Ел тынысы

Қазақстанда жаңа көліктердің сатылымы күрт төмендеп кетті

Мамыр айында қазақстандық автодилерлер 12 813 жаңа көлік сатқан, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,2 пайызға аз, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстанның автомобиль нарығында сатылымның өскені байқалған болатын, алайда мамырда бұл үрдіс жалғасын таппады.

Қазақстан автомобиль одағының (ҚАО) мәліметіне сүйенсек, бір айда елдегі автосалондар 12 032 жеңіл автокөлік, 781 жүк көлігін және бір автобус сатқан. Бұл 2024 жылғы сәуірмен салыстырғанда 19,56 пайызға және өткен жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға аз. Алайда, ҚАО атап өткендей, мұндай құлдырау алдын ала болжанған және қазір нарық бұрынғы беталысына оралып келе жатыр. Бір қызығы, Қазақстанда жаңа көліктердің сатылымы азайып қана қоймай, автонесиеге сұраныстың да айтарлықтай төмендегені байқалады.

Мамыр айында несиелер саны 10 пайызға, ал олардың жалпы сомасы 7 пайызға қысқарғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Бұл жағдай сатылыммен байланысты болуы әбден мүмкін.

Танымал автокөлік брендтеріне келетін болсақ, мамыр айында қазақстандықтар Chevrolet Cobalt көлігін көп сатып алды – 1165. Одан кейін Hyundai Tucson – 1138 сатылым, ал үздік үштікті Kia Sportage аяқтады. Оның сатылым саны 900 болды. Сондай-ақ үздік бестікке JAC J7 және Haval M6 – сәйкесінше 514 және 438 сатылымдар кіреді.

Жыл басынан бері қазақстандықтар 66 457 автокөлік сатып алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға артық.

Мамырдағы байқалатын төмендеу нарықтағы сұраныстың нақты төмендеуіне әкелмегені белгілі болды. Жалпы алғанда, сарапшылар 2024 жылы автодилерлер шамамен 160-165 мың жаңа автокөлік сата алады деп болжайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда ескі көліктердің – 20 жылдан асқан көліктердің үлесі артып келе жатқаны белгілі болды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button