Басты ақпаратМәдениет

Торғайдың топжарғаны



Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында Қазақ оркестрінің ХХVI-концерттік маусымының жабылуына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Анар Мұздаханованың шығармашылық кеші өтті. Күйшінің тура 60 жасқа толған туған күнінде өткен «Аққу-домбыра» атты концерттік кеште А. Мұздаханованың және Қазақстан композиторларының күйлері, әндері, оркестрге жазылған шығармалары орындалды.

Кешке филармонияның Қазақ оркестрі, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, “Құрмет” орденінің иегері Жанар Жүсіпова, Халықаралық байқаулардың лауреаты Фируза Рахметова, Анар Мұздаханованың өнердегі күйші сіңілілері Мәдениет саласының үздігі Әмина Бошымова, Республикалық байқаулардың лауреаты Айым Бекбаева және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрар Әліпбаев қатысты. Қазақ оркестрі домбыра-II тобының концертмейстері Анар Мұздаханова 1997 жылы Астана қаласында құрылған оркестрде алғашқы күннен бастап қызмет етіп келеді. Ол – күйші ретінде халық композиторларының туындыларын еліміздің үлкен сахналары мен шет елдерде дәріптеп жүрген өнер иесі.

-Көктен нұр, сахнада гүл жауған кеш болды. Киелі сахна, шымылдығы сырғып ашылғанда ұлттық киімдегі оркестр құрамын, олар орындап отырған шығарманы тыңдап, тұла бойың шымырлайды, жан жүрегің езіліп кетеді екен. Күй құдіреті, өнер киесі ғажап қой. Торғайдың топжарғаны, күйші,сазгер Анар Мұздаханованың кеші керемет өтті, – дейді замандасы, журналист Ләззат Қапышева.

«Бабалар үні» кітабының тең авторы, республикалық аспапшылар конкурсы 1-ші сыйлығының, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті Құрмет грамотасының иегері Анар Айтбайқызы – екі баланың анасы, аяулы жар. Тектіден текті туады демекші, ол – әрі
ән-күйлері тыңдарман қауымның жүрегінен орын тапқан композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Айтбай Мұздахановтың қызы. Концерт барысында оның өнердегі және өмірдегі осындай ерекше жолы замандастары тарапынан мадақталып, талантын бағалайтындар алдағы шығармашылық жолына табыс тіледі. Жақында ол Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай саланы дамытуға қосқан үлесі үшін Астана қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған болатын.

 

 


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button