Басты ақпаратРуханият

Тұрағұлдың аударма кітабы табылды



Әдебиет зерттеушісі, аудармашы, қоғам қайраткері Тұрағұл Абайұлы – жарық ғұмырында Алаш ісіне біркісілік үлесін қосқан тұлға. Алаш арыстарының сенімді азаматтарының бірі болып бірегей жұмыс атқарған Т.Абайұлы – қазақтың ардақты тұлғаларының бірі. Бір ғана хакім Абайдың өлеңдерін 1909 жылы баспадан шығарудағы тарихи еңбегінің өзі Алаш баласы алдындағы абыройын асқақтатар іс еді.

Абайұлы Тұрағұл 1875 жылы қазіргі Абай облысы Абай ауданында туған. Абайдың кіші баласы. Жас кезінде мұсылманша, орысша сауат ашқан. Әкесі мен ағалары Оспан, Әбдірахман, Мағауия қайтыс болғаннан кейін Құнанбай әулетінің басты адамы ретінде жергілікті билікке араласқан. Ол Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов сынды Алаш қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болған.

1922 жылдан шығармашылық жолға бет бұрған Тұрағұлдың әдеби мұраларының ішіндегі ең құнды еңбегі – «Әкем Абай туралы» деп аталатын естелігі. Қазақ әдебиетіндегі естелік жанрының бастауында тұрған бұл еңбегін ол М.Әуезовтің өтініші бойынша жазған. Абайдың мінез-құлық ерекшеліктерін, өлең жазардағы көңіл күйін қызықты суреттеген Тұрағұл ұлы ақын шығармаларына талдау жасайды, оның шығармаларының негізін көркем аудармалар құрайды.

Ол Джек Лондонның «Эскимос Киш», А.М.Горькийдің «Челкаш» («Таң» журналының 1925 жылғы сандарында жарық көрген), А.С.Неверовтың «Мәрия – большевик», «Мен өмірге жерікпін» (Неверовтан аудармалары «Ортақшыл Мария» деген атпен 1927 ж. Мәскеуде жеке кітап болып шыққан) атты әңгімелері мен Б.Прустың «Антек» шығармасын («Әнтек қыран» – Ә.А.), Д.Лондонның «Мартин Иден» романын (қолжазбасы сақталмаған) қазақ тіліне аударған. Тұрағұл Абайұлы «Алладан мен қапа боп, тілеген күн», «Хат», «Әбішке», «Жауап хат», т.б. өлеңдер жазған.

1928 жылы Шымкентке жер аударылған Тұрағұл бірнеше жыл ауыр азап көріп, 1934 жылы дүниеден өткен.

Абайдың өзге ұрпақтары секілді Тұрағұлдың да көрген азабы, тартқан жапасы ауыр болған. Бүгінге дейін қалам иесінің Шымкенттегі химфарм зауыт астында қалған бейіті туралы да әртүрлі әңгімелер бар. Туған жылы туралы әр жерде әртүрлі жазылып келеді. Бірде 1875, ал бірде 1876 жылы дүниеге келген деген деректер қатар жүр.

Тұрағұл шығармалары жинағының алғысөзін жазған ғалым О.Жұбай: «Әдебиет тарихында, қазақ ғылымында, аударма ісінде өзіндік орны бар тұлға ретінде Тұрағұл Абайұлының еңбектері арнайы зерттеу нысаны болуға әбден лайық. Жинақ осындай зерттеулерге мұрындық болады деген сенімдеміз» дей келіп, ғалым мұраларының көптеген қоры сақталған, ұлтымыз тарихының өзге де кітаби жәдігерлері барынша жинақталған ҚР Ұлттық кітапханасы мен Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптары мен қолжазбалар қорына арнайы алғысын айтып, алғысөзінің нүктесін қояды

Тұрағұл Абайұлының еңбектері тұлға ақталғаннан кейін тұңғыш рет 2018 жылы жинақталып, кітап болып шықты. «Тұрағұл Абайұлы (зерттеулер, мақалалар, аудармалар)» деген атпен шыққан кітапта тұңғыш рет ғалымның өткен ғасыр басында төте жазудағы түрлі басылымдарда жарияланған еңбектері мен кітаптары бүгінгі жазуға түсірілді. Кітапты түпнұсқадан құрастырып, теріп, салыстырып шығу міндетін біз атқарғанбыз. Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы, тілші-ғалым, ұстазым Орынай Жұбай аталған кітапқа алғысөз жазып, соңғы редакциясын қараған. Аталған кітапқа ғалымның әдеби және ғылыми аудармалары біршама толық енген. Атап айтар болсақ, кітапқа автордың А.М.Горькийден аударған «Челкаш» атты әңгімесі, Джек Лондоннан аударған «Баланың ерлігі», А.Неверовтан аударған «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мәрия» әңгімелері, Г.Н.Спернаскийден аударған «Балалы әйел не білу керек?», А.Б.Белицерден «Қолдағы малдың, құстың құрт ауру болмағының жайы», Пиридолин С.П. «Мал шаруасының насихаттары», т.с.с. аудармалары, «Әкем Абай туралы» естелігі енген.

