Мәдениет

Тағылымы мол турнир

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кәсіподақ ұйымы, Altyn Qyran қоғамдық қоры, Patriot portaly және Qadaz орталығының демеушілігімен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Зодиак» бильярд клубында Алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбектi еске алуға арналған тастаяқтан республикалық турнир өтті.

Жыл сайын журналистер арасында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл жарысқа республикалық БАҚ өкілдерімен қатар Қойшығара Салғара, Сайын Назарбек, Төлен Әбдік секілді жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Ал жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аталған университет ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Садықов алаштың ардақты ұлы Ақселеу Сейдімбектің қалыптастырған биігінің аласармайтынын айтып бір тоқталды. Сонымен қатар ұйым­дастырылып отырған ойынның мәніне де назар аударып, тастаяқ шарларын адамдардың тағдырымен байланыстыра сөйлеп, жарыс иелеріне өмірде де өнерде де орындарын дәл және тура табуына тілектестік білдіріп жарыс шымылдығын ашты. Белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.

Сонымен не керек, бірлік пен ынтымақты негіз етіп, ұрпақтар сабақтастығының туын көтерген дода мәні де, сәні де келісіп мәреге жетті.

Нәтижесінде ардагерлер арасынан бірінші орынды ардагер фотожурналист Мақсут Иржанов, екінші орынды белгілі сатирик-журналист Базарбек Түкібай, үшінші орынды ардагер қаламгер Сәдібек Түгел, төртінші орынды Тұрмағанбет Кенжебаев жеңіп алды. Ал журналис­тер арасынан бірінші орынға «Хабар» агенттігінің қызметкері Ахмет-әлі Сахов жайғасса, екінші орынды «Айқын – Литер» холдингінің директоры, белгілі ақын Талғат Ешенұлы, үшінші орынды «Qazaqstan» телеарнасының режиссері Асылхан Манапов, төртінші орынды «Егемен Қазақстан» газетінің фототілші Ерлан Омаров қанжығасына байлады.

Бұдан басқа «Ең сыйлы», «Ең мәдениетті», «Ең шебер», «Ең мерген», «Ең шапшаң», «Техникасы ең мықты тастаяқшы» сияқты арнайы жүлделер де табысталды.

Шапағат ӘБДІР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button