Басты ақпаратЕл тынысы

Тазалық пен тәртіптің үлгісін танытты



Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру тапсырмасымен биыл елордада алғаш рет «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы ұйымдастырылды. Әр апта белгілі бір атаумен және өзіндік мақсатты негізге ала отырып өтуде.

Мамырдың 6-сы мен 11-і аралығы «Мөлдір бұлақ» деп аталды. Бұл – бұлақ, өзен, көлдердің маңайын қоқыстан тазартуға және тұрғындардың экомәдениетін қалыптастыруға бағытталған апталық. Осыған орай Астанадағы су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылды.

ӨЗЕНДЕР МАҢЫ ТАЗАЛАНДЫ

Экоакция аясында жастар мемлекеттік және басқа да құрылымдардың қызметкерлерімен бірлесіп, Қарасай батыр көшесінен Нұрғиса Тілендиев көшесіне дейінгі аумақтағы Сарыбұлақ өзенінің жағасын тұрмыстық қатты қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізді.

Тазалық айлығының 1000-нан астам қатысушысы Сарыбұлақ өзенінің жағасынан 200 тоннадан астам қоқыс жинады. Қоқысты шығару үшін 190 бірлік техника тартылды, оның ішінде 110 жүк көлік, 80 тиегіш қамтылды.

Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының хабарлауынша, акция аясында ағын аумақтарды қатты және тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары «Нұра-Есіл» арнасында, «Ақбұлақ» және «Қарасу» өзендерінде жүргізілуде. Экоакцияға қатысушылар бірнеше сағат бойы өзеннің маңын тазалап, айналадан көп мөлшерде қоқыс жинады. «Мөлдір бұлақ» экоапталығы аясында мемлекеттік мекемелердің 400-ден астам қызметкері Қарасу өзені жағалауын қоқыстан тазартты.

Ауқымды іс-шара барысында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық канализация­сы, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-ұстау және отырғызу, сау­да нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүзеге асырылды.

ЕРЕКШЕ ФОРМАТТАҒЫ ЭКО-ПИКНИК

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында BI Group холдингімен бірлесіп Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен елордадағы Президенттік саябақта кино көрсетілімі өтті.

– Көктемнің жылы күнінде астаналықтар бір күнді отбасымен бірге өткізе алады. Балаларға арналған тегін бағдарлама ұйымдастырылды, оларға аниматорлар ойын өткізеді, аквагрим, сахнада сиқыршылар жұмыс істейді. Сонымен қатар «Хатико» фильмінің кешкі көрсетілімін ұйымдастырдық және кіреберісте көрпелер тараттық. Экологиялық акцияның бұл бастамасы баршамызды туған жерімізді таза ету мақсатында біріктіруге арналған, – деді Есіл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Әли Жолтабар.

Акцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаттарының бірі – қала тұрғындарының мінез-құлқының жаңа экология­лық мәдениетін қалыптастыру. Пикниктен кейін қонақтар саябақтың аумағын тазалап, қоқыстарды жинап кетті.

Кешке саябақ қонақтары үшін ашық аспан астында кино көрсетілімі ұйымдастырылды. Экоакцияға 1000-нан астам адам қатысып, Астананың тазалығына өз үлестерін қосты.

КӘСІПКЕРЛЕР АКЦИЯНЫ ҚОЛДАДЫ

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында сауда орталықтарының қыз­меткерлері өз аумақтарын тазалауға шықты.

Астананың «Технодом», «Әсем», «Джафар», «Магнум», «Ажар» және «Тұлпар» сауда орталықтары мен базарларының аумағында ауқымды тазалық жүргізілді.

Астана қаласының Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы Қуаныш Қадір мұндай экоакциялар, ең алдымен, елордада тазалық пен тәртіпті сақтау үшін, сондай-ақ мәдениет тұрғысынан алғанда, кәсіпкерлер үшін ғана емес, қаланың барлық тұрғындары үшін де үлкен маңызға ие екенін атап өтті.