Тұрағұл шығармалары жинағының алғысөзін жазған ғалым О.Жұбай: «Әдебиет тарихында, қазақ ғылымында, аударма ісінде өзіндік орны бар тұлға ретінде Тұрағұл Абайұлының еңбектері арнайы зерттеу нысаны болуға әбден лайық. Жинақ осындай зерттеулерге мұрындық болады деген сенімдеміз» дей келіп, ғалым мұраларының көптеген қоры сақталған, ұлтымыз тарихының өзге де кітаби жәдігерлері барынша жинақталған ҚР Ұлттық кітапханасы мен Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптары мен қолжазбалар қорына арнайы алғысын айтып, алғысөзінің нүктесін қояды.

Еліміздегі алаштану мен баба тарихын зерделеуде үлкен рөл атқарып келе жатқан сирек кітаптар мен қолжазбалар қорларына, әсіресе жоғарыда аталған екі кітапхана қорына біздің де айтар алғысымыз ерекше. Біз бүгін көптен сүйінші сұрағалы отырған жаңалығымыз да аталған кітапхана қорына байланысты.

Жоғарыда көрсетілгендей, Тұрағұл Абайұлының осыған дейін белгілі болып келген еңбектері: аудармашының 5 әдеби және 3 ғылыми аудармасы және бірқатар өлеңдері, сондай-ақ тарихи, ғылыми құны жоғары бағаланған әкесі хакім Абай туралы жазған естелігі.

Ал бүгін оқырман қауымға жеткізгелі отырған ақжарма жаңалығымыз – Т.Абайұлының бұған дейін белгісіз болып келген тағы бір аударма кітабы туралы болмақ. Тұрағұл Абайұлы аударған төртінші бір ғылыми еңбек тағы да ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған. Кітаптың айқара бетінде: «Жұқпалы ауруды ұсақ жануар­лар таратады»,  авторы: Д.М.Российский. Аударған: Абайдың Тұурауылы. Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1927. 48 б. Таралымы 4000 дана» деген мәліметтер берілген.

Абай баласының бұған дейін белгілі болған еңбектерін бір кісідей зерделеген адам ретінде, аудармашының бұл кітабын барынша тәптіштей қарадық. Алаштанушылар мен Тұрағұл туралы ізденіс жасаушылардың мақалалары мен еңбектерінде аталып өткен де болар деп қол жеткен жерге дейін іздеп көрдік.

Тұрағұл туралы ізденген зерттеушілер жоқ емес. Түрлі басылым беттерінен Абайдың осынау қайраткер ұлы туралы жазылған 20-ға жуық мақаланы зердемізден өткіздік. Біз көрген мақалаларда ғалымның шығармашылық, қайраткерлік қыры қарастырылған. Өмір деректері де біршама терең қаузалған. Алайда біз жолшыбай жолықтырған бұл кітабы туралы деректер кездеспейді. Ал біз байқамай қалған әлдебір басылымдарда болып жатуы да ғажап емес. Дегенмен тұқым жұрағатымен кері заманның тепкісін көрген, өзі данышпан Абайдың ұрпағы, Абайдың кітабын алғаш шығарушы Тұрағұлдың тасада қалып бара жатқан бір кітабы бар екенін жұртқа қуана жеткізудің айыбы жоқ деп шештік.

Сонымен, Абайдың ұлы Тұрағұлдың Д.М.Российскийден аударған «Жұқпалы ауруды ұсақ жануарлар таратады» атты кітапшасы бар. 50 бетке еркін жетпейтін шағын кітапшаны оқып та шықтық. 1927 жылы Мәскеуден 4000 данамен шыққан аударма кітабын ақтара отырып көңіл толқып, көзге жас та келеді. Себебі осыдан 6 жыл бұрын алғаш рет Тұрағұл еңбектерін түпнұсқадан (төте жазу) қазіргі жазуға түсіре отырып сан ойға кеткен болатынбыз. Тұрағұл кітаптарының дені Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан – Мәскеуден шыққаны байқалады. Мәскеуде Ә.Бөкейхан Абай баласына жиі жәрдемдесіп отырғанының да бір көрінісі осы. Бай тұқымы ретінде қуғындалып, жер аударылған текті тұлғаға астыртын жәрдем жасауда Алаш арыстары қарап қалған жоқ. Аудармаларының қаламақысы арқылы тұрмысқа керек-жарағын айырсын деген достық көңіл де ақырын көрініс табады.

