ӘлеуметБасты ақпарат

«Шарапат» шуағы жүрек жылытады



Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – бұл тәжірибесі мол, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға күтім бойынша сапалы және кешенді қызмет көрсетуші мемлекеттік мекеме.

Орталықта зейнет жасына жеткен, І және ІІ топтағы мүгедектер мен басқа адамның көмегі мен күтіміне мұқтаж жалғызбасты адамдар тұрады. Мекеме 1989 жылы құрылған, ал 2007 жылдан бастап Көктал-1 тұрғын алабы, Аққорған көшесі, 2 мекенжайына орналасты. Аумағы – 4,5254 га, жалпы тұрғын ауданы 26136,6 ш.м алып жатқан орталық – инфрақұрылымы дамыған кішігірім қалашық. Мұндағы тұрғын үй ғимараты бес блоктан тұрады, оның төртеуі тұрғындардың пайдалануында болса, бесіншісінде әкімшілік орналасқан. 250 орындық кең және жайлы асхана, шаштараз, заманауи автоматты кір жуғыш машиналармен және үтіктеу тақтасымен жабдықталған кір жуатын бөлме, бассейні бар сауна, бөлек жылыту қазандығы, автокөлік гаражы, ғұрыптық үйден тұрады.

Орталық қызметкерлері Астана қаласының 901 тұрғынына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді, оның ішінде 341 қызмет алушы стационарлық жағдайда, 560 қызмет алушы үйден қатынап, тиісті қызмет алады. Тұрғындардың алды 98 жасқа келді. Ұлы Отан соғысының ардагері Раиса Егоровнаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіліп, қазіргі күнде госпитальде ем алуда. Мұнда қарттар бір-екі орындық бөлмеде жатады. Әрқайсысы тұрмысқа қажетті заттармен жабдықталған. Қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы пандус пен лифт, тағы басқа көмекші құралдар қарастырылған. Әрбір қабатта электр плитасымен жабдықталған қонақ бөлмелері, туыстары мен қонақтарын қабылдауға арналған бөлмелерге әдемі әрі қолайлы жиһаздар қойылған. Мұнда қызмет алушылар бос уақытын өткізеді. Қонақ бөлмелерде қалаға тікелей байланысатын телефондар арқылы қариялар туған-туысының хабарын біліп отырады. Негізі, қарттардың қалауына қарай туыстары үш күннен үш айға дейін алып кетіп, ағайыншылап келуіне рұқсат етілген. Денсау­лығы нашарлаған қарттарға ем-домын жасайтын интенсивті терапиямен қамтамасыз етуге қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған паллиативтік көмек бөлімі жұмыс істейді.

Шамасы келгенше қол қусырып қарап отырмай, арнаулы әлеуметтік еңбекке араласатындардың саны жеткілікті. Күн сайын түске дейін сәндік-қолданбалы өнеріне икемі бар 20 шақты адамға – тігін шеберханасында «Елорданың эко-сөмкелері» атты әлеуметтік жобасымен сөмке тігетіндерге жағдай жасалған. 30-дан астам қолөнерші пайдалы іспен айналысып, уақытын тиімді өткізеді. Ашық еңбек терапиясы, гүл өсіру, бау-бақша, жылыжайға қарайтын қариялар да тәжірибесімен бөлісіп, наурыздан қазанға дейін осы жұмыстардан қол үзбейді. Одан бөлек, баспа студиясы (бейіндік және әлеуметтік жоба), үй жинау, тағы басқа тірліктердің ортасында белсенді қарттар жүреді.

Қарттарға қамқорлықтың бір саласы – әлеуметтік-мәдени қызметтер. Орталықтың жоспарланған барлық мәдени іс-шарасы: концерт, спорттық іс-шара, экскурсия, циркке бару, мейрамханаға қонаққа апару болсын үлкен мерекедей өтіп, қарттар бір серпіліп қалады. Мұнда қызмет алушылардың туған күні, басқа мерекелері елеусіз қалмайды. Аптасына бір рет дискотека, фильм көрсетіліп, «Үміт» және «Ностальгия» вокалдық тобында репетициялар тұрақты жүргізіледі. Жыл бойы қызмет алушылар мен қызметкерлерге жеке концерт беру дәстүрге айналды.

