Басты ақпаратҚала мен Сала

Тұрғындар тұрмысына ыңғайлы қала

Саяси қайраткер Сапар Ахметов өмірінің ширек ғасырын мемлекеттік қызметке арнап, бас қаланың өркендеуіне зор үлес қосты. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімі аппаратында жетекші маманнан бастап, аппарат басшысына дейін өсті. Елорданың Сарыарқа және Алматы аудандарын басқарды. Қызмет жолы «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Астана қаласы мәслихаты V шақырылымының депутаты, Парламент Мәжілісінің депутаты болып жалғасты. Қазір де Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде елорданың дамуына атсалысып отыр. Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерейтойына орай Сапар Қайратұлын әңгімеге тартып, Астананың кешегісі, елорда мен елдің бүгінгі өзекті мәселелері жайында сұхбаттастық.

– Сапар Қайратұлы, мәслихаттардың ел өмірінде, елорда тынысында алатын орны қандай?

– Елорданың, жалпы біртұтас ел тынысында мәслихаттардың алатын орны зор. Бұл өкілді органның әлеуетін дұрыстап пайдалана білсек, шығарған шешімдерін дұрыс қолдана білсек, сөзсіз алға басамыз. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқарудың үлкен институты ғой және халық пен билік арасындағы алтын көпір. Мәслихатқа әр партиядан сайланған депутаттардың жұмысына көп нәрсе байланысты.

Биыл Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толып отыр. Кешегі кеңестік тоталитарлық жүйеден кетіп, қазір халыққа жақындаудың қадамдары жасалып жатыр. Астана мәслихаты бүгіндері бас қаланың дамуына үлкен үлесін қосуда. Өзім атқарушы билікте қызмет істегенде мәслихат депутаттары арасында көптеген елге сыйлы, нағыз халық қалаулылары дейтіндей азаматтар болды. Олармен ­қоян-қолтық жұмыс істеп, ақылын тыңдап, тәжірибе жинақтадық. Сол уақытта бұл азаматтармен ақылдаса отырып, Астанада көп мәселені шештік. Елорданың қалыптасу кезеңдерінде, ел үшін қиын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғы, екі мыңыншы жылдардың басында сол азаматтар бас қаланың өркендеуі үшін барын салды. Сарыарқа ауданында 4 жыл, Алматы ауданында 6 жыл әкім болғанымда қалалық мәслихаттың қолдауының арқасында абыройлы жұмыс атқардық деп ойлаймын.

Қазір көптеген өзгерістер болып жатыр. Бұл – уақыт талабы. Уақыт деген зымырап өтуде, кешегі күннің табыстары бүгінгі күні жарамайды, кешегі күннің механизмдері бүгін ескірді. Соған сәйкес мәслихаттың алдында да үлкен жұмыс тұр. 30 жылда жиналған тәжірибені ескеріп, соған бүгінгі мәслихат депутаттары, жаңа буын қол жеткізеді деп ойлаймын.

– Өзіңіз қалалық мәслихат депутаты кезінде қандай мәселелерді көтердіңіз, қандай проблемалардың шешілуіне атсалыстыңыз?

– Ең басты мәселе – халықтың тұрмыс-тіршілігі ғой. Тұрғын үйлердің жылумен қамтамасыз етілуі – инженерлік желілердің үздіксіз жұмысы. Осының бәріне инвестиция бөлу керек. Қалалық мәслихат депутаты болғанымда Оңтүстік-шығыс секілді шағын аудандарда, қаланың шеткі аймақтарында көптеген жол салынды. Сол аймақтар саз-батпақ болып жатқан кездері инфрақұрылымы дұрысталды. Содан кейін тұрғын үйлердің реновациясы, қайта жөндеу, шатырын, қасбетін жөндеу қолға алынды. Әрине, ескірген инженерлік желілерді ауыстыру, абаттандыру жұмыс­тары да жүргізілді. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлдік, себебі бұл – ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Мұны дәл уақытында шешіп отырмаса болмайды. Әрине, сол кезде атқарылған жұмыстар бюджетке де, қаланың даму стратегиясына да байланысты болды.

