Қоғам

Теңдесі жоқ дүр қыздар



Қырықтың қырқасына жақындап қалған, әлі тұрмысқа шықпаған қыз­дарды қазіргі күні «кәрі қыз» деуге аузың бармайды. Шетінен әп-әдемі, ақылына көркі сай. Алды шетелден оқып келген, талғамы биік, оп-оңды қызметі бар. Етінің тірілігінен баспанаға қол жеткізіп, жеңіл көлігін де өзі айдап жүр. Ата-анасына салсаңыз, әлдеқашан жалғыз қызының көрпесін тігіп, жасауын дайындап қойған. Тек уақыт өтіп жатыр. Қыз жалғыз. Сыр шашпайды. Сұрап келетін құдалар да көрінбейді. Мінекей, теңдесі жоқ дүр қыздар дейтініміз сондықтан.

Ал сол қыздардың теңі болар жігіт бар ма?! Көбіне жігіттен гөрі қыздар ширақ, отызында орда бұзбақ түгіл, қырыққа дейін қамал ала алмай жүрген қазақтың жігіттері біз сөз еткелі отырған теңдесі жоқ қыздардың қолына су құюға жарамай жатады. Қыздардың бағының байлануына осы бір әлеуметтік теңсіздік кесірін тигізіп тұр. Әлпештеп баққан қызын ата-анасы да көлденеңнен көк аттыға ұстатып жіберуге қимайды. Өз теңдесін күтіп, болашақ жарын қарапайым, алып бара жатқан қызметі де жоқ жігіттің қатарынан қарастырмайтын дүр қыздардың талабы да басқаша. Игіліктерге қол жеткізген, өзін алақанында аялайтын жігітті іздейді. Мұндай қасиеттердің бәрі бір адамның басында бола бермейтінін ескермейміз. Намысты қыз «осыншама жүргенде тапқаны осы ма?» деп айтатындардан да қаймығады. Қыздар жігіттерге қарағанда табыстылау болып, қыздардың кәсіби мансабы аспандағанмен де, адам жаратылысы өзгерген жоқ. Қыздың бағы жанса, жігіттің өзі тауып алады, ықыласы түссе, таңдайтын да, қыздарға сөз айтатын да жігіттер.

– Қыздар тек шешім қабылдайды, – дейді психолог Мөлдір Сыздықова. – Шешімді әйел қабылдайды, бірақ таңдау – әрқашан ер адамда. Алайда бәрі тағдырға байланысты екеніне де сенімдімін. Сұлулық – уақытша нәрсе, материалдық жетістіктің болғаны да жақсы. Бірақ мұның бәрі аса маңызды емес. Жігіттің жүрегіне жету үшін алдымен қызға тән биязылық, ибалық қажет екенін естен шығармаңыз. Ер мен әйелдің жаратылысы бөлек. Олардың психологиялық ерекшелігі туралы жазылған ғылыми еңбектерді оқып шыққанның артығы жоқ. Кейбір қыздар жігіттермен жақын аралас-құралас болып жүріп те табиғи жаратылысын жақсы түсінеді. Мұны білгеннің де артығы жоқ. Ең бастысы, ер-азаматты тыңдай білген жөн. Адам баласы көбіне өзінен басқа адам туралы білуге онша құлықты болмайды. Сол себепті де орынды болсын, орынсыз жерде өзіңізден басқа жан жоқтай, өзімшілдігіңізді көрсете бермеңіз. Алғаш кездескеннен проблемаларды қозғаудың қажеті жоқ. Қоғамдағы қиындықтардан бастап әлемдегі тұрақсыздық, одан қалды отбасы мен жұмыстағы жайттар көңіл-күйді түсіретіні белгілі. Елестетіп көріңізші, екі бөтен адам алғаш рет кездесті делік. Бір-біріне үйреніп, мінезін білместен өз проблемаларына тарта бастады. Айта кетелік, сіз кездестірген жігіт кем дегенде бір әйелмен оның мәселелерін үнемі тыңдап, оған қамқорлық жасайтын жалғыз анасымен қарым-қатынас жасау тәжірибесінен өткенін ұмытпаңыз. Сондықтан осындай мейірімді болмаса да, қамқор жан екеніңізді білдіргеніңіз дұрыс. Сонымен қатар қолдап, көмектесуге әрқашан дайын екеніңізді сезіну де жігіттің ойын тоқтатуға ықпалы болады. Алдымен сенуі керек. Отбасындағы ортақ мақсат үшін, ортақ құндылық үшін құрбандық деуге аузымыз бармайды, сонда да өзіміздің білгенімізді өз дегенімізді алға шығара бергеннен баянды болашаққа қол жеткізу қиын болар.

