Қала мен Сала

Тазалыққа үлес қосты

Астанада Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Іс-шараға қатысқан «Жасыл ел» жастар ұйымының мүшелері Байқоңыр ауданына қарасты Өндіріс тұрғын алабының аумағын күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандыруға атсалысты.

«Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының жетекшісі Марат Мұхамеджанұлының айтуынша, тазалық акциясына 100-ден астам адам қатысты.

– «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Ол жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, жастар арасында экологиялық тәрбие­ні насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып жүр. Бүгінгі іс-шара барысында Өндіріс тұрғын алабының айналасын тазарту жұмыстары жүргізілді. Елорда тұрғындары, өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қалыптас­тыруымыз керек. Оны әркім өзінен бастағаны жөн, – деді Марат Мұхамеджанұлы.

Бас қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тазалықты сақтау мақсатында әр апта сайын өткізілетін «Таза бейсенбі» акциясы аясында елордалық жүзден астам жастар аумақтың жан-жағын ретке келтірді.

Астанадағы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ерлан Нұрланұлы «Жасыл ел» сарбаздарының қатысуымен болған тазалық акциясы мәдениет пен азаматтардың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптас­тыруды көздейтінін атап өтті.

– «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жиырмасыншы еңбек мау­сымы басталды. Жоба аясында елорда бойынша 4200-ден астам 14 пен 35 жас аралығындағы жастар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгін біз «Жасыл ел» сарбаздарымен бірлесіп «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экология акциясы аясында қала маңындағы Өндіріс тұрғын алабының айналасын ретке келтірдік. Жастар елорданы көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізді. 2005 жылы құрылған көшбасшы ұйым белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулу, патриотизмді қалыптас­тыруға үлес қосуда. Жалпы, «Жасыл ел» жобасы 14 пен 35 аралығындағы жастар мен студенттерді жұмысқа қабылдауда. Әлеуметтік жоба 20 жылдан бері жастарға қолдау көрсетіп келеді. Биыл көпбалалы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын жұмыспен қамту көзделіп отыр. Оларға арнайы киім және бір айлық мөлшердегі еңбекақы төленеді. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінеді. Мәселен, 14 жасқа толған оқушылар өз мектептерінің маңында жұмыс істейді. Одан бөлек, саябақтар мен ағаштарға күтім жасап, арамшөптерін тазалайды, қоршаған ортаның көркеюіне осылайша өз үлестерін қосады. 14 пен 16 жас аралығындағылар жас ерекшеліктеріне қарай аптасына 5 күн, 4 сағаттан кем емес жұмыспен қамтылады, – деді бас маман.

«Таза бейсенбі» акциясы әр апта сайын ұйымдастырылып келеді. Ол тек қоқыс жинаумен шектелмейді, бұл акция жаңа экологиялық ойлауды, халықтың экологиялық мәдениеті мен мінез-құлқын құруды, жаңа экологиялық әдеттердің пайда болуын бастауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында қалалық мәслихат депутаттары мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Президент саябағында тазалық жұмысын жүргізді.

– Бүгінгі іс-шара «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында өтіп жатыр. Экоакцияны қалалық мәслихат депутаттары мен «Жасыл ел» ХХ маусымының жауынгері қолдап отыр. Жалпы бұл әр маусым сайын атқарылып келе жатқан жұмыс деп айтуға болады. «Жасыл ел» жобасы аясында елордада биыл 14-35 жас аралығындағы 4200-ден астам жас жұмыспен қамтылып отыр, – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Саябақта өткен тазалық акциясына елордалық 8-сынып оқушысы Дария Сыздықова да қатысты. Оның айтуынша, жоба жазғы демалысты пайдалы өткізуге мүмкіндік береді.

«Мен №68 мектеп гимназия­сында оқимын. «Жасыл ел» жобасына алғаш рет қатысып тұрмын. Біз күніне 4 сағат абаттандыру және тазалық жұмысын жүргіземіз. Жазғы демалысты тиімді өткізіп жатырмыз деп ойлаймын. Келесі жылы да еңбек жасағы қатарында болу ойда бар» деді елордалық оқушы.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button