет қаттаушылық жұмысты істеген екенмін.

Баяғыда бас редакторымыз марқұм Ерғазы аға: «осы ағаңнан үлгі ал» деп жиі айтып отыратын. «Қандай іс болсын, тыңғылықты істейді, қарашы, жазуына да үлгеріп жүр» деп пысықтығын алдымызға тартатын.

Иә, сол уақытта құлаққабын киіп алып, клавиатураны басып, жұмыс арасында «Хирург» деген кітабын жазып тастаған-ды. Ісі қандай тиянақты, жазбасы сондай жинақы. Бәріне үлгеріп жүрді.

Бір кісідей таныдым

Уақыт деген жылдам. Міне, Ерлібайды білгелі жиырмаға жуық жыл өтіпті. Осы мезет ішінде біршама тани алдым десем, артық айтпаған болар едім.

Ол – Шымкент (Түркістан облысы) облысына қарасты Шардара ауданының тумасы. 1974 жылдың 18 сәуірінде дүниеге келген. Өсіп-өнген жері – қазіргі Жетісай ауданы. Әкесі Өзбекбай – оңтүстік өңірде Касемсот (К-700) тракторын тұңғыш айдаған азамат. Анасы Әден қарапайым шаруа адамы болған. 40 жасында қосағынан айрылған отанасы әке орнына әке, шеше орнына шеше боп, өрімдей 10 баланы «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіріп жетілдірген.

Оңтүстіктің өрені он жеті жасында Сарыарқаға арман қуып келді. Ол кездегі Астанамыздың атауы Целиноград болатын. Осындағы белді оқу орны – Целиноград педагогикалық институтына түсіп, студент атанады. Студенттік шақтан қаламды серік етіп, 5-курстан бастап қалалық «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетіне жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Содан бері ел-жұртқа қаламмен қызмет етіп келеді.

Біздің басылымға Ерлібай «Қазақстан сарбазы» кезінде келген. Әскери журналистер Жүніс Омар, Сәндібай Күмісбеков, Марат Жүніс-бек, Мұхарбек Манарбектермен тізе қосып, қызмет қылды. Оған әскери тақырып сол шақтан таныс. Арада басқа жерде жұмыс істегенімен, өмір оны осы баспасөз құралымен екінші мәрте табыстырды. Ол 2008 жыл болатын. «Қазақстан сарбазы» құрылымдық өзгеріске ұшырап, «Сарбазға» айналған кез еді. Редакция жаңадан жасақталып, қазақ бөліміне мамандар тартылып жатқан тұста Ерекеңе есік қайта ашылды. Сөйтіп, газет ісіне бет қаттаушы ретінде бел шеше кірісті. Кезінде «Ақшамда» жауапты хатшы болғандықтан, бұл іс оған таңсық емес. Әріптестердің айтуынша, тәжірибе жүзінде техникалық істі жылдам меңгеріп алыпты. Бірде Ерекең: «Тілін білгендердің жанында бірді-екілі болғаным болмаса, қаттап-шоттап маған ешкім InDesign, Photoshop бағдарламаларын үйреткен жоқ. Сондықтан қорықпай тетіктерді түрте бер, түрте бер. Бір ұғып шығасың» деп білмекке ұмтылдырды.

Иә, Ерекең қандай іс болсын тартынбай, ыждаһатымен денін салды. Соңғы ғұмырын «Сарбазға» сарп еткен бас редактор Ерғазы Әсембеков мұнысын бағалады. Марқұм Ерағаң қабілет-қарымына қарай ойланбастан Ерлібайды қазақ бөліміне басшы қылды. Міне, содан бері (2013 жыл) қазақ редакциясының жүгі мойнында. Талай министр ауысып (өздеріңіз білесіздер, газетіміз Қорғаныс министрлігіне қарасты салалық басылым), баспасөз орталығына талай жауапты адам келді. Олардың талабы қандай болса, сол үдерістен шығуға тырысты. Газеттің бет-пішінін, мазмұнын өзгертуге бізді ұйыстырып, бір іске жұмылдырды. Өз ісінің білгір маманы газеттің кем-кетігін түзеумен қатар, жазуын тастамады. Оның қаламынан өрілген «Аманжол», «Хирург», «Ұстаз», «Мырзашөл Қызылқұмы» және «Журналист» деген кітаптары оқырмандарға жол тартты. Өзі – Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі. Мен білетін журналистік жолы – осы.

Ал адамдық тұрғысынан бітім-болмысы бөлек әңгіме. Есіме түсіп тұрғаны, 2011 жылы Жаңа­өзен оқиғасы кезінде «жазықсыз халық атылып жатқанда, ойнап-күлгенім жарамас» деп ұжымдық бір отырыстан бас тартқаны бар. Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа бұлт үйірілген жылдары «аққа Құдай жақ» деп, өз позициясын біздерге жеткізуімен қатар, әлеуметтік желіде жазбасы арқылы қолдап отырды.

Әділдікке, туралыққа, шындыққа жаны дос. Өз ұстанымына берік.

Үстемдігі бар, алайда орынсыз килігетін басшыларға да керек кезде тойтарыс бере алды. Әнебір жылдары министрліктің баспасөз қызметіндегі газет ісінен бейхабар адамның жөнсіз ескертпесіне кабинетіне барып тұрып, ұжымды қорғаштап алған-ды. Осындай азаматтық болмысымен ортаға сыйлы болды.

Тіпті анаға деген құрметін, өзімен тумаластарға бауырмалдығын, отбасына деген қамқорлығын көрмесек те, тынымсыз жүгіріп жүрген әрекетінен, ойға алған жоспарынан байқастайтын едік. Өмірімде анасын көкке көтеріп, жұмыс барысында айтып отыратын екі ер азаматты көрдім. Оның бірі – осы Ерлібай. Көпті көрген кісінің ой-орамын мысалға келтіріп, «мына сөзді естідіңдер ме?! Менің шешем айтады» деп, әзиз жанның ғибратты сөздерін бізге құлаққағыс ететін. Сексеннің сеңгіріне келгенде анасын құрметтеп, атойлап, мерейтойын жасап берді. Тірісінде анасын сыйлаған перзенттің осы бір ісі өз балапандарына да, өзгеге де өнеге боларлықтай.

Баласы демекші, біз білетін Мағжаны әзірден озық ойлы, жаңа заманның буыны ретінде әке абыройын асқақтатып жүр. Бұл жұбайы Фәтима екеуінің берген тәлім-тәрбиесінің жемісі деп білейік.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, ұл-қыз­дары әлі де асқар тау әкелерін аласартпай, тұлғасын биіктете беретініне кәміл сенімдеміз.

P.S: Редакцияда орын алған әр кездегі қиындыққа қарамай, «Сарбаздың сардары» саналған Ерекең ағалардың сара жолын жалғастырып келеді. Осылай жүргенде елудің де төбесі көрініп қалған екен. Елуің құтты болсын, Ерлібай! Ел құрметтейтін ер бола бер! Еңбегің еселеніп, абыройың асқақтасын! Шабытың тасысын! Әріптес ретінде «пенсионер қыздың» тілегі осы.

Рима Әбеуова

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button