Басты ақпаратЕлорда тынысы

Тартымды қала – табысты



Ел аумағында инвестицияға тартымды, туристік және кәсіпкерлік әлеуеті жоғары қалалардың ішінде Астана қаласының мүмкіндігі көп. Мәселен, былтыр қалаға 2 миллиард доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылып, қаланың өндірісі жыл сайын кеңейіп келеді. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша мегаполиске 1 млн 324 мың турист келгені қуантады. Ал қаланың сауда саласын дамыту, бизнеске қолайлы шаһар ретінде қалыптастырудағы жұмыс­тар нәтижелі ме? Оған Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы толыққанды жауап берді.

Кәсіп бастағанға қолдау бар

– Астананы кәсіпкерлер қаласы деуге негіз бар. Оны статистика толық айғақтайды. Бүгінде қаланың экономикалық белсенді халқының 74 пайызы шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. 233,5 мың қызметін дөңгелетіп отырған шағын және орта бизнес субъек­тілері қала экономикасының 60 пайыздан астамын қалыптас­тырып отыр. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Қаладағы кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік бағдарламалар едәуір үлесін қосуда. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған несиенің пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мен несиелерді ішінара кепілдендіру сияқты тетіктер үлкен сұранысқа ие, – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Әшімов.

Аталған тетіктер 2010 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бастау алып, кейіннен «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» негізінде жалғасын тапты. Тетіктерді іске қосқан сәттен бастап Астана қаласы бойынша субсидиялау шеңберінде 6200-ден астам жоба мақұлданып, 4800-ге жуық несие ішінара кепілдендірілді. Жалпы соңғы үш жылда қолдау тапқан кәсіпкерлермен 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы биылдан бастап күшін жойғанмен, қолдау тетіктері Ұлттық экономика министрлігімен қабылданған арнайы қағидалар аясында белсенді түрде жүзеге асып келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау мен ішінара кепілдендіру тетіктері өз ісін экономиканың басым салаларында жүзеге асырушы бизнес субъектілеріне қолжетімді. Олардың қатарына енбеген салаларда қызмет етуші кәсіпкерлер үшін «Астана Бизнес» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаны елорда әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бірлесіп қаржыландыру арқылы жүзеге асырады. Осы бағдарлама бойынша кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер 50 млн теңгеге дейін, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер 100 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Бұл несиенің сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз­ды құрайды.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар беріледі. Былтыр гранттарды тіркеу мерзімі 3 жылдан аспаған жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынылды. Өткен жылы жалпы 1971 кәсіпкерден өтінім келіп түсті. Іріктеудің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 545 млн теңгеге 113 кәсіпкердің жобасы қолдау тапты.

Биыл грант ұсыну шарттары қайта қарастырылып, Ұлттық экономика министрлігі жаңа қағидаларды бекітті. Осы қағидаларға сәйкес, қайтарымсыз гранттар тек әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміндегі шағын және орта бизнес субъектілеріне ұсынылады.

Сауда қарқыны тұрақты

– Шағын кәсіпкерлікті дамытуда көше саудасы маңызды. Көше саудасын дамыту мақсатында елордада 2016 жылдан бастап «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы іске қосылған. Осы бағдарлама шеңберінде бүгінде 800-ден астам субъект жұмыс істеп жатыр. Жоба аясында 300-ден астам жер учаскесін қосалқы жалға беру шарты жасалды, 1 миллиардқа жуық жеке инвестиция тартылған. Оның басты мақсаты – астанадағы көше саудасының бәрін жаңа заманның талабына бейімдеу. Бағдарлама операторы – «Астана ӘКК» АҚ. Бөлінген жер учаскелері жеміс-жидек, көкөніс, тамақ өнімдері, дайын өнімдер сататын объектілерді орналастыруға арналған. Бүгінде қала аумағында орналасқан сауда павильондарына заңдылық, сәулеттік келбет талаптарын және санитарлық нормаларды сақтау тұрғысынан тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты жаңа жер учаскелерін беру жұмыстары уақытша тоқтатылды, – деді өз сөзінде Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің басшысы Дархан Отызбаев.

Сауда саласында азық-түлік бағасының негізсіз шарық­тауын болдырмау мақсатында әрі бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде 29 мың тоннадан астам өнім бақылауда. Олар қаланың 110 ірі сауда желісінде сатылады. Нақты айтсақ, «Магнум» – 77, «Астықжан» – 2, «Вкусмарт» – 10, «Анвар» – 2, «Аян» – 5, «Фермаг» – 20, «Шапағат», «Сарыарқа», «Сауран» сауда орталығында бар. Қосымша «Қазтрейд» АҚ-пен жалпы көлемі 1350 тонна көкөністі (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) жеткізу көзделген.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 99,4 пайызды құрап, Астана рес­публика бойынша 18-орын алды. Бағаны тұрақтандыру үшін делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі аймақтық комиссия құрылды. Әр апта сайын комиссияның барлық мүшесі ірі сауда объектілерін аралап, нарықты бақылап отырады. Жыл басынан бері комиссияның 29 отырысы өтіп, бағаны негізсіз өсірудің 47 фактісі анықталды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуеті қандай?

