Басты ақпаратЕл тынысы

Тәуелсіздікті неге соңынан жарияладық?



Осы сұраққа әркім әртүрлі болжам айтады. Бірақ мұның басты себебі «Кеңес Одағын қимаумен» қатыссыз екенін сол кездегі жағдайға куә болған мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, профессор, экономика ғылымдарының докторы, ғұмырының елу жылын мемлекеттік қызметке, соның ішінде ел мен елді табыстырған ­дипломатия саласына арнаған тұлға Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫның ­әңгімесінен аңғардық.

– Кеңес Одағы ыдырауға бет алған кезде, сіз Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары болдыңыз. Демек, сіз сол кездегі жағдайдан толық хабардар адамның бірісіз. Айтыңызшы, неге біз елдің ең соңынан тәуелсіздік жарияладық? Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағын қимай отырды ма, жоқ әлде басқа себеп болды ма?

– «Біз тәуелсіздік алдық» деп әр үйге бірден жалау іліп қойсақ та, басқа мемлекеттер, БҰҰ сынды беделді халықаралық ұйым­дар тәуелсіз мемлекет ретінде мойын­дамаса, бәрі бос сөз болады. Сондықтан да Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан тәуелсіздік жариялаудан бұрын, еліміздің ел ретінде мойындалуына қатысты көптеген жұмыс істеді. Кейбір ағайындар «қазақ батыр халық қой, неге біз алдымен тәуелсіздік жарияламадық?!» деген сұрақты да жиі қояды. Бірақ ол кездегі жағдай, шынымен де, күрделі, ауыр болды. Қазақ халқының саны 44 пайыз еді, оның көбі ауылда тұратын. Халық санының аздығына байланысты қазақтардың саяси күш ретінде бірігуі де қиынға соқты. Орыс тілін ортақ тіл еткен басқа ұлттар диаспорасы бізден үстем түсетін еді. Оның үстіне, орыс, славян тектілер ассоциация құрып, «бізбен санасасыздар» деп үкіметке шарт қоя бастаған шақ еді. «Егер Қазақстан тәуелсіздік жарияласа, біз өз тұрған жерімізбен қоса Ресейге қосыламыз» дегендер де болды. Тәуелсіздікті асығып жариялап жіберсек, олардың солтүстік облыстарды бөліп әкету қаупі туып тұрған болатын. Оны күшпен ұстап тұратын біздің әскери күшіміз де жоқ еді. Біздің тәуелсіздікті кешігіп жариялаған көп себептің бірі – осы.

– Жалпы сіздерде Кеңес Одағы ыдырайды деген сенім және оған дайындық болды ма?

– Михаил Горбачев билікке келгеннен кейін, Кеңес Одағы демократиялық жолға түсті, көппартиялы жүйе құрылды. Ал Борис Ельцин оны әрі қарай жалғас­тырды, сондай-ақ ол КСРО-ны құлатқанда, Ресейдің билік басына өзі келетінін дәл мөлшерледі. Ол «одақтас рес­публикалар мемлекеттік егемендік таңдау жасаса да, мен оған қарсы емеспін» деген сыңай танытты. Бұл сөздің мағынасын дипломатиялық тілмен айтсақ, «одақтас республикалар тәуелсіздік алам десе, менің қарсылығым жоқ, сендерді күшпен баспаймын» деген сөзі еді. Дипломат ретінде менің де ол кезде Одақтың ыдырайтынына әбден көзім жеткен. 1990 жылы маусымда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, қабылдауын өтіндім. Мақсат дипломат ретінде Қазақстанның жағдайы және болашағы жөнінде өз пікірімді жеткізу еді. Ертесінде шақырды. Кездесуде «Айтшы, Кеңес Одағының тағдыры қалай болады?» деп сұрады. Мен саяси себептер мен тарихи себептерді алға тарта отырып, Нұрсұлтан Әбішұлына «Кеңес Одағы ыдырайды, сондықтан КСРО тараған кезде елді азаматтық соғысқа жібермей, тәуелсіздікке әзір болуымыз керек» деген пікірімді ашық айттым. Ол отырған креслосын нұсқап, «анау орын менің жеке басым үшін емес, жерді, халқымызды қалай сақтап қалу үшін керек. Осы бағытта жұмыс істейік. Сыртқы істер министрі­нің орынбасары ретінде қызмет атқар, жұмыс істе» деді. «Бізде министрдің орынбасары деген лауазым жоқ қой» деп едім, «оны шешемін» деді. Сөйтіп мен Қазақ КСР Сыртқы істер министрінің жалғыз орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сонымен мен өз тарапымнан да Кеңес Одағын ыдыратуға жұмыс істедім, себебі онсыз еш республикалар тәуелсіздігін ала алмас еді.