Адамның әлеуметтік жағдайы өзгергеннен кейін бойжеткен тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болғанда алдында айтқандай жалаң сезіммен жар атанып, әулеттің келіні болуға аздық ететінін де ұмытпаңыз. Бақытты болудың да, үлгілі отбасы құрудың да нақты үлгісі жоқ. Әркім өз отбасындағы көргенін алады. Сол үлгімен жалғастыруға тырысады. Күйеуге шыққаннан кейін жанталасып азаматымен бақталасып, өзінің үстемдігін көрсеткеннен де ұтпайды. Әйел өзін сыйлата білсе жақсы. Дәстүрлі отбасы институтының іргесі осындай негізде құрылады. Басқаша болған жағдайда, онда дәстүрлі институтқа ұқсамай, өзгеше дамуы мүмкін.

Маманның сөзі дұрыс, өмірдің нақты шындығын айтты. Десе де «отырған қыз орнын табады» деген біздің жағдайда жүрмейді. Дұрысы «жатқан тастың астына су ақпайды» деген сөзді ескеріп, әрекет етсе, дүр қыздарымыздың жағдайы біршама жеңілдер еді.

Әдетте, жасы келген қыз ортадан ысырыла береді дейді. Рас. Қатарының көбі шаңырақ құрып, өз басымен әуре болып кеткенде, отырған қыз жұмысбастылыққа салынып, қатар-құрбыларын іздей қоймайды. Бұрындары осындай жалғызбастыларға арналған клубтар болушы еді. Қазір оның бірі жоқ, есесіне «интернеттегі танысу» жолға қойылған. Жалпы ғаламтор адамды жалғыздыққа бастайтын жол сияқты. Бір жағынан алып қарасаңыз, бүкіл әлем қолыңызда, жалғызбыз дейтіндей себеп жоқ. Танысқыңыз келсе, мұхиттың ар жағындағымен де сөйлесе аласыз. Бірақ бұл – алдамшы елес. Осындайда жастарды таныстырып, білістіріп жүретін ағайынның арасында бір пысық жеңгелер болушы еді. Дәл осы жағдайда олардың қызметі аса маңызды. Алайда ол жеңгелер де арты не болар дегендей, екі жасты табыстыруда қорқа соғады. Яғни қыз баланың отбасылы болуына себепкер болатын бір жанашыр жоқ деуге болады. Естуімізше, бұрындары сыйлас достар балаларына жастайынан құда түсіп жатушы еді дейді. Ол да қалған. Бір қызығы, қазіргілердің құдалық туралы пікірі бұрыстау. Ал жастардың өзіне салып, танымайтын, білмейтін жермен құдандалы болып жатудың қиындығы барын соңғы кездегі ажырасу көрсеткішіне қарап бағамдауға болады.

Сонымен не істемек керек?! Мына қоғамда дүр қыздарымыз туралы дерек жоқ. Олар әлеуеттік топтың ешқандай түріне жатпайды. Сол себепті де мемлекет назарында емес, олардың мәселесіне ешкімнің басы ауырмайды. Демек, о бастан отбасы құндылығының өзгерістерге ұшырауының зардабын балаларымыз тартып жүргендей…


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button