Ел тынысы

Тағы бір петицияға 50 мың қол жиналды

Қазақстанда тағы бір петиция қажет қолды жинады. Петиция авторлары мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға тыйым салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Шенеуніктерге құмар ойындарға тыйым салу» деп аталатын петиция E-Petition.kz ресми порталында жарияланды. Оны «Әділдік жолы» тәуелсіз республикалық қоғамдық бірлестігі қолға алған. «Жемқорлық, ұрлық, жымқыру, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық – мұның бәрі шенеуніктер арасындағы құмар ойынға деген бейімділіктің салдары. Алайда мемлекеттік масштабта лудоман-шенеуніктердің мәселесі шешілмей отыр», – деп жазылған петицияда. Петиция авторлары мемлекеттік қызметшілерге, бюджет саласындағы қызметшілерге, әскери қызметшілерге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және басқа да күш құрылымдары қызметкерлеріне құмар ойындарға толық тыйым салуды енгізу қажет деп есептейді.

«Біздің шенеуніктер халықаралық тәжірибеге сілтеме жасағанды ​​ұнатады. Ал Филиппин мен Моңғолия сияқты елдерде мұндай тыйымдар қазірдің өзінде бар», – деп мысалдар келтірді петиция авторлары. Осы уақытқа дейін петицияға 50 мың қазақстандық қол қойған. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 90-4-бабына сәйкес, петицияға 50 мың қол жинағаннан кейін министрлік оны қарауға қабылдайтынын мәлімдеген. Осы Кодекстің 90-5-бабына сәйкес, өтінішхат тіркелген күннен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мепзімде қаралады. Осыдан кейін тәртіпке сәйкес оның құрамына мүдделі тұлғалардың, мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button