– АҚШ-тың ең алдымен біздің елден елшілігін ашуына не түрткі болды?

– 1991 жылы жазда Ресей басшысы Борис Ельцин одақтас республикалардың Сыртқы істер министрлерін шақырып, кеңес өткізді. Осы кеңеске мен де қатыс­тым. Министріміз А.Арыстанбекова 4 айға КСРО делегациясының мүшесі ретінде БҰҰ Бас ассамблея­сының сессиясына кетті де, барлық жұмыс жалғыз орынбасары маған жүктелді. Сол кеңесте біз тәуелсіздік жариялаймыз деп шештік. Осылайша біз Кремльден сұрамай-ақ Одақ құрамынан шығу туралы қаулы қабылдадық. Сондықтан мен бүгінге дейін ел тәуелсіздігі үшін Ельцинге рақмет айтамын. Көп уақыт өтпей мен де Кеңес Одағының делегация мүшесі болып АҚШ-қа бардым. Ол кезде министр А.Арыстанбекова тәуелсіздік жариялауымызға қарсы болды. Талай рет түсіндірсем де, тыңдамаған еді. Нью-Йоркқа барған соң, ТАСС-қа сұхбат беріп, «Қазақстан БҰҰ-ға кіруге толық құқылы. Біз егемендік туралы декларациямен шектелмей, тәуел­сіздік жариялаймыз» деп айтып салдым.

Анығын айтқанда, ол кезде АҚШ, Еуропа Одағы «Қазақстан Ресей құрамында қала берсін» деп бізді қолдамайтын. Себебі Қазақстан Кеңес Одағынан қалған ядролық қаруын басқа мұсылман мемлекеттеріне беріп қоюы мүмкін деп күдіктенді де, одан да Ресей құрамында қала берсін деп ойлады. Өйткені есіңде болсын, екі империя бірінің көзін бірі шұқымайды. Сол сапарымда Алматыдан рұқсат сұрамай АҚШ астанасы – Вашингтонға барып, Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік департаментіне кірдім. «Біз тәуелсіздік жариялаймыз, қолдаңыздар» десем, «біздің Алматыда консулдығымыз, тілшілеріміз жоқ, сондықтан сіздердің ойларыңыз туралы білмейміз, сіздер мұсылман халықсыздар» деп сөз ұстатпайды. Қазақстанды қолдаймыз деген сөз аузынан шықпайды, алайда АҚШ Прибалтика, Кавказ елдерінің бос­тандығын ашық қолдады. Сосын мен «Қазақстан Ресей құрамында қалса, Ресей Федерациясының экономикасы, әскери, стратегиялық әлеуеті Кеңес Одағының қалпында қалады. Өйткені Қазақстанда қандай ядролық қарулар бар екенін біліп отырсыздар, соны қалайсыз­дар ма?» деп едім, америкалық дипломат жо-жоқ деп өзгеріп шыға келді. «Ендеше бізді қолдаңдар, біз зайырлы мемлекет боламыз, сіздермен қатынасымыз жақсы болады» дедім. Сонда ғана америкалықтар «жақсы, мен Мемлекеттік хатшыға әңгімені жеткіземін» деді. Ертеңіне сенатормен кездесу өткіздім. Жағдайды білген соң ол АҚШ президентіне ұсынысымды айтамын деп уәде берді. Сөйтіп АҚШ бірінші қатарда тәуелсіздігімізді таныды, кейін Алматыда шетелдің ең бірінші елшілігін Америка ашты. Осы оқиғадан кейін «Нью-Йорктен Батырша-ұлы елге қайтсын» деген телеграмма келді. Келсем, «Батырша-ұлы саяси қателік жібергені үшін жұмыстан босатылады, Қазақстан Ресеймен бірге қалады» деп шешім даярлапты. Мен келіспедім, жұмыстан кетпей қойдым. 5 күннен кейін Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков шақырып, «Сайлау, сен не істеп жүрсің? Сен Қазақстанды БҰҰ-ға мүше қылып ал деп Бас хатшыға арыз жазыпсың ғой» дейді. Бұл БҰҰ-ның Жарғысын білмейтіндердің маған жапқан жаласы еді. Өйткені ұйымға тек Мемлекет басшысы ғана өтініш бере алады. Осыны түсінбеген ғой. Қысқасы, Қазақстан тәуелсіздік жариялаудан бұрын біздің елді басқа мемлекеттердің тезірек мойындауы үшін дипломаттар көп жұмыс атқарды. Кейін соның жақсы нәтижесін де көрдік. Бір айдың ішінде 50-ден астам мемлекет тәуелсіздігімізді мойындап үлгергенде, жат ниетті сепаратис­тер не істерін білмей, бармақ тістеп қалды. Біз бұл жағынан ұттық, тыныштықты сақтадық.