АУДАНДАР ДА АТСАЛЫСУДА

Көктемгі тазалық жұмыс­тары Астананың барлық бес ауданында да жалғасуда. Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандарының әкімдіктері күнделікті және әр сенбі сайын тұрғындармен, мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен, қоғам белсенділерімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, депутаттармен, сондай-ақ жастармен бірлесіп, ауқымды сенбіліктер өткізуде.

«Таза Қазақстан» республикалық айлығы, соның ішінде «Жасыл аймақ» экоапталығы аясында елордада 2200-ден астам түрлі сорттағы ағаш түрлері егілген болатын. Мәңгілік ел даңғылы мен Ф.Оңғарсынова көшесінің қиылысында 100 түп қайың және шырша ағаштары отырғызылды. Жалпы жыл соңына дейін 10 000 түп ағаш егу жоспарда бар. Ауданда ағаштарды формаға келтіріп қырқу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бас маманы Нариман Ахметовтың айтуынша, ауданындағы мемлекеттік құрылымдардың қыз­меткерлері аталмыш экологиялық бастама аясында сенбілікке 300-ден астам адам қатысты. Сенбілік барысында Есіл өзенінің бойында, Ырыс­келді қажы мешітінен бастап Көктал-1 тұрғын алабына қарай бағытта тазарту жұмыстары жүргізілді.

– Қоршаған ортаға қамқорлық біздің әрқайсымыздан басталады. Қоқысты тастауға қатаң тыйым салынғанын білу және есте сақтау – бұл барлығы үшін өте маңызды. Бүгін әріптестерімізбен бірге экология­лық акцияны қолдап, Есіл өзенін тазартумен айналыстық. Осындай акциялар неғұрлым көп болса, біздің қала таза болады, – деді бас маман.

«Таза Қазақстан» экология­лық айлығы аясында Есіл ауданы әкімдігімен жекелеген аумақтарда санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Ұлы Дала даңғылы, Қонаев, Оңғарсынова, Достық көшелері жанындағы, жағажай маңындағы көгалдарды тырмалау, баптау, күту сынды жұмыс­тар жүргізілуде.

Нұра ауданы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Баярс­танов бір айдан астам уақыт бойы өткізілген тазалық айлығының аясында Астана тазаланып, жасыл желектер саны ұлғайғанын жеткізе келе, экоакцияның барлық қатысушыларына алғыс айтты.

БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТАҒЫ ШЕБЕРЛІК САБАҒЫ

«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында елордадағы ботаникалық бақта ашық аспан астындағы йога сабағы өтті. Іс-шараны Есіл ауданы әкімдігі мен BI Group холдингі бірлесе ұйымдастырды.

Жаппай сауықтыруға негізделген йога сабақтарына әртүрлі жастағы 100-ден аса адам қатысты. Игілікті іс-шараға Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Санджай Веди арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді. Ал жаттығуды йоганың кәсіби мамандары жүргізді.

Есіл ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Әли Жолтабардың айтуынша, ежелгі йога білімі арқылы халықты тұрақты түрде спортпен шұғылдануға баулу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, физикалық және рухани сауықтыру мақсатында елорданың ботаникалық бағында алғаш рет тегін өткізіліп отыр.

Мерекелік жаппай сабаққа көптеген қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Йога шеберлері оларға ежелгі өнердің негізгі тетіктерімен таныстырып, дұрыс әрі жүйелі түрде йогамен дұрыс айналысудың тәсілдерін көрсетті. Ерекше форматта өткен іс-шараға ниет білдіргендердің қатарында зейнеткерлермен бірге мектеп оқушылары да көп болды.

Астаналық Ақбөбек ­Назенғалиева спорттық іс-шара жоғары деңгейде өтіп, табиғат аясында денені шынықтыруға тегін мүмкіндік берілгеніне ризашылығын білдірді.

Іс-шара соңында еріктілер бақ аумағын тазартты.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button