Басты ақпаратЕлорда тынысы

Ширек ғасыр өсу жолында



2023 жылы елордада орын алған елеулі оқиғаларды назарларыңызға ұсынамыз

ЕЛОРДАҒА – 25 ЖЫЛ

Елдегі басты оқиғаның бірі – Астанаға 25 жыл толды. Айтулы датаға байланысты елорда төрінде жүздеген мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, елордалықтар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әрине, іс-шаралар әртүрлі деңгейде өтті. Ішіндегі ауқымдысы – «Астана – болашақ қаласы» атты бауырлас қалалар әкімдерінің форумы болды.

Форум аясында панельдік сессиясы өтіп, елдің бас қаласын ғалымдар, инженерлер, сәулетшілер, дизайнерлер қатысып, бас қаланы көркейтуге қатысты идеясын ұсынды. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» мен «IDP IELTS Kazakhstan» емтихан орталығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

ЖАҢА БАС ЖОСПАР

Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Бас қаланың әуелгі Бас жоспарын жапон сәулетшісі Кисё Курокава түзгені белгілі.

Елорда үздіксіз дамып, жаңа ғимараттар пайда болып, халық саны жыл сайын көбейіп, бұған дейін Бас жоспар үш рет 2009, 2011, 2016 жылы өзгертілді. Әуелгі бас жоспарда 2030 жылға қарай Астанада халық саны 800 мың адамды құрайды деп болжанған болса, 2016 жылғы қолданыстағы бас жоспар 2030 жылға дейінгі мерзімге 1 млн 220 мың адамға есептелді. Дегенмен 2022 жылдың басында қала халқы 1 млн 240 мың тұрғынға жетті. Қала халқының жыл сайынғы өсімі 2025 жылға қарай 60 мың адамды, ал 2035 жылға қарай 80 мыңға жуық адамға көбейіп, 2025 жылға қарай Астана халқының саны 1 млн 480 мың тұрғынды, 2035 жылға қарай 2 млн 275 мың адамды құрайды деп күтіледі.

Халық санының көбеюіне байланысты әлеуметтік инфрақұрылым: мектептер, балабақшалар, емханалар, ауру­ханалар, спорт кешендері, сондай-ақ көпірлер салу, жолдарды кеңейту сынды жұмыстарды жүйелей түсу керек. Бас жоспар осындай ауқымды жұмыстарды қамтып отыр.

№3 ЖЭО ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Құрылысы ұзаққа созылған №3 ЖЭО іске қосылды. Жылу электр орталығы бас қаланы 440 Гкал/сағатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жылыту кешенінің № 3 ЖЭО бірінші кезеңінің құрылысы қазан айын­да аяқталды. Нысан осы кезден бастап қалаға жылу бере бастады. № 3 ЖЭО сол жағалау­дың бір бөлігін және құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қамтиды.

Сол сияқты жаңа «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы іске қосылды. Бұл газ жылу станция­сы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендері аудандарын, қаланың сол жағалауын жылумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ желтоқсан айында қуаттылығы 350 Гкал/сағ болатын «Тұран» газ жылу станциясының 1-кезеңі іске қосылды. Осылайша, үш нысанның қуат күші 1140 Гкал/сағ құрады.

НҰРА – ЖАҢА АУДАН

Астана қаласының халық саны артуымен қатар, территориялық аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын үй кварталдары бой көтеруде. Бұл жаңа аудан ашудың маңызын көрсетеді. Астана қаласындағы жаңа ауданға «Нұра» атауы берілді.

Жаңа ауданның аумағы 19 336 гектарды құрайды. Ол Есіл өзенінің бойымен қаланың батыс бөлігінде шығысқа қарай Қабанбай батыр даңғылына дейін, одан әрі Қабанбай батыр даңғылының тақ жағымен және Қарқаралы тас жолының батыс жағы мен қаланың оңтүстігіне қарай орналасқан.

Жаңа аудан әкімінің міндеті көп. Әсіресе, тұрғын үй кешендерінде ойын алаңдарын құрып, жайлы қалаға үлес қосу үшін тынымсыз еңбек етуі тиіс.

КӨП КҮТКЕН КӨПІР

Тәуелсіздік даңғылы бойында жаңа көпір ашылып, қазірдің өзінде қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болды. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы 20 пайызға, Сарайшық көшесі мен Ұлы дала көпірі тиісінше 15 пайызға жеңілдеді. Сондай-ақ Керей-Жәнібек хандар, әл-Фараби көшелері және Ұлы дала даңғылы бойынша трафик жандануда.

