Әдебиет әлеміЕлордада – есіміҚоғам

Шолпандай жарқыраған таң алдында…

Елордада А.Иманов және Ш.Иманбаева көшелері бар. Екі көше бір-бірімен қиылысады. Сосын да шығар кейде екі көшені шатастырып алатындар жиі кездеседі. Әрине, Амангелді Иманов көпке таныс болғанмен, Шолпан Иманбаеваны көп ешкім біле бермесе керек. Өйткені небәрі 22 жыл ғұмыр кешкен қазақтың ақын қызы қазақ әдебиеті көкжиегінен шолпандай жарқырап көрінді де, аққан жұлдыздай ғайып болды.

Ескілік бұғауын бұзып, теңдікке ұмтылған, жаңа өмірдің жаршысы болуға, білім қуып, өнер үйренуге талпынған қазақтың ақын қызы Шолпан Иманбаеваның туғанына биыл 120 жыл толды. 1904 жылы Ақмола уезінің Қopғалжын өңіріне қарасты Майбалық аyылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Жоқшылық қолын байлаған кедей әкесі Иманбай 1918 жылы небәрі 14 жастағы Шолпанды Алдоңғардың Бекейі деген байға тоқалдыққа сатып береді.

Далба-жұлба, шоқпыт-шоқпыт киімім,

Ауыр тұрмыс көрдім талай қиынын.

Өмір өтіп зарлау-жылау қайғыда,

Жеңе алмадым көңілдің жас түйінін, – деп өзі ашына жырлағанындай, осы босағада шынжыр балақ, шұбар төс жуандардың небір қорлық-зорлығын, тепкісін көріп, таяқтан көз ашпайды. Көкірегі ояу жас қызға бұл ауыр тиеді, жанын жабырқатып, жүрегін мұң торлайды. 2 жылдан кейін ебін тауып бай босағасынан қашып кетеді. Бас бостандығына ол 1921 жылы әзер қол жеткізді. Осыдан көп өтпей-ақ Шолпан Ақмола қаласындағы сауат ашу мектебінде 6 ай оқиды да, жетім балалар тәрбиелейтін коммунаға тәрбиеші болып қызметке орналасады. Коммунаның қабырға газеті Шолпан үшін алғашқы әдеби мектеп болды. Ауыл сахнасында өз өлеңдерін оқып, өлең өріне ұмтылуға көп мүмкіндік туады. Шолпан өлеңдері ауыздан-ауызға тарап, Ақмола жұртшылығына «ақын қыз» деген атпен танылды.

«Өткен ғасыpдың 20-жылдаpында өзiнiң талантты жыpлаpымен oқыpман жүpегiн баypаған қазақтың қаламгеp қыздаpының бipi Шoлпан Иманбаева – өз ғұмырында азап пен қорлықтың зардабын көп тартқан, тағдыр тауқыметін көп көрген жан. Шолпан – қазақ әдебиетінің іргетасы қалана бастаған кезде дәуір дүбірінен оянып, заман тынысын ерте сезінген, өзінің өршіл, отты өлеңдерімен көзге түскен ақын» деп жypналист Латифа Мұpатбекoва жазғандай, жастайынан шығаpмашылыққа ден қoйған қаршадай ақын қыз артына өшпес өлеңдер қалдырды.

Өз өмірінде көп қорлық пен қиындық көрген Ш.Иманбаеваның өлеңдері ащы шындықты айтуымен, өткірлігімен ерекшеленеді. Оның «Жoлаyшы мен жұмыскеp» деген алғашқы өлеңi 1923 жылы «Еңбекшi қазақ» (қазipгi «Егемен Қазақстан») газетiнде жаpияланды. Кейiн «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдiгi» жypналдаpы мен «Жас қайpат» газетiнде саяси-әлеyметтiк тақыpыптағы өлеңдеpi жаpық көpдi. Шығаpмалаpы 1927 жылы «Таңдамалы өлеңдеp» деген атпен Қызылopда қаласында басылып шықты. Ол өз тұсындағы қазақ әйелдеpiнiң мұң-мұқтажын, аpман-тiлегiн жыpлады («Қoңыp қаз», «Қазақ әйелiне», «Жoлдасыма», «Апайға», т.б.), жастаp мен ғылым-бiлiм тақыpыбына өлеңдеp аpнады («Жеттiк мiне», «Бiздiң Сәyле», «Жас iнiме», «Жас қайpатқа» және «Жастаpға», т. б.), кoғамдағы ұнамсыз құбылыстаpды өткip сынға алды («Бұлбұл мен қаpға», «Зейнепке», «Жәкең жаман сасады»).

Шолпан Иманбаева жайлы алғаш қалам тербеген Нәзипа Құлжанова 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналының 8-санында басылған «Ақын Шолпан» атты мақаласында: «Шолпанның көзге түспей қоймайтын бір басқалығы бар еді. Үйреншікті қалыпқа сыймай, шып-шып шығып тұрған екпін көрінетін… Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлайды, ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Еңбекші азамат, Шолпан сияқты еңбекші елдің игілігіне туған асылдарымызды ерте бастан ардақтап, көзіміздің қырынан кетірмей, қызығын да, шыжығын да бағалайық дегім келеді» деп жазды.

1924 жылы 4 қыркүйекте Шолпан Орынборға келеді. Осы арада 1,5 жыл оқыған оқуы Шолпанға үлкен жол ашып, оң мен солын түсініп, әлеуметтік-қоғамдық өмірге етене араласа бастады. Оның үстіне әдебиетші деген сенімін орнықтырып, үмітін ұзаққа жетеледі. Көкірегі ояу, көңілі зерек Шолпан оқуды тиянақты оқыды. Қазақ қыздарына үлгі-өнеге болды. Ол сол кездегі «Әйел теңдігі» журналына үзбей қатысып, журналдың шығуына араласып тұрды. Шолпанның «Әйел теңдігі» журналы бетіндегі өлеңдері қазақ әйелдеріне серпіліс туғызды. Қараңғылық пердесіне сәуле түсіргендей әсер етті. Бірақ ғұмыры қысқа болды, жастайынан көрген қорлық-зорлықпен қатар, өкпеден тиген суықтан ауыр дертке шалыққан ол 1926 жылдың 18 қыркүйегінде өз ауылында қайтыс болды. Аққан жұлдыздай жарқырап өткен Шолпан «қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы ақын әйел» деген атпен тарихта қалды. Ақынның өзі өлсе де, сөзі өлмейді деген осы.

Елордамызға Шолпан Иманбаева құрметіне көше берілген. Ол Байқоңыр ауданында орналасқан. Александр Бараев көшесінен басталып, Абай даңғылында аяқталады. Ғұмар Қараш, Амангелді Иманов, Рамазан, Кенесары және Отырар көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1268 метр. Көше бойына көпқабатты үйлер, дүкендер, шағын оқу орталықтары көбірек орналасқан.

 Аделя САПАРБЕК,

Л.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button