Қоғам

Тәрбиенің ең басты мектебі – отбасы

Бұл тұжырымға келуімізге халқымыздың жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен өмірдің өзінен алынған бала тәрбиесіндегі отбасы тәрбиесінің маңызы мен салмағы себепші болса керек. Отбасы тәрбиесі әр заманның талабына сай өзгергені болмаса, мазмұны сол қалпында.

Біздің заманымыздағы Z ұрпақты тәрбиелеу, үш қоғамның (орта, ата-ана, мектеп) басын қосып, ұрпақ бойындағы құндылықтарды сақтап қалу мәселесі алаңдатады. Қазіргі мектеп жасындағы жасөспірімдердің бойындағы жағымды қасиеттерді қалыптастыра алып жатырмыз ба? Өз елінің құндылықтарын құрметтейтін саналы ұрпақ қалыптастыра алып жатырмыз ба? Бұл – бала тәрбиелеп отырған әрбір  ұстаздың көкейіндегі сұрақ.

Данышпан Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деп сөздің тобықтай түйінін айтып кеткен. Осы бағытта Астанадағы №32 мектеп-гимназиясы «Отбасы академиясы – сапалы білім кепілі» атты қалалық іс-шара өткізді.

Мектебімізде дайындық жұмыстары жүріп, әр қабатқа қолөнер, робототехника, ғылыми жобалар, ұлттық құндылықтар тақырыбындағы фотогалерея, тағы басқа көрмелер қойылып, келген қонақтарды домбыраның күмбірлеген үнімен, домбыра үйірмесінің шәкірттерінен құралған оркестрмен қарсы алдық.

Іс-шараға қатысушылар баннер жанында естелікке фотоға түсіп, көрмені тамашалады. Семинар-практикум мектеп пен ата-аналардың жеке тұлғаны оқытып тәрбие­леудегі ынтымақтастығын нығайту бойынша практикалық тәжірибе алмасуды мақсат етті. Іс-шараға қатысқан ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әкім Ысқақ, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы, шығыс­танушы, ағартушы Санжар Керімбай, Республикалық әкелер кеңесінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, филология ғылымдарының докторы, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Алтынай Тымболова, Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістемесі бөлімінің меңгерушісі А.Аманкельдие­ва, Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары  Ж.Амирғалиев пленарлық отырыста өз ойларын ортаға салып, отбасы тәрбиесінде баланың білім алуға, оқуға деген ынтасын жетілдіру жолдары бойынша пікірлерімен бөлісті. «Ұлттық өнеге» атты тәрбие жұмысы бойынша мектеп директорының орынбасары Б.Шалахаев ұйымдастырған әкелер кеңесінде Әкім Ысқақ, Санжар Керімбай, Сейілбек Мырзабай – «Отбасы хрес­томатиясы» қоғамдық қорының сарапшысы, авторы, психологпен әке мен ер балалар арасындағы байланыс, олардың арасындағы проблемалар айтылып, оның шешу жолдары ортаға салынды, ер бала тәрбиесінде, әкенің ролі, қазіргі уақыттағы жалпы отбасының мәселелері бала өмірінің қалыптасу діңгегі екені басты назарға алынып, тәрбиенің түпкі қалыптасуы маңызды екені жайында ашық айтылды.

Тәрбие жұмысы бойынша директор орынбасары З.Садықованың ұйымдастыруымен «Аналар мектебінің» жұмысы барысында Алтынай Тымболова тарихшы-этнологпен, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Шәкенмен, көпті көрген қария – «Ақ әжелер» кеңесінің төрайымы Салима Ермекбайқызы әжемізбен топтарда жеке жұмыс жасап, келелі кеңестер, тың ақпараттар алынып, маңызды ойлар ортада талқыланды. Онда қыз бала, ұл тәрбиесіне не жетіспейді, әр ана, әр әке өз баласына жеткілікті көңіл бөле ме, мектеп тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың әсері қаншалықты? Осы тақырып төңірегінде ақылдаса отырып, семинарға қатысушылар «Қыз балаға өсиет», «Қыз балаға арналған жаднама», сонымен қатар «Ата-аналар жиналысының әзірлемесін» дайындап шықты.

Тренер Ә.Абдакабаева ізгілік педагогикасының қағидалары туралы шеберлік сыныптарын өткізіп, блогер Динара Бекибаева жаппай оқыту жайлы тәрбие қағидалары туралы өздерінің жеке тәжірибесімен бөлісті, коучинг өткізді.

Біз үшін мектебімізге келген қонақтардың ой-пікірі, алған әсері, кері байланысы өте маңызды, соған қарап семинардың өту дәрежесін бағалауға болады. Семинар жұмысын мектеп психологы Ольга Абрамова мен әлеу­меттік педагог Надежда Мамедова педагогтар үшін де, оқушы, ата-аналар үшін де өте қызықты, тартымды «Психология сағаты» тақырыбында тренинг өткізді. Семинардың жұмысын қорытындылаған мектеп директоры Гүлшат Байтас келген қонақтарға оқу ордасы атынан алғысын білдірді.

Зәмзәгүл САДЫҚОВА,

№32 мектеп-гимназия­сы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі
орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button