– Мәжіліске депутат болып барғанда біраз мәселені, әсіресе Астананың дамуына қатысты проблемаларды көтердіңіз ғой. Парламенттің төменгі палатасындағы жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Екі ауданда әкім, елорда мәслихатының депутаты болдым. Кезінде өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару бойын­ша кандидаттық диссертация қорғадым. Мәжіліске барғанда жылдар бойы жинақталған сол тәжірибемді қолдандым. Төменгі палатада еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына көптеген өзгерістер, нақты айтқанда 1200-дей өзгеріс енгіздік. Мәжілісте қолға алған ең басты жұмысым осы болды, 4 жыл сонымен айналыстым. Тиісті жұмыс тобын басқардым. Сонда мемлекеттік органдармен бірігіп, үлкен жұмыс атқардық. Қазір бұл заң өте жақсы жұмыс істеп тұр деп ойлаймын.

– Бұл заңдағы басТы өзгеріс ПИК-тен МИБ-ке көшу емес пе?

– Кезінде ПИК мәртебесі заңда дұрыс жазылмаған. Аудан әкімі болғанымда осы проблемаға жолықтым. ПИК басшысын аудан әкімі де ауыстыра алмайтын, оған тұрғындардың да құзыреті жетпейтін. Бұрын осы ПИК-ке қатысты көптеген мәселе туындайтын. Мәжіліске барғанда осыны реттеуді өзіме міндет етіп қойдым. Сол кезде МИБ институтын енгіздік, заңда реттелмеген мәселелерді реттедік. Пәтерлер жекеменшік болған соң, тұрғын үйге қатысты халықтың өзін-өзі басқаратындай институт керек болды, сондықтан МИБ – мүлік иелері бірлестігі арқылы пәтерлерді тұрғындардың өзінің басқаруына бердік. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының авторларының бірі болып, Мәжілісте атқарған басты жұмысым – осы.

Бұған қоса, кәсіпкерлік, стандартизация, құрылыс ­салалары бойынша тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге атсалыстым. Жалпы 10 шақты заңнаманың жұмыс тобының басшысы болдым. Соған жылдар бойы жинаған тәжірибем, Астана қаласының әкімдігінде, қалалық ­мәслихатта жұмыс істегенімнің үлкен септігі тиді.

– Қазір де Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде бас қаланың дамуына атсалысып отырсыз. Елорда тұрғындары көбейген сайын жаңа міндеттер туындады. Осы жөнінде не айтасыз?

– Өткен жылы «Казахстанская правда» газетіне сұхбат бердім. Сонда әр қаланың мөлшері, деңгейі болатынын айтқанмын. Қазір елорданы жылумен қамту мәселесі шешіліп жатыр. Сумен қамту жағынан әлі мәселе бар, өйткені бір су қоймасына қарап отырмыз. Ал аймақта агломерацияны қосқанда 2 миллион халық тұрады. Кезінде Вячеслав су қоймасы салынғанда 300 мың тұрғынға есептелген. Сондықтан осы мәселені шешу керек.

Өзге елдердердің тәжірибесін қарап, салыстырамыз. Мысалы, АҚШ астанасы Вашингтонды алайық. Бұл қала тұрғындарының саны шектелген, яғни өспейді. Астана басқаруға, адамдардың тұруына ыңғайлы қала болып қалыптасты. Енді елдің басқа қалаларын дамыту керек. Қазір ХХІ ғасыр. Кеңес заманында шешілмей қалған бір мәселе бар, бұл – ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылықты жою. Бүгіндері технологиялар дамып жатқанда ауылдарға неге көңіл бөлмейміз, ауыл тұрғындарына неге жағдай жасамаймыз? Неге олар басына күн туғанда немесе денсаулығы сыр бергенде Астанаға ағылуы керек? Ауыл тұрғындарына жағдай жасалғанда тепе-теңдік орнайды, халық Астанаға, Алматыға, елдің басқа қалаларына ағылмайды. Бұл – кешенді, жүйелі түрде шешімін күткен мәселе.

Астанада алтыншы аудан құрылайын деп жатыр, бұл дегеніміз –  мегаполис. Ал осындай үлкен қаланы басқару оңай емес. Сондықтан алда үлкен міндеттер тұр. Бұл жерде құрылыс мәселелері, басқа да мәселелер бар. Тиісті жұмыста дамыту да, шектеу де болуы керек. Елорданы дамытуда осындай стратегия болуы қажет деп ойлаймын.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button