Ел тынысы

Шетелге саяхаттаушыларға вакцина алу маңыздылығы түсіндірілді

Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Каспанова Қазақстан азаматтары үшін экваторлық-тропикалық елдерге, Түркия, Египет, Индонезия, Мальдивтер, Үндістан, Вьетнам, Қытай және басқа да экзотикалық аралдар сияқты бағыттардың танымалдылығы аясында саяхаттауды жоспарлаған кезде вакцинацияның маңыздылығына ерекше назар аударды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Сапарды жоспарлаған елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты алдын ала туроператорлардан нақтылау және туристік қызметтерге шарт жасасу кезінде медициналық сақтандырудың бар-жоғын тексеру маңызды.

Инфекциялық аурулардың алдын алу үшін профилактикалық екпелер мен дәрі-дәрмектердің қабылдау мүмкіндігін нақтылау қажет.

Сары безгек бойынша қолайсыз елдерге шығу кезінде профилактикалық екпе жасау және Халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге сәйкес вакцинацияның халықаралық куәлігін алу ұсынылады.

Сары безгек масалар арқылы беріледі, жұқтыру табиғи жағдайларда да, қалаларда да мүмкін. Африканың 32 елі және Оңтүстік Американың 12 елі сары безгек бойынша эндемикалық елдер болып табылады. Бұл қауіпті аурудың алдын алудың жалғыз шарасы – вакцинация. Бір реттік екпе сапарға шығардан кемінде 10 күн бұрын жүргізіледі.

Малярия бойынша қолайсыз елдерге (Африка елдері, Аргентина, Бразилия, Боливия, Венесуэла, Гаити, Мексика және басқа елдер) шыққанда дәрігерден профилактикалық дәрі-дәрмектер және оларды қолдану әдістері туралы ұсыныстар алу қажет.

Шетелдерде Тиф, Вирусты гепатит А (Азия, Африка және Оңтүстік Америка континенттерінің көптеген елдерінде тіркеледі), менингококк инфекциясы (менингококк инфекциясы Орталық Африка, Оңтүстік Америка елдерінде және Қытайда кең таралған) сияқты инфекциялық аурулардың тіркелуіне байланысты алдын ала осы инфекцияларға қарсы профилактикалық екпе жасау орынды.

Меккеге қажылыққа баратындарға да менингококк инфекциясына қарсы вакцинация ұсынылады. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болмақ болсаңыз В гепатитіне қарсы вакцинация салдырған дұрыс.

Эбола, холера немесе малярия сияқты аурулардан вакцинация жасау мүмкін емес. Мұндай жағдайларда тек профилактикалық шараларды сақтау қажет.

Мысалы, өзіңізді холерадан қорғау үшін жемістер мен көкөністерді мұқият жуу, бөтелкедегі суды ішу және гигиенаны сақтау қажет. Маляриядан москит торлары, жабық киім және репелленттер арқылы қорғануға болады.

Инфекциялық аурулар қаупі жоғары елдерге сапарлаған кезде вакцинациядан басқа, келесі сақтық шараларын қабылдау қажет: тек қауіпсіз суды пайдалану (бөтелкедегі немесе қайнатылған суды таңдаңыз, күмәнді көздерден суды ішпеңіз және тұтынбаңыз), мұздың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, сусындарға мұз қоспау, қолыңызды жиі сабынмен және таза сумен жуу, дезинфекциялық құралдармен беттерді тазалау, тек жаңа дайындалған немесе жабық тағамды тұтыну (шикі немесе шала піскен ет, ұлулар және теңіз өнімдерінен аулақ болу) және олардың сапасы мен санитариялық нормаларға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін фабрикалық қаптамадағы өнімдерді мамандандырылған дүкендерден сатып алыңыз.

Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары міндетті және ұсынылған вакциналардың туристердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Ұсыныстар:

  1. Вакцинацияны тексеру: Сапар алдында Қазақстандағы міндетті вакциналарды толық алғаныңызға көз жеткізіңіз.
  2. Дәрігермен кеңесу: Медициналық ұсыныстарға сәйкес дәрігеріңізден қосымша вакциналардың қажеттілігін анықтап алыңыз.
  3. Вакцинация сертификаты: Туроператордан баратын елге кіру үшін халықаралық вакцинация сертификатының қажеттілігін нақтылаңыз.
  4. Уақытылы вакцинация: Мүмкіндігінше вакциналарды сапарға шығардан кемінде бір ай бұрын жасаған абзал. Кейбір вакциналар иммунитетті бірнеше аптада қалыптастырады.

Екпелердің тізімін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтынан көруге болады. Еліміздегі вакциналар туралы толығырақ ақпаратты Қазақстандағы екпе алу процесінің ресми сайтында egu.kz. оқуға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button