Басты ақпаратДенсаулық

Тегін дәрі кімдерге қолжетімді?

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» десек те, қолын кеш сермеп, дертіне дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектерден шипа іздейтін адамдар көп. Аурудың асқынуы мен ауырлығына қарай дәрі бағасы да қымбаттай беретіні белгілі. Сондайда оны тегін немесе жеңілдікпен қалай алуға болады? Жалпы дәрі-дәрмек индустриясында қандай жаңалықтар бар? Астанадағы №10 емхана базасында құрылған Республикалық БМСК орталығының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімшесінің меңгерушісі Жаңагүл БЕКЖАНОВАМЕН осы тұрғыда сұхбаттастық.

– Жаңагүл Жамбылқызы, қазіргі таңда тегін дәрі-дәрмек кімдерге қолжетімді? 

– Диспансерлік есепте тұрған қазақстандықтар дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тегін немесе жеңілдікпен ала алады. Алдымен тұрғылықты жерінде емханаға тіркелу керек. Сосын диспансерлік есепке тұру және учаскелік терапевтің немесе бейінді маманның бақылауында болу қажет. Үшіншіден, егер ауру тегін қамтамасыз ету тізіміне енгізілген болса, тегін рецепт алуына болады. Нақты дәріні алу барысында тұрғылықты жері бойынша емханаға барады немесе egov.kz порталы арқылы да өтінім бере алады. Egov.kz арқылы өтінім беру тәртібі өте қарапайым. Порталда ЭЦҚ немесе бір реттік құпиясөз арқылы авторизациядан өтсеңіз болды. Қызметтің толық атауы – «Азаматтардың жекелеген санаттарына дәрілік заттарды, бейімделген емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды беру». Ары қарай қызметті онлайн алу батырмасын басып, дәрігердің ұсынған медициналық рецептінің берілген және аяқталатын күнін толтырыңыз. 5 минуттың ішінде өтінішіңіздің жауабы келеді. Естеріңізге сала кетейік, дәрілік заттарды тегін немесе жеңілдікпен сатып алғанда науқастың жеке құжаты керек. Қазақстан Республикасы азаматтарының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне құқығы бар. Қамтамасыз етудің 2 пакеті болады: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, яғни ТМККК шеңберінде және әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы алады.

– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қандай түрлері бар? 

– Ол екі түрге бөлінеді: бірінші, стационарлық, яғни ауруханаларда дәрілік ем алу. Екіншісі, амбулаториялық, яки емханаларда рецепт бойынша дәрі-дәрмекке қол жеткізу. ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектердің тізбесін Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Құжатта тегін қамтамасыз ету қарастырылған аурулар, сондай-ақ дәрі-дәрмектер тізімі келтірілген. Аталған жүйелер арқылы дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізу жөніндегі оператор болып, СҚ-Фармация Бірыңғай дистрибьюторы бекітілген. Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алуға арналған дәрі-дәрмектердің тізбесін құзырлы министрлік бекіткен болатын. Сонымен қатар, бірқатар дәрі-дәрмектерді медициналық ұйымдардың өздері сатып алады. СҚ-Фармация дәрілерді тек тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін және мемлекеттік медициналық ұйымдар үшін ғана сатып алады және жеткізеді.

– Ақысыз дәрі қандай жолмен беріледі?

– Рецептерді тек учаскелік дәрігерлер мен медициналық ұйымдардың бейінді мамандары ғана жазып береді. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың жанындағы дәріханадан рецепт бойынша жеке куәлігіңізбен дәрі-дәрмекті алсаңыз болады. Денсаулық сақтау министрлігінің №75 бұйрығына сәйкес науқастарды ақысыз дәрімен қамтамасыз ету бойынша дәрігер 1 айда бір рет рецепт жазып ұсынады. Біздің емханада Д есепте тұрған 11128 науқас бар. Оның 9389-ы ересектер болса, қалғаны – балалар. Соларға берілетін 71 түрлі ауру бойынша дәрі-дәрмектер алынған. Ал осындай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімшелері барлық емханаларда 2018 жылы ашыла бастағанда, бізде тек 20 шақты ауру, яғни нозология бойынша ғана дәрілер болатын. Бүгінде олардың түрі көбейіп кеткен. Сол 71 нозологияның ішінде ең көбі қант диабеті, артериалды гипертония, бронх астмасы және өкпенің созылмалы обструктивті ауруы бойынша тіркеліп отыр. Сонымен қатар орфанды дәрілермен 36 науқас қамтамасыз етіледі.

– Егер жазып берген дәрі-дәрмектер болмаса, қайда хабарласқан жөн?

– Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша «СҚ-Фармация»-ның байланыс орталығы – 1439 нөміріне мобильді және қалалық нөмірлерден соғуға болады. Барлық қоңырау тегін. Жылдың ортасына келгенде, Бірыңғай дистрибьютор бізден келесі жылға керекті дәрі-дәрмектің алдын ала болжамды тізімін сұратады. Ол тізім біздегі науқастардың саны мен нозологиясына қарай жасалады. Сол берілген тапсырыс бойынша Бірыңғай дистрибьютор жылдың басында тендер жариялайды. Дәрілердің көбі өзіміздің елдің кәсіпорындарынан алынады. Арасында шетелдік өндірушілер де бар.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button