ӘлеуметБасты ақпарат

Тарих тамыршысы еді



Кеңес билігінің 1979 жылы Ақмола өлкесінде неміс автономиясын құру жоспары болғаны тарихтан белгілі. Бұл туралы белгілі публицист, деректанушы, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері Амантай Кәкеннің «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» атты қазақ, орыс, неміс тілдерінде жарық көрген кітаптарында егжей-тегжейлі айтылған. Мұндағы деректер мен дәйектер негізінде көрнекті жазушы, драматург Думан Рамазан «Алаң» хикаятын жазды. Ауыр науқас алқымынан алмай тұрғанда Амантай Ғазизұлы газетіміздің тұрақты авторы еді. Өмірден озғанына қырық күннің жүзі болып қалыпты…

Қаламгер еңбектерін саралай келе, тарих және тұлға атты екі бағытта қарастыра аламыз. Соның бәріне автор ұлттық мүдде тұрғысынан келеді. Яғни, басты орынға қазақ тағдырын қояды. Оның жазғаны бірнеше томға жүк бола алады. Туған ел мен туған жер, осы Ақмола тарихын тарқатуға келгенде, бұл кісінің алдына түсетін адам санаулы еді.

Ол журналистикаға қайнаған еңбектің ортасынан келді. «Қазалтын» кәсіпорнындағы қарапайым электрик ұйымдас­тырушылық қабілетімен көзге түскен болуы керек, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып тағайындалды. Жоғары оқу орнының журналистика факультетін аяқтаған соң, «Арқа ажары» газетіне қызметке келді. Бөлім меңгерушісіне дейін өсті. Міне, осы кезде Целиноград облыстық партия комитеті оны мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерін даярлайтын Мәскеудегі Ф.Дзержинский атындағы жоғары мектепке арнайы курстарға оқуға жіберді. Мәскеудегі оқуын бітіргеннен кейін Жезқазған, Шымкент, Ақмоланың қауіпсіздік органдарында ұзақ жыл қызмет істеді. «Түркістан» газетінде, Ақмола облыстық тілдер басқармасында, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығында еңбек етті.

Амантай Кәкен өмірін елге беймәлім тарих беттерін ашуға, қазақтың қасиет пен қасіретке толы тағдырын көрсетуге, тұғырлы тұлғаларды танытуға арнады. Соның бәрін нақты архив құжаттарына сүйеніп жазды. Әрине, бұл тұрғыда құқық қорғау саласындағы қызметі көмекке келді. Яғни, архивтерге кіріп, жабық құжаттарды ақтаруда алдынан ешқандай кедергілер тумады.

Қаламгер еңбектерін оқып отырып, елең ете қаласыздар. «Зұлмат жылдардың запыраны» атты зерттеу еңбегінде ХVIII ғасырда, дәлірек айтқанда, 1737 жылы орыс патшасы Анна Иоановна Қазақстанның солтүстік өңірінде құл саудасын заңдастырғаны жайлы деректі алға тартады. Мақала арқылы бұл заң бір ғасырға жуық күшінде тұрғанын, тек 1822 жылы «Сібір қазақтарын басқару ережесі» шыққан соң ғана жойылғанын, алайда жойылғанға дейін қазақ даласына біраз зардап әкелгенін білесіздер.

Амантай Кәкен өмірін елге беймәлім тарих беттерін ашуға, қазақтың қасиет пен қасіретке толы тағдырын көрсетуге, тұғырлы тұлғаларды танытуға арнады. Соның бәрін нақты архив құжаттарына сүйеніп жазды. Әрине, бұл тұрғыда құқық қорғау саласындағы қызметі көмекке келді. Яғни, архивтерге кіріп, жабық құжаттарды ақтаруда алдынан ешқандай кедергілер тумады

Публицист тарихтың осындай күңгірт беттерін ғана емес, қазақтың ерлікке толы жолдарын да қаламына арқау еткен. «Ата даңқын аспандатқан» атты материалында Наполеон заманында француздармен шайқаста ерлік көрсеткен Нарынбай Жанжігітұлы, Әмен Байбатыров аталарымыз жайлы жаза келе, Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтардың жауынгерлік рухымен сабақтастырады, тылдағы еңбекке тоқталады. Осы сұрапыл соғыс – қаламгердің біраз зерттеген тақырыбы. «Түркістан легионы» кітабы да жарық көрді. Онда Мұстафа Шоқайдың осы құрамаға қатысы жоқтығын дәлелдеді.

Ашаршылық, қуғын-сүргін, тың игеру… Қазақтың бұл қасіретті тарихы да Амантай Ғазизұлының қаламына арқау болды. Мәселен, кезінде газетімізде жарық көрген «Қызыл қасап» мақаласында 1937-1938 жылдардағы ұлт қаймақтарын қынадай қырған кезеңді сөз етсе, «Қасіреті көп науқан» атты материалында тың игерудің зардабын жазды.

Амантай Кәкен қаламына арқау еткен тұлғаларға келсек, ең алдымен оны сәкентанушы ретінде танимыз. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлынан тәлім алып, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын, жазушы, драматург Сәкен Сейфуллин туралы монографиялық еңбектері жарық көрді. Қуғын-сүргін құрбаны, Арқаның ән алыптарының бірі Үкілі Ыбырайдың соңғы күндері туралы жазған мақаласын қызығып оқығанымыз бар. Қаламгер кезінде Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдиновке Халық Қаһарманы атағын беру мәселесін орынды көтерді.

Өткен жылдың желтоқсан айында қаламгердің екінші, мәңгілік ғұмыры басталды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button