Темірғали СЕЙФУЛЛИН, психолог:

«Бұл жерде 2018 жылдан бері қызмет етемін. Психологтың жұмысы, жалпақ тілмен айт­қанда, егер дәрігер адам тәнін емдесе, психолог жантанушы маман ретінде қариялардың жанын емдейді. Өте күрделі қызмет. Әртүрлі адам, тағдырдың салуымен өзіне бейтаныс адамдармен бірге өмір сүріп жатыр. Әрқайсысына жеке дара көңіл бөліп, өзгеше көзқараспен жұмыс істеу керек. Орталықта эмоционалдық жағдайды тұрақтандыруға көмектесетін және қарттардың психикалық, физикалық денсаулығын жақсартуға бағытталған кез келген іс-шаралардың тиімді­лігін арттыруға көмектесетін сенсорлық аппаратурасы бар психологиялық жеңілдікке арналған сенсорлық бөлме бар. Арт-терапия контекстіндегі құм терапиясы – бұл қызмет алушының шығармашылық өзін-өзі көрсетуіне басты назар аударылатын вербалды емес нысан. Кәрілердің көз жанары сөне бастағанда, түрлі жарықпен әдіптелген суреттер арқылы көз жанарын оятатын амал бар. Ол да қажет. Адамның ішкі реніші бас көтертпей, қиындықтарға мойып, алдынан жарық көрмей кеткен кездері өздерін күрт тастап жібереді. Айналаға бей-жай қарап, өмір сүруге деген ықыласы кемиді. Қиыншылық қысқанда құм терапиясы, түрлі хош иістермен тынықтыру да жақсы әсер етеді. Адамдардың миы тынығып, жүрегі жылып, айналасына мейірімі оянады. Өткен өміріндегі көңілсіз жайттарды ұмыттырады. Көңіл күйі көтерілгенде жаны жай табады. Жеке психологиялық кеңес беру, күнделікті әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, тыңдау, ынталандыру, белсенділікке ынталандыру, өміршеңдігін психологиялық қолдау қызмет алушылардың психикалық денсаулығын нығайтуды қамтамасыз етеді. Психологиялық тренингтер белсенді психологиялық әсер ету және жаңа ұжымға бейімделу, топтың эмансипациясы және жаңа ұжымға қызығушылықтың көрінісі ретінде жүргізіледі. «Жақсы қарым-қатынас», «Маған сен», «Стресс пен шаршаудан арыламыз», «Біз біргеміз», «Дастархан басындағы қарым-қатынас», «Жұмыс орнындағы шиеленісті эмоционалды атмосфераны қалай болдырмау керек?» сияқты тренингтер өткізіп, жаңа орында жаңаша өмір сүрудің ережесін түсіндіріп, жаңа қарым-қатынасқа машықтандырамыз».

Мұнда арнаулы әлеуметтік қыз­меттер көрсету саласында және заңдық маңызы бар әртүрлі құжатты дайындауға байланысты мәселелер бойынша заңгерлік кеңес беруді мекеменің заңгері жүзеге асырады. Қарттар мен мүгедектерге әртүрлі қызмет түрі бойынша жеңілдіктер беру, мұрагерлік құжаттарын реттеу, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарына қатысты мәселелер қарттардың өмірін айналып өтпейді. Сол себепті қарттардың заң тұрғысындағы құқығы жақсы қорғалған.

Мекеме қызметінің басым бағыты – осында тұратын адамдардың қажеттілігін толық қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасын үнемі жақсарту және қызмет алушылардың әлеуметтік бейімделуін арттыру. Қарттар толық немесе жартылай қозғалу, өзіне қызмет көрсету қабілетінен ­айырылғандардың тұрақты және уақытша тұруына барлық жағдай жасалған. Осының нәтижесінде қолданыстағы стандарттар мен көлемдерге сай жартылай немесе толық өз-өзіне қызмет көрсетуден қалған және ұдайы басқа адамның күтіміне мұқтаж адамдарға арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету, жасы мен денсау­лық жағда­йына қарап олардың тұлғалық дамуына, қоғамдағы өмірге ықпалдасуына бағытталған тұрмыс жағдайын жасау жоғары деңгейде деп айтуға негіз бар.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button