Ел тынысы

Тұрғын алаптарға жоғары сапалы интернет тартылуда



Астанада тұрғын алаптарға жоғары сапалы интернет тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы байланыс операторларымен бірлесе отырып, байланыс пен интернет сапасын арттыру бойынша тұрақты жұмыстар атқаруда. Бұл туралы бүгін Астана коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Астана қаласының тұрғын аудандарын жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету» атты брифингте айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Шаһарда 16 тұрғын алабы мен 1 саяжай алабы бар болса, соның 12 тұрғын алабы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған болатын. Атап айтқанда, Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Үркер, Тельман, Пригородный, Заречный, Юго-Восток, Интернациональный, Железнодорожный, Промышленный, сондай-ақ Қоянды саяжай массивін қоса алғанда. Бүгінде, бұл аудандардың тұрғындары талшықты–оптикалық байланыс желілерін пайдалана отырып, жоғары жылдамдықты интернет пен цифрлық телевидение қызметімен толық қамтамасыз етілген. Ал, қалған 5 тұрғын алапта – Өндіріс, Казгородок, Кирпичный, Мичурино және Күйгенжар – үйлерді қосу 2024 жылдың үшінші тоқсанының соңында жоспарланған.

-Жалпы жоспар 12 000 жеке үйге қосылуды қамтиды. Бүгінгі таңда 7593 абонент қосылған. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 2,68 млрд. теңгені құрайды. Барлығы 665 шақырым оптикалық байланыс желілерін салу жоспарлануда. Астана қаласының әкімдігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, байланыс операторларымен бірлесе отырып, байланыс пен интернет сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашықтар тұрғын алаптарында талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізген инвестор «Қазақ Үй Желілері» ЖШС жалпы ұзындығы 132 км құрайтын көше кабельін тартып, 1198 абонентті қосты. Есіл және Нұра аудандары бойынша инвестор «Synergy Telecom» ЖШС-нің көмегімен 200 шақырымнан астам көше кабельдері төселіп, 1710 абонент қосылды. Ал, Алматы ауданында Юго-Восток (оң жағы) т/а: 85 км-ден астам көше кабельдері тартылып, 754 абонент қосылса, Промышленный тұрғын алабында 25 км-ден астам көше кабельдері тартылып, 435 абонент қосылды, – дейді Астана қаласы цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы ММ басшысының орынбасары Берік Ахметов.

Инвестор: «Қазақ үй желілері» ЖШС. Сондай-ақ, инвестор «Synergy Telecom» ЖШС-нің қолдауымен Интернациональный тұрғын алабына 70 км көше кабельдері тартылып, 490 абонент қосылды. Мичурино және Күйгенжар тұрғын алаптарында жұмыс 2024 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, Байқоңыр ауданындағы Өндіріс, Казгородок және Кирпичный тұрғын алаптарына қосу жұмыстарын осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында аяқтау жоспарда. Қоянды саяжай алабы бойынша 20 км көше кабельдері тартылып, 20 абонент қосылды. Инвестор: «Твой новый телеком» ЖШС. Елорданың тұрғын алаптарында жоғары жылдамдықты интернетті қосу жобасы цифрлық технологияларға қолжетімділікті арттыра түспек.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button