Басты ақпаратҚоғам

Телефонға телмірушілер заманы

Қазіргі таңда ұялы телефон өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Телефонның тұрмысымыз бен психологиямыз­ға әсерінің күштілігі соншалық, жанымызда қалта телефонымыз жоқ болса, байыз тауып отыра алмайтын деңгейге жеттік. Әрине, әр нәрсенің жағымды, я жағымсыз жағы болатындай ұялы телефонның пайдасымен қатар зияны да жоқ емес. Әсіресе жас ұрпақтың телефонға құмарлығы бүгінгі қоғамның тағы бір өзекті мәселесіне айналды.

Соңғы уақытта адамдар телефонның ішіне кіріп кетіп, шынайы өмірден алшақтап бара жатыр. Әр күнін түрлі гаджетте ойын ойнап немесе әлеуметтік желіде отырумен өткізеді. Өмірінің қалай сырғып өтіп жатқанын байқамайды да. Әсіресе жасөспірімдер жақындарымен ашық сөйлесіп, бір-біріне көңіл бөлмейді. Виртуалды өмірде өз әлемін құрып алып, сонда өмір сүруге дағдыланады. Есесіне шынайы өмірде алатын эмоция­дан құр қалады. Керек десеңіз, телефон сағынышты азайтып, адамдар арасындағы махаббатты да әлсіретіп жіберді. Себебі адамдар бұрынғыдай алыстағы туысын, жанашыр жақынын есі кетіп сағынбайды, көргісі келсе немесе айтар сөзі болса, бір минут ішінде байланысқа шығып, дидарын көріп отырып, сырласуға мүмкіндік бар. Сосын да шығар айшылық жерден туысқанымыз келсе де әңгімеміз алты ауыз сөзден, амандық сұрасудан аспайды, бұрынғыдай таңды-таңға жалғап әңгіме айтатын, ақтарылып сырласатын кез келмеске кеткен. Тіпті бір-біріне ынтық екі жастың өзі кезіге қалса екеуі екі жақта тұқырайып, телефонын шұқылап отыру қалыпты әдетке айналған. Психологтар мұны «номофобия», яғни ұялы телефонсыз қалудан қорқу, өмірлік мәні бар заттан айырылып қалғандай күй кешу деп атайды. Бұл атау no mobile-phone phobia деген ағылшын сөзінен шыққан.

Номофобия адам өміріне тікелей қауіп төндірмесе де, жағымсыз әсерлері жетерлік. Мысалы, жанында телефоны болмаса алағызып отыра алмау, телефонға қарамаса назары шоғырланбау, қарадай қобалжу, орынсыз уайымдау, телефонға көп қараудан бас айналу, жүрек соғысының жиілеуі сияқты белгілер қазіргі адамдарда көп байқалады. Америкалық ғалымдардың зерттеуінше, адамдардың 66 пайызы осы дертке шалдыққан. Дені –  жас қыз-жігіттер. Сонымен қатар көзі көрмей қалу, ұйқысы бұзылып, ауруға қарсылық қуаты әлсіреу, тіпті қатерлі ісіктің пайда болуы да телефонды шектен тыс пайдаланудың зардабы. Балалардың тілі шықпау, бұйығы болып қалуы да телефонмен қатысты дейді мамандар. Өйткені телефон қазір барлық баланың ең сүйікті «ойыншығына» айналғаны көпке мәлім.

Телефонға психологиялық тәуелділіктің басты белгісі – адам құрылғыны үнемі назарда ұстайды. Телефон адамның қолында жүреді немесе ол смартфонды көзіне көрініп тұратын жерге қояды. Әңгіме барысында қандай да бір сұрақ туындаса, тәуелді адам сұрақтың жауабын табу үшін телефонына үңіледі. Миды жұмыс істеткісі келмейді, керек десеңіз, беске бесті көбейтуге тура келсе, телефонмен есептеуге бейім тұрады, тіпті біреу бір жұмыс тапсырса, «ұмытып қаламын» деп телефонға жазып алу да әдетке айналып барады. Міне, бұдан телефонның адамзаттың есте сақтау қабілетін әлсіретіп, ойлау жүйесіне де аса ауыр ықпал жасағанын байқаймыз.

Психологтың айтуынша, телефонның санамызға сіңгені соншалық, қазір адамдар сезім мен эмоциясын сөзбен емес, стикермен жеткізеді. Маман бұл тенденция адамдардың бағдарламалануын арттырғанына, салдарынан оларды басқару жеңілдей түсетініне алаңдаулы.

Ғаламтор қанатын кеңге жайған заманда сәбилер де смартфонмен уанатын болды. Өйткені оның ішінде бәрі самсап тұр. YouTube дейсіз бе, Instagram, TikTok дейсіз бе, бала үшін қызықтың бәрі – кішкентай темірдің ішінде. Бірақ мұның балаларға жағымсыз әсері шаш етектен. Соның себебі болса керек, ғаламға танылған жарты алма компаниясы – Apple-дің негізін қалаушы Стив Джобс өз балаларына телефон көруге тыйым салған. Blogger мен Twitter желілерінің авторы өз балаларына смартфон мен планшетті күніне бір сағаттан артық бермеген. Өйткені бала телефоннан алатын эмоцияны өмірден ала алмайды да, біржолата телефонға тәуелді боп қалады. «Телефонға тәуелді балалар телефонға тәуелді емес балаларға қарағанда қиялшыл келеді, қиялшыл адамның әрекетке көшуі қиын. Өскен кезде жолы болмайтын адам боп қалыптасуы мүмкін. Өйткені олардың миына «армандау» деген бағдарлама жазылады да, әрекет ету керегі жазылмайды» дейді мамандар.

Телефонға тәуелділікті көп зерттеген мамандардың пікірінше, телефонға тәуелді баланың ұйқысы бұзылады. Таңмен ояна сала гаджетін іздейді. Бала агрессивті бола бастайды. Онлайн ойындар баланың жүйке жүйесіне кері әсерін тигізеді, тілі бұзылады. Қазірі таңда Астананың өзінде баласы 4-5 жасқа келсе де, тілі шықпаған баласын логопедке сүйреп жүрген ата-ана аз емес. Қысқасы, ұялы телефонның зардабына ертерек назар аударып, оның залалымен осы бастан күреспесек, ол ұлтымыздың болашағы – жастардың тағдырына балта шабуы әбден мүмкін.

Ақерке БАЗАРҒАЛИЕВА, Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық  университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button