Бұдан басқа, жаңа көпір Алматы мен Есіл ауданы арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Көпір сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшесімен, Момышұлы даңғылымен және тағы басқа қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ

Жаз айларында су тапшылығы орын алғаны белгілі. Соған байланысты қала әкімі су тапшылығын шешуге бел буып, маусым айында Астана су қоймасынан қосымша құбыр желісі іске қосылды. Бұл қосымша тәулігіне 90 мың текше метр су береді. Үшінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы аяқталды. Қазір елордада су тапшылығы жоқ. Келешекте су тапшылығы болмау үшін су құбырының екінші желісін тарту жұмысы жүргізілуде. Нұра жерасты суы кен орнының су құбырын жобалау, сондай-ақ Тельман сорғы стансасын кеңейту жобасы аяқталуда. Бұл жобалар 2030 жылға дейін қаланы тұрақты сумен қамтуды қамтамасыз етеді.

ҚОНЫС ТОЙЫ – ҚУАНЫШ ТОЙЫ

Елорданың сол жағалауында архитектуралық құрылыс кешендері көптеп бой көтерді. Әсіресе тартымды, талғамды тұрғын үй кварталдарымен мақтануға болады. Дегенмен үлескерлерді көптен күткен тұрғын үйлер де аз емес. Биыл елордада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан аса тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.

Тұрғындары пәтер кілтін алған «Алтын бұлақ» тұрғын үй кешенінің құрылысы сонау 2014 жылы басталған-ды. 5 блокпен салынуы үйге 400-ге жуық үлескер қаржысын салды. Тұрғын үй кешенін өткізген кезде құрылысының 20 пайызы ғана аяқталды. Осылайша, тұрғын үй кешенінде ауқымды жұмыс жүргізілді, себебі құрылысынан бөлек гараждарды сатып алу, инженерлік желілерді толықтай орнату, құжаттарды ретке келтіру және тағы басқасы керек болды. Республика күнінде 2, 3, 4 блок үлескерлері пәтер кілтін алды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдегендей, жыл басында 4 мыңнан астам үлес­кердің баспанасын қамтыған 16 проблемалық объект анықталып, 3,6 мыңға жуық салымшыға пәтер кілті берілді. Келер жылдың бірінші жартыжылдығында қалған үлескерлерге пәтер кілті табысталады.

«САНА» СЕРГЕКТІКТІ ҚОЛДАЙДЫ

Жаңадан ашылған Нұра ауданында «Сана» оқушылар сарайы есігін ашты. 7500 шаршы метрді құрайтын орталық бір мезгілде сағатына 700 оқушыны қабылдай алады.

«Сана» жаңа ұрпақ орталығы – мектеп оқушыларына қосымша білім беруге, өнерге баулуға арналған нысан. Биік әрі сәнді ғимарат заманауи технологиялармен, сапалы құрылыс материалдарымен бой көтеріп, барлық қажетті құрал-жабдықпен жасақталды.

Оқушылар сарайында 56 бағыт бойынша 50-ден астам үйірме қызмет көрсетеді. Негізгі бағыттар – әлеуметтік ғылымдар, робототехника, жасанды интеллект, қолөнер, бейнелеу, музыка және би өнері. Сабақ уақыты әртүрлі – 50, 60, 80 минут болады.

Жалпы 2029 жылға дейін жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 15 заманауи оқушылар сарайын салу жоспарланды. 2024 жылы қаланың әр ауданында бес оқушылар сарайының құрылысы басталады.

ЗАБИКУЛИНГЕ ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

№6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында ерлікпен қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне ескерткіш бой көтерді.

Ескерткіштің ашылу салтанатына және №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Асқар Забикулиннің есімі берілуіне Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, гарнизон басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Асқардың туыстары мен жақындары қатысты.

Іс-шара қонақтары бейбіт күннің батыры туралы естелігімен бөлісіп, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын деген тілек тіледі. Забикулинге арналған ескерткіш еңбек адамын ұлықтап, ерлікке тағзым етті.

МЕДИАХОЛДИНГТІҢ БАСТАМАЛАРЫ

Республика күніне және Астананың 25 жылдығына орай «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд турнирін екінші жыл қатарынан өткізді. Медиа саласы мамандарының басын қосатын алаңда жазушы Қойшығара Салғараұлы арнайы қонақ ретінде қатысты. Парламент депутаттары, медиаменеджерлер, журналистер, баспасөз өкілдерінен құралған 32 ойыншы қатысты.

«Elorda Aqparat» ЖШС ұйым­дастырған іс-шаралары мұнымен шектелмейді. «Мектеп және медиасауаттылық» жобасы аясында қаладағы 50-ге жуық мектепке серіктестік басшылары мен журналистер арнайы барып, жас оқырмандармен кездесіп, ақпараттық сауаттылық, ақпараттық мәдениет, медиамәдениет сынды тақырыпта ой алмасып, пікірлесті.

«Ел жүрегі – елорда» шығармалар байқауына елордадағы 40-тан аса мектептен 200-ден аса оқушы қатысты. Байқау үздіктері әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында марапатталды.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button