– Түркия қалай біздің тәуелсіздікті ең алдымен мойындады? Әлде дайындалып отырған ба?

– Әрине, Түркия бауырлас ел ретінде алдымен қолдау көрсетті. Оның алдында да біраз дипломатиялық жұмыс жүргізген болатынбыз. 1991 жылы 1 қыркүйектен 10 қыркүйекке дейін Ислам конференция ұйымының (бүгінде Ислам ынтымақтастық ұйымы) саммиті өтті. Ол жиынға Иранның Сыртқы істер министрі Али-Акбар Велаяти өзі Алматыға арнайы келіп, біздің Президентті шақырды. Өзінің орнына Н.Ә.Назарбаев мені жіберді. «Ислам» деген сөзден қорқып, басқа Орталық Азия елдерінен ешкім де Сенегалға барған жоқ. Осы басқосуды пайдаланып мен саммитке қатысушы елдердің көп басшыларымен кездесіп, болашақ бостандығымызға қолдау көрсетуін өтіндім. Дакар қаласында Түрік басшысы Тұрғыт Өзалдың қабылдауында болып, әңгімеде Қазақстан тәуелсіздік жариялайтынын ашық айттым. Ол кісі қуана қолдауға дайын екенін жеткізді. Соның арқасында олар дайындалып отырды, Жоғарғы Кеңес тәуелсіздік туралы Жарлықты жариялаған сағатта ең алдымен Түрік Республикасы мойындады.

– «25 қазан Республика күні болып белгіленгеннен кейін, 16 желтоқсанды тәуелсіздік мерекесі ретінде тойлауды тоқтату керек, ол – қанды қыр­ғын болған күн» деген уәж айтатын ағайындар да көбейді. Сіз не дейсіз?

– 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясының пленумы өтті. Сол жиында Д.Қонаевты орнынан алып, оның орнына Қазақстанның жағдайын мүлде білмейтін Колбинді қойды. Түстен ке­йін соған наразы 200-300 адам алаңға жиналды. Сол күні оларға күш қолданылған жоқ. Ертесі наразылық ұлғайып, жиналған адам бірнеше мыңға жетті де, 5 қаладан жеделдетіп жеткізілген арнайы жасақ 17, 18 желтоқсан күні наразыларды итке талатып, су шашып, оқ атып, адам төзгісіз қанды қырғын жасады. Әр елде бірнеше мереке болатын секілді, Қазақстанда бас ұлттық мереке – 25 қазан, ал 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні ретінде атап өте берген дұрыс. 17, 18 желтоқсан күндері боздақтарды еске алып, мешітке барып құран бағыштасақ орынды. Мереке құтты, тәуелсіздігіміз баянды болсын!

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button