2023 жылы Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекітті. Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамның ең әлсіз топтарын белгілі бір кәсіпке баулу және осы азаматтар өндірген тауар мен көрсеткен қызмет түрлерін сатуды ұйымдастыру. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бұл бағыт бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысушылар үшін төрт санат енгізілді. Біріншісі – әлеуметтік осал топ азаматтарын (ерекше қажеттілігі бар жандар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы отбасылар, зейнет­керлер мен зейнет жасына де­йінгі азаматтар, 16 жастан 23 жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілері, қандастар) жұмыспен қамтуға септесетін әлеуметтік кәсіпкерлер. Екінші санат – бұл әлеуметтік осал топ азаматтарымен өндірілетін тауарларды, орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерін сатуға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлер. Үшінші санат – мүгедектігі бар адамдарға көмектесу мақсатында қызметті жүзеге асыратын әлеуметтік кәсіпкерлер. Төртіншісіне әлеу­меттік салада жұмыс істейтін әлеуметтік кәсіпкерлер (психологиялық-педагогикалық қызметтер, балалардың демалысын ұйымдастыру, жалпы білім беру, мәдени-ағарту, қоршаған ортаны қорғау) жатады.

2022 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлердің республикалық тізіміне 437 кәсіпкер енген, соның 117-сі немесе 27 пайызы Астана қаласына тиесілі. Солардың бірі «Замандас» қоғамдық қоры 3 мыңға жуық ерекше балалардың бос уақытын аула клубтарымен қамтамасыз етуде. Одан бөлек, «Green Tal» және «Kunde» ЖШС-тің әрқайсысы әлеуметтік осал топтар қатарындағы 40 азаматқа тұрақты жұмыс беріп отыр. Кәсіпкерліктің бұл түрі туралы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы өндірістік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Рүстем Сағынбаев айтып берді.

– Әлеуметтік кәсіпкерлерді ынталандыру және дамыту мақсатында бизнеске арналған қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер, жеңілдетілген шарттармен тұрғын емес үй-жайлар беру секілді қолдау шаралары қарастырылған. Жалпы әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуметтік-экономикадағы орны бөлек. Өйткені бұл кәсіпкерлер барынша пайда табуды мақсат етпей, өз қызметін дөңгелету арқылы әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға орасан зор көмек көрсетеді.

Аталған кәсіпкерлік қатарына қосылу шарттары мен ережелері тұрақты негізде Астана қаласы әкімдігінің, Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ресми парақшаларында жарияланып келеді. Жарияланған ақпараттардың ішінде жауапты қызметкерлердің байланыс телефондары көрсетілген, – деді спикер.

Өнеркәсібі екпінді

Инвестиция – экономиканың екінші тынысы. Бірақ шетелдік ірі компаниялардың мол қаржысын тарта білу үшін де елде экономикалық ахуал жақсы, саяси тұрақтылық сақталған, әлеуметтік даму көрсеткіші жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Астана барлық талапқа толық жауап береді. Содан болар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елордаға 6,6 пайыз өсіммен 1 трлн 631,1 млрд теңге деңгейінде рекордтық инвестиция тартылды. Былтыр елордаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрады. Инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 6,3 трлн теңге болатын 591 жобаны жүзеге асыруда. Сондай-ақ былтыр 1800 жұмыс орны құрылып, 174,5 млрд теңге сомасына 30 жоба пайдалануға берілді. Ал 2024 жылы жұмыс орындар саны 4100-ге артып, жалпы сомасы 308,6 млрд теңгеге 55 инвестициялық жоба іске қосылады деп күтілуде. Инвестиция­ларды тарту бойынша жұмыс жүйелі негізде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда инвесторлар мемлекеттік қолдауды, оның ішінде арнайы экономикалық аймаққа жеңілдіктер беру көзделген. Бұл бағыттағы басқарушы компания «Astana Invest» саналады. Бас қалаға инвестицияларды тарту және іскер азаматтарды инновациялық игіліктерді игеруде «Астана даму орталығы» қолдау білдіреді.

Экономикалық аймақ артықшылығы

2023 жылдың қаңтар және қараша айлары аралығындағы елорданың өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 3433,9 млн АҚШ долларын құрады. Қала аумағында 70-тен астам экспортқа бағдарланған өндіріс бар. Елордалық өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі үлесі «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына тиесілі. Оның аумағында №1 индустрия­лық паркі мен 108 өнеркәсіптік жоба орналасқан. Былтыр №1 индустриялық парк кәсіпорын­дарының өнім экспортының көлемі 40,38 млрд теңгені құрады. Негізгі экспортталатын та­уарлар қатарында қорғаныстық электронды-оптикалық өнімдерді шығаратын «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» кәсіпорны, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, лак-бояу өнімдерін шығаратын «Астана ЖМК зауыты» ЖШС, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар шығаратын «ZTOWN Development» ЖШС, парфюмерлік-косметикалық өнімдер дайындайтын («Аромат» ЖШС), пластмасса бұйымдарын өндіретін «Бірыңғай шоғырландырушы орталық» ЖШС және өзгелері бар. Тауарлар Ресей, Өзбекстан, Шри-Ланка, Армения, Қытай, Германия, Эстония, Қырғызстан, Түркия, Беларусь, Әзербайжан және басқа елдерге экспортталады.

– Астана өнеркәсібін ілгерілетуде жаңа жобаларға ерекше назар аударылып, жыл сайын жаңа өндірістер, сондай-ақ экспортқа бағдарланған кәсіпорындар іске қосылатынын атап өткен жөн. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі саласындағы тиімді, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндіріс­терді, оның ішінде экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамыту мақсатында елорда аумағында «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы аумағында №2 индустриялық паркін құру жүргізілуде, онда 500 млрд теңге сомасына 150-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Одан басқа, тамақ өнеркәсібі кәсіп­орындары орналастырылатын аграрлық-индустриялық аймақты құру және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы өнеркәсіп және экспортты дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қиылымбеков.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button