2018 жылы Тұрағұлдың кітабын шығарғаннан кейін, хас аудармашы жазбаларындағы құнарлы тіл мен құйқалы лексикалық қор туралы да бір мақала жариялаған едік. «Тұрағұл – қазақ сөзін зерлеген тұлға» атты мақаламызда Т.Абайұлының өзіне ғана тән аудармашылық шеберлік сөз болады. Аталған мақаланы бірнеше басылым жариялап, тіптен, ашық энциклопедияға (википиедия) да сол мақаладан сілтеме жасағанын көріп, аз да болса еңбегіміздің алаштанудың бір керегіне жарағанына қуанып қалдық.

Мінеки, осылайша, Т.Абайұлының бір құнды аударма еңбегі жұртқа белгілі болу алдында тұр. Тұрағұл аударған бұл кітаптың түпнұсқасын және сан мыңдаған орыс ғалымдары ішінен сақадай таңдап алған Д.М.Российский деген ғалым кім болды екен деген оймен әлемжеліден жоқ қарадық. «Мәскеу университеті жазбалары» (Летопись Московского университета) атты ресми сайтта біз іздеген орыс ғалымы туралы мынадай ақпарат берілген:

Российский Дмитрий Михайлович (1887-1955). Мәскеу университетінің медицина факультетін (1911) және физика-математика факультетін (1920) бітірген. Медицина ғылымының докторы (1915). Медицина факультеті емдік госпиталь клиникасы кафедрасының профессоры (1921-1930). Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. РСФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Ғылыми қызығушылықтары: клиникалық медицина, фармакология, медицина тарихы. Докторлық диссертацияның тақырыбы: «Жануарлардағы зат алмасуға Glandulae pituitariae инфундибулярлы бөлігінен алынған сығындының әсері туралы». Жалпы терапия бойынша дәрістер оқыды. Ғалымның аталған сайтта көрсетілген шығармаларының тізімінде көптеген еңбектері бар. Солардың ішінде «Блохи и клопы – распространители заразных болезней и меры борьбы с ними» (1926) атты кітабын көзіміз шалып, іздеген жоғымызды тапқандай болдық. Т.Абайұлы, міне, орыс медицина ғалымы Д.М.Российскийдің осы кітабын аударған.

Шамалап аударсақ, «Бүргелер мен биттер – жұқпалы ауруларды таратушылар және олармен күресу шаралары» атты мағына беретін кітап атауын Т.Абайұлы «Жұқпалы ауруды ұсақ жануарлар таратады» деп ықшамдап аударып берген.

Д.М.Российскийдің дәл осы біз іздеген кітабы 1926 жылы Мәскеуден шыға салысымен, тізгін ұшымен қазақ аудармашысы Тұрағұлдың аударып, келесі жылы баспадан шығарып үлгеруі де – көңіл бөлуге тұрарлық дүние. Т.Абайұлы Д.М.Российскийдің кітабын неге таңдағанын (мүмкін, Мәскеудегі Ә.Бөкейхан таңдап алып жіберсе керек – Ә.А.) кітапты оқыған адам бірден біле қояды. Жасырып жабары жоқ, аттан енді ғана түскен қазақ секілді көшпелі жұрттың сол тұста таралғыш ауруларға қарсы шаралары кемшін еді. Сол жылдары таралған оба секілді аурулардан да қазақтар қатты қырылды. Отырықшылық өркениетке еріксіз түрде ойыса бастаған қазақтар оқ пен оттан аман қалса да, обадан қырылып қалуы да әбден мүмкін еді. Бұл кезде осындай апаттан аман қалу үшін, ұлттың ішкі иммунитетін көтерудің жолдарын көрсететін көп кітап аударылды. Сол қатарда ­Т.Абайұлы мал шаруашылығына, бала денсаулығына қатысты 4 кітапты, Ахмет Мамытұлы денсаулық тақырыбында көптеген кітапты, Жұмағали Тілеуліұлы «Гигиена» (саулық сақтығы), т. б. зиялылар осы тақырыпта Еуропа ғалымдары жазған орыс тіліндегі кітаптарды көптеп аударды. Бір ғана Абай баласы Тұрағұлдың өзі тек денсаулық пен нәсілді мал тақырыбында 4 кітап жазғаны осы тарихи себептерден еді.

Тұрағұлдың ғасыр бұрын аударған еңбегі елімен қайта қауышу алдында тұр. Кітаптың ішкі мазмұны мен тілі туралы бұл еңбекті қазіргі жазуға түсіріп, ғылыми көзбен қарастырғаннан кейін тағы да бірер мақала жария­лайтын боламыз. Бастысы, бүгін Алаш арыстары туралы жаңалықтарға жаны жақын ағайынға қазақтың хакім Абайының ұлы, Алашорда мүшесі, аудармашы, әдебиеттанушы Тұрағұлдың тағы бір кітабы бар екенін қуанышпен жеткіздік.

Әділет АХМЕТҰЛЫ, алаштанушы